.Өткен ғасырдың басында Алматыдағы Орталық шіркеудің қасында «Қазақтар мен иттердің жүруіне тиым салынады» деген жазулар болды деседі. Мүмкін, рас та болар; патшалық Ресей өзінің отар елдерін, сол елдегі ұлттар мен ұлыстарды адам қатарына қоспағаны бәрімізге белгілі. Метрополияның сол саясатын сан түрлі сайқал тәсілдермен Кеңес өкіметі де жалғастырды. Кеңес өкіметі кезіндегі орыстандыру саясатының негізгі тәсілі — жасанды түрде орыс тіліне қажеттілік тудыру және жергілікті ұлттың тілін қоғамдық өмірден ығыстырып шығару болатын. «Орыс тілін білмесең – адам болмайсың!» деген тұжырымның қазақ даласына кең таралған кезеңі де осы уақыт еді.
Тәуелсіздік бізге жаңа елтаңба мен мемлекттік ту бергенімен, өкінішке орай, қазақ тілінің қолдану деңгейін көтере қоймады. Қазақ тілін біреуміз мойындасақ, енді біреуміз мойындамаймыз. Соны көріп отырған шетелдіктер, соңғы уақытта, қазақ тілін жылы жауып қойған сияқты.
90-жылдардың басында, Қазақ еліне көптеген халықаралық ұйымдар мен шетелдік қорлар келіп, біздерге – үкіметтік емес ұйымдарға – демократия құрылымдарын, адам құқықтарын, ашық қоғамның шарттарын үйрете бастады. Сол уақытта олардың барлық семинарлары мен тренингтері тек қана орыс не ағылшын тілінде өтетін. Әсіресе бұл жағдай гранттық конкурстар кезінде, талай қазақ тілді ұйымдардың шетқақпай болып, ысырылып қалуына себепші болатын. (Меніңше, қазақ тілді үкіметтік емес ұйымдардың орыс тілді ұйымдарға қарағанда аз болуы, қазақ тілді азаматтық қоғамның дамымай қалуының басты себебі де осында). Бұл мәселені мен де бірнеше мәртебе көтеріп, халықаралық қорлардың басшыларымен қатты сөзге де бардым. Осы келеңсіз жағдайды шешу мақсатында 1996 жылы «Демократияны оқытып үйрету және тарату» Орталығыен құрып, қазақ тілінде семинарлар жүргізіп, оқытушылар дайындай бастадым. Ұмытпасам, 1997 жылдары ғана «Сорос-Қазақстан», «Евразия», «Каунтерпарт – Консорциум» сияқты қорлар конкурсқа қазақ тіліндегі жобаларды қабылдай бастады. Ең қызығы, алғашқы жылдары сол жобаларға сараптама жасау, баға беру, орын үлестіру де менің еншімде болатын…Біздің Орталықтың мүшелері шет елдердегі сан түрлі тренингтерден өтіп, республиканың батыс, оңтүстік өңірлерінде жүздеген семинар-тренингтер өткізді.
Содан бері 20 жылдай уақыт өтіпті. Алайда халықаралық қорлардың қазақ тілін менсінбеушілік көзқарасы әлі күнге дейін өзгермеген сияқты. Кеше ғана менің поштама түскен мына бір хабарламаны көріп, жағамды ұстадым.
«Фонд Евразия Центральной Азии и Экспертный Центр НПО при Almaty Management University объявляют отбор приглашенной заявки на закупку услуг по проведению тренинга на тему «Роль волонтерской деятельности в НПО секторе» для представителей НПО, в рамках проекта «Инициатива по развитию потенциала экспертов в сфере НПО», финансируемого компанией Шеврон. Язык проведения: Русский.
ФЕЦА и Экспертный Центр НПО Almaty Management University в партнерстве с Компанией Шеврон в Казахстане запустили проект «Инициатива по развитию потенциала экспертов в сфере НПО Казахстана» для улучшения организационного и институционального развития НПО и повышения профессионализма представителей НПО сектора. Ожидания от деятельности проекта — это улучшение качества предоставляемых услуг региональными НПО для местного населения, что повлечет за собой улучшение качества их жизни».
Егер бұл бағдарлама тек орыс тілді азаматтарға арналса (орыс тілінің мәселесіне немесе орыс мәдениеті мен әдебиетіне арналған іс-шаралар), қазақ тілді қауымды ысырып тастауын түсінуге болар еді. Ал бағдарламаның қойып отырған «Үкіметтік емес ұйымдардың құрылымдық дамуын жақсарту және олардың өкілдерінің біліктілігін көтеру» мәселесі — қазақ тілді ҮЕҰ-ға, республиканың қазақ тілді қауымына қатысы жоқ деп ешкім де айта апмайтын болар. Бағдарламадан күтілетін – «Аймақтық ҮЕҰ-дың жергілікті халыққа көрсететін қызметінің сапасын көтеру» де – сандық жағынан да, сапалық жағынна да екінші орында тұрған қазақ тілді ұйымдарға аса керек мәселе. Сондықтан «Шевронның» бұл қызметтерді тек қана орыс тілді ұйымдарға көрсетпек болғаны маған мүлдем түсініксіз…
Біреулер «тренингтің тек қана орыс тілінде жүргізілуін» талап етіп отырған Евразия қоры мен Алматы Менеджмент Университеті болар деп ойлауы мүмкін. Өз басым бұған сенгім келмейді. Бұл екі Орталық та талай қазақ тіліндегі семинар-тренингтерді өткізген құрылымдар. Ал Алматы Менежмент Университетінің ҮЕҰ Сараптамалық Орталығын басқаратын Отарбаева Бақытнұрдың кезінде қазақ тілді жастардың сүйікті хабарына айналған «Азамат» тележобасын басқарғанын, қазақ тілді Пікірталас клубтарын ашып, оның республика көлеміне таралуға үлкен үлес қосқанын жақсы білемін. Екіншіден, қолдаушы жақтың – «Шеврон» компаниясының – өзіне алып келген жобаны жан-жақты қарап, екшелеп, оның неліктен орыс тілділерге ғана арналғанын сұрап, анықтап, содан соң ғана шешім қабылдайтыны анық. Білмеймін, мүмкін, 20 жылдан астам Қазақ жерінде жұмыс істеп келе жатқан белді компанияның қазақ тілді ҮЕҰ-ды ашықтан ашық кемсітушілігі – сол жердегі «қазақ тілін ұрғаным бар» дейтін қызметкерлерінің жымысқы қарсылығы болар.
Әлі есімде, 90-жылдары осы мәселеге қатысты шетелдік қорлар мен ұйымдардың басшыларымен «айқайласқанда»: «Қазақ тілділерге адам құқығын, демократиялық құрылымдарды, азаматтық қоғамды білудің қажеті жоқ деп санайсыз ба? Әлде тек орыс тілділер ғана демократияны түсіне алады деп ойлайсыздар ма? Сендердің ҮЕҰ-ды тек қана орыс тілінде оқытамыз дегендерің – қазақ тілділерді кемсітушіліктің (дискриминация) нағыз өзі емес пе?» деген сөздерді айтатынмын.
Меніңше, мемлекеттік тілдің абыройын көтеріп, оның қолдану деңгейін кеңейту – бәріміздің қасиетті борышымыз. Бүгінгі «Шеврон» компаниясының жасап отырған бассыздығына, бірінші кезекте, Қазақстанның үкіметі тосқауыл қоюы шарт. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмаған жағдайда ертең қазақтарға қытай тілінде де, араб тілінде де «семинар жасаушылардың» көбейетіні анық.
Дос Көшім
Қоғам қайраткері
Abai.kz