Өмірінің ширек бөлігін шоқантануға арнаған Әлкей Марғұландай марқасқа ғалымның бұл саладағы соқпағы неге жалғасын таппай қалды? Әлде Шоқан туралы шынайы сөз толығымен айтылып болды ма?..
Соңғы уақыттары Шоқан туралы қоғамда тосын пікірлер мен тұжырымдарға жол беріліп жүр. Соның бірі «Шоқан Уәлиханов исламның, ашығын айтқанда, жалпы исламдандырудың ымырасыз қарсыласы болған. Оның бұл дінге көзқарасы Лев Толстойдың православиеге деген қарым-қатынасына ұқсас» (Тәңірберген Бердоңғаров, «Духовный вызов Чокана Валиханова») дегенге саяды. Енді бір мезетте бұл пікірдің әдеби кейіпкерлер аузымен де айтылғанын байқаймыз. Мысалы:
«Шоқан Уәлиханов па, әлде Ыбырай Алтынсарин ба, есімде жоқ, әйтеуір, солардың біреуі айтқан екен:«маған қазақтың қараңғы құдайынан гөрі орыстың көзі ашық құдайы артық» деп. Вот, міне, нағыз данышпандық!» деп әйелі сұқ саусағын көтерді.
– Ыбырай ондай сөзді айтса, «Бір Аллаға сиынып, кел, балалар, оқылық!» деп өлең жазбас еді ғой.
– Онда Чокан Валиханович айтқан болар. Мен саған басында сказал, кімнің айтқаны есімде жоқ деп. Дело не в этом. Дело в том, что осындай сөздің айтылғанында. Кімнің аузымен болса да. Және де осы сөздің ақиқаттығында».(«Саналы сатқын», Дархан Бейсенбекұлы).
Сонымен қатар баспасөз беттерінде соңғы кездері жарияланып жүрген мақалалардан Шоқанның офицерлік қызметіне, орыс достарымен қарым-қатынасына, тіпті өліміне қатысты да бірқатар түйінді мәселелердің шеті қылтиятыны рас. Осы жайттар жөнінде ойлана келе, біз көрнекті ғалымдар мен зиялы азаматтар пікірін жариялағанды жөн көрдік.
Тұрсын ҒАБИТОВ, философия ғылымының докторы, профессор:
Ол әр уақытта бірінші орынға қазақты қойған
Қазіргі Қазақстанның рухани әлемінде жиі талқыланатын нәрсе – Шоқан Уәлихановтың сенім-нанымы, әсіресе, ислам дініне көзқарасы. Бұл туралы баспасөз беттерінде, ғылыми әдебиеттерде бір-біріне кереғар пікірлер айтылады. Мысалы, Мұстафа Бұлұтай және менің пікірімше, вахаббистік ұстанымдағы діндарлар Шоқан Уәлиханов жөнінде «жалпы дінге қарсы, орыс офицері, исламды қудалауды жақтаған ғалым» деген пікір айтады. Екінші, кеңестік ойлау жүйесі негізінде тәрбиеленгендер Шоқан Уәлихановқа атеист, яғни еркін ойлаудың, дінді бекерге шығарудың өкілі ретінде қарайды. Басқа болжамдар қарама-қарсы осы екі пікірдің айналасында тоғысады.
Мен өзім Шоқан Уәлиханов еңбектерімен көп айналыстым. «Қазақ халқының философиялық мұрасының» 10-томы, негізінен, Шоқан Уәлихановтың көзқарастарына арналған. Шоқанның дінге қатынасы, мысалы, «Сахарадағы мұсылмандық туралы», «Тәңірі Құдай», «Қазақтардағы шамандықтың белгілері» т.б. сүйенер болсақ, мынадай пікір айтуға болады: біріншіден, Шоқан Уәлиханов – отызға толмай жатып бұл дүниеден өтіп кеткен жас адам. Сондықтан да ол дін туралы классикалық пікірлерге бармаған.
Екіншіден, менің ойымша, Шоқан Уәлихановтың дінге көзқарасы қазақ халқының мүдделерінен, рухани мәдениетінен туындайды. Ол бірде-бір еңбегінде исламнан бас тартып, христиандықты қолдауға шақырған жоқ. Керісінше, «Жоңғария очерктері» сияқты бірқатар шығармаларында «Сібір түркі халықтарының христиандықты қабылдауы олардың рухани азғындауына әкелді» деген пікір айтады. Яғни бұл кезеңнің де теріс жақтарын көре білген. Жалпы алғанда, Шоқан Уәлиханов еш жерде атеистік пікір айтпаған. Халықтың дәстүрлі сенім-нанымдарын саралай келіп, тәңіршілдік, шамандық туралы айтқанын түсінбеген жұрт «Шоқан тәңіршілдікті қолдады» деп шатасады. Бұл – өте қате түсінік, ғалым еңбектерін жете білмегендік. Мысалы, Шоқан өзінің «Қазақтағы шамандықтың белгілері» деген еңбегінде: «Бақсылық, бір жағынан алғанда, сиқырға, алдауға негізделген. Бақсылардың ішінде шынайы, нағыз бақсылар кездескенімен, кейде шарлатандар да болады», – дейді. Яғни ол дінді нақтылы қарастырады. Біз коммунистік рухта тәрбиеленгендіктен, кез келген нәрсені міндетті түрде қарама-қарсы қоюға тырысамыз.
Шоқан өзінің бір еңбектерінде: «Мен әр уақытта бірінші орынға қазақты қоямын, екінші кезекте Ресейге жаным ашиды, үшінші кезекте адамзаттың мүддесін қорғаймын», – деген сыңайлас пікір айтқан. Былайша айтқанда, Шоқан – ең әуелі, өз ұлтының патриоты. Дінге байланысты пікірлерінде оның қазақ халқын ағартуға, мәдениетіне игі ықпал етуге тырысқаны аңғарылады.
Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ,тарих ғылымының докторы, профессор:
Бізде шоқантанудың тікелей соңында жүрген адам жоқ
Негізі, Шоқанның ислам діні, молдалар туралы айтқандары жақсы нәрсе емес екені рас. Мен бұл жердегі әңгіме шала ислам, шала молдалар туралы болуы керек деп ойлаймын. Ғалымның ислам жөніндегі көзқарасы әлі де зерттелуі, тексерілуі тиіс. Бізде оның көптеген еңбегінің түпнұсқасы жоқ, тек көшірмесі бар. Бұл ретте, империя идеологтері мен христиан миссионерлері Шоқанның қолжазбаларына өз мүдделеріне орай түзетулер енгізіп, басқа ой-пікірлерді қосып жіберуі мүмкін. Мысалы, деректануда текстологиялық зерттеу деген болады. Осы тұрғыдан алғанда, ол Шоқанның қолы ма, Шоқанның қолы емес пе – бұл жағы әлі зерттелмей жүр. Бір жазбаларға қарағанда, Потанин сияқты достарының: «Орыстың қызына неге үйленіп алмайсың?» деген сөзіне орай, Шоқан: «Мен өз халқыма қызмет етуге тиіспін. Ол үшін мұсылман боп қалуым керек», – деген көрінеді. Соған қарағанда, оның бұл орайдағы көзқарасы қайшылықты сияқты.
Жалпы, Шоқанның басты тұжырымы «халықты ағарту керек, батыс мәдениетіне қарай жетелеу керек, қазақ ғылым-білімге жетуі тиіс. Артта қалушылығының себебі – халықтың оқымағандығында» дегенге саяды және осы орайда исламға «ағарту ісіне кедергі келтіреді» деп қарайды. Бұл жерде ол таза дінге емес, үстем таптың сойылын соғып, сөзін сөйлеп жүрген дін өкілдеріне наразы болған тәрізді. Өйткені қазақ даласында отарлық үстемдікті орнатуда патша өкіметінің хан, сұлтандармен қатар, қожа, молдаларға да арқа сүйегені белгілі. Осыдан барып Шоқанды «атеист», «орысшыл» деп айыптауға жол берілген.
Шоқанды «орысшыл» дегеннің өзі де – жаңсақ айтылған сөз. Шындығында, өмірінің соңына қарай ол неғұрлым батысқа мойын бұрған. Жастайынан француз, ағылшын әдебиетін оқыған Шоқанның орысшылдық деңгейде қалып қоюы мүмкін емес еді. Ал «Қазақтың болашағы Ресеймен байланысты» дегенде, ол барлаушы ретінде сөйлейді. Олай демесе, қызметінде қалуы неғайбыл болатын. Мұны бір Шоқан емес, сол кездегі барлық ғалым айтуға мәжбүр болған. Себебі мейлі қазақтың, мейлі басқаның болсын, Ресейдің ықпалынан шығып кеткенін отарлаушы топ қаламаған.
Жалпы, Шоқанды «шоқынған» деушілер оның Ресейге қызмет еткенін, барлаушылық жұмыста болғанын айтады деп ойлаймын. Бірақ бәрібір ол ең бірінші кезекке ұлтының мүддесін қойған. Сол себепті Шоқан ақырында Черняев жасағынан да кетеді. Әскери адам ретінде бұл әрекеті үшін ол, негізі, сотталуы керек болатын. Бірақ бұрынғы еңбектері ескерілгендіктен болар, соңына түсіп, қудалаған ешкім болмайды.
Сол сияқты Ы.Алтынсаринді де «шоқынған» деп айтады. Мен осы туралы Қазаннан деректер іздестіріп көріп едім, ештеңе таба алмадым. Бірақ кейбір деректер соған меңзейді. Мысалы, сол кезде шоқынған адамдар басқа діндегі немесе өзінің бұрынғы дініндегі адамға үйлену үшін арнайы рұқсат алатын болған. Ыбырайдың сондай өтініш жазып сұрауына қарағанда шоқынған сияқты. Бұл Ильминскийдің жазбаларында кездеседі. Бірақ Ыбырайдың кейіннен одан бас тартып, өлерінің алдында жаназасын мұсылман дәстүрімен, онда да 99 молдаға шығарту туралы өсиет айтқаны бар.
Негізі, Шоқан – өте күрделі тұлға. Оған нүкте қою әлі ерте. Өкінішке қарай, бізде шоқантанудың тікелей соңында жүрген адам жоқ. Дегенмен Шығыстану институты алдағы 180 жылдығына орай Шоқанның түпнұсқа еңбектерін шығару жөнінде тиісті мекемелермен келіссөздер жүргізіп жатыр. Ал соңғы шыққан 6 томдық 1985 жылғы нұсқадан аударылған. Бірақ ол нұсқаның өзі кезінде күлдібадамдау болып шыққан болатын.
Едіге УӘЛИХАНОВ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жаңа замандағы Қазақстан тарихы бөлімінің бөлім меңгерушісі, тарих ғылымының кандидаты:
Оның деңгейі тыңшылықтан әлдеқайда жоғары болды
Кеңес заманында Шоқан Уәлиханов туралы «дінге қарсы болған» деген мәселе үнемі қойылып тұрған. Бірақ Шоқан ақ патшаға қызмет еткен ресми дінді әшкерелеген. Оның себебі де бар. 1785 жылдан бастап Ресей империясында православиеден басқа діндерге жеңілдіктер берілген еді. Бірақ, негізінде, ол жеңілдік емес, сол діндерді патша өкіметіне бағындыру, соның мүддесіне қызмет етуге мәжбүрлеу болатын. Соған байланысты арнайы рухани басқарма жасақталып, сол басқарма қазақ даласына ылғи да ресми молдаларды жіберіп тұрған. Мұны қазақтарды шеттету, бодандықтан шығармау есебінде түсінген Шоқан сол ресми дінге қарсы болған. Бірақ өзін мұсылман деп есептеген.
Ресми молдалар діннің атын жамылып, қазақ елінің дәстүрлі наным-сеніміне қарсы шыққан. Мысалы, біз аруақтарға да сенеміз, дінді де қабылдаймыз. Ал ресми ислам бойынша аруақтарға сенуге болмайды. Сол себепті де Шоқан қазақтың ежелден ұстанып келе жатқан дәстүрлі ислам дінін жақтаған. Оны «миссионер» ретінде қабылдауға болмайды. Жұртты жаппай шоқындыруға тырысу әрекеттері I орыс революциясынан кейін орын ала бастады. Ал XIX ғасырда христиан дініне жұртты күштеп кіргізу әрекеті жасалған жоқ. «Өз еркімен кірсе, кіреді, кірмесе, қажеті жоқ» деген.
Бүгінде Шоқанның ғылыми қызметіне тыңшылық есебінде қарайтын да көзқарас бар. Бірақ ол ешқандай да тыңшылық емес. Білімі, офицерлік шені бар Шоқан Құлжада дипломатиялық та қызмет атқарған. Қашқарияға сапарында да оның деңгейі тыңшылықтан әлдеқайда жоғары болды. Сонымен бірге офицерлік қызметін де атқарды. Ондай жағдай көп адамның басында бар. Мысалы, Абай да болыс болды. Соған қарап оны «патша өкіметін жақтады, соған қызмет етті» дейміз бе? Шын мәнісінде, Шоқан Ресейдің басқыншылық саясатымен келіскен жоқ. Черняев әскерінен, жалпы, әскери қызметтен кеткені де – сол. Бірақ ресми құжаттарда «денсаулығы болмағандықтан кетті» делінеді. Ол да рас. Алайда негізгі себебі одан әріде жатыр. Әйтпесе Шоқанды патша өзі қабылдады, Петербург қауымының оған деген көзқарасы ерекше болды. Бірақ отарлаушы жүйенің қазақ халқына деген қатынасы өзгерген жоқ, ешқандай жеңілдік болмады. Демократиялық көзқарастағы Шоқан мұны патшаның өзіне де, басқа бейресми комиссияларға да ашық айта білді. Озбыр топ онысын, әрине, жақтыра қойған жоқ.
Нағима БӘЙТЕНОВА, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғылым философиясы және дінтану кафедрасының меңгерушісі, профессор:
Дүмше молдаларды сынға алды
Шоқан туралы пікір айтқанда, оның жастығын ескеруіміз керек. Мысалы, ол дін мәселесіне таза исламилық тұрғыдан емес, адами тұрғыда келді. Былайынша, исламға қарсы келген жоқ. Исламдағы дүмше молдаларды, олардың діни білімінің таяздығын, халықтың қараңғылығын сынға алды. Бұл «исламды қабылдамады» деген сөз емес. Жалпы, Шоқан Уәлиханов – қазақ жерінің географиялық тарихи атауларының бәрін қалпына келтіріп, қағаз бетіне түсіріп, ресми нақтылап кеткен адам. Сондықтан ғалым жайындағы әңгіме «Ол қазақ халқы үшін қандай еңбек сіңірді, не істеді?» деген төңіректе айтылуы қажет.
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
Алтынемелдегі зиратта Шоқан жатпаған болуы мүмкін…
Шоқанның діни көзқарасы туралы нақты ештеңе жоқ. Біреу олай дейді, біреу былай дейді. Шын мәнінде, Шоқан орыс оқуына бала жасынан кіріп, орыстармен ерте араласты. Негізі, аты Мұхаммед-Қанафия бола тұра, ағайын-туыстарының өзі «бұл орысқа шоқынып кетті» деп, атын Шоқан деп кетті. Сол атымен тарихта қалды. Бірақ солай екен деп, оны «расымен де, шоқынған екен ғой» деудің қажеті жоқ. Бұрындары қазақ орыспен араласқан адамның кез келгенін «шоқынып кетті» дейтін. Әлібек Жангелдинді де солай деп айтады. Бірақ ол мұсылман болған, Құран оқымай тамақ ішпеген.
Шоқан туралы Потаниннің: «Бұл Шоқанға мен таңғаламын. Петербургке барса, тап-таза еуропалық, ал мұнда келсе, тап-таза шығыс адамы, нағыз қазақ болып шыға келеді», – деп жазғаны бар. Шынымен де, қанша жерден алыпқашты әңгіме айтылса да, өмірінің соңына таман Тезек төренің ауылында болған Шоқан мұсылмандықты қалай ұстанатынын, Құдайын ұмытпағанын баршаға дәлелдеп кеткен.
Патша өкіметінің «бұратана» халықтарға деген пиғылының арамдығын Шоқан 13-14 жасында-ақ сезе бастаған. Өйткені әскери стратегиялық сабақтарға оны қатыстырмаған. Мен өзім соңғы кезде «жалпы, Шоқанның өмірін қайта қарау керек» деген пікірде жүрмін. Себебі ол Достоевский, Чернышевский сияқты орыстың ұлы адамдарымен араласып, оларды жанына жақын тұтып келді. Черняевпен бірге оқыды, дос болды. Кейіннен Черняев табан астында генерал, әскербасы болып кетті, Ташкентті басып алды, Әулиеатаны, Жетісу аймағын басып алу миссиясы соған бекітілді. Черняевтің Жетісуға бет алғанын естіген Шоқан одан «Қандай мақсатпен келе жатырсың?» деп сұраған. Черняев болса: «Кітапханалар, мектептер ашамын, бәрін салдырамын, сөйтіп, қазақ халқының көзін ашамын», – деген. Шоқан оған қуанып, Әулиеатадан күтіп алған. Сонда қараса, арбаларға беттері жабылған бірдеңелер тиелген екен. Ашып қараса, ешқандай да кітап емес, зеңбіректер болып шыққан. Жүрегі зырқ ете қалып, «Мұның не?» десе, Черняев: «Көнбегендерді осы зеңбірекпен көндіреміз», – деген. Міне, содан бастап екеуі кетісе бастаған.
Черняевтің Әулиеатадағы мешітті атқылауы Шоқанды одан әрі шошындырған. Сол кезде барып бұлардың қазаққа ешқандай да дос емес екенін анық түсінген. Өкпелеп кетіп бара жатқан кезінде, Черняев артынан аттырған. Мен кезінде Әнуар Әлімжановпен жақсы араласқан едім. Ол: «Содан Шоқанның өкпесінде оқ қалған. Сол оқ ақыры ажал оғы болды. Әйтпесе ол – аға сұлтанның баласы, ештеңеден таршылық көрмеген адам», – дейтін. Расымен де, өкпе ауруы деген – жоқшылықтан, тапшылықтан туындайтын әлеуметтік ауру. Ал Шоқан тоқшылықта өмір сүрген, ішкені – қымыз, жегені – қазы-қарта, Петербургке де ақшасын қалтасына басып барған. Сондықтан оның өкпе ауруына шалдығуы мүмкін емес.
Бірақ өкпесінде оқ болғанын бәрі жасырып келген, немен ауыратынын нағашысы Тезек төреге өзі де айтпай кеткен. Өлген кезінде Жетісуды билеген генерал Колпаковскийлер бас боп барып, бір түннің ішінде апай-топай жерлеп, басына тақта қойып кеткен. «Осындай асығыстықтың артында да үлкен бір құпия жатыр. Шоқанның өмірін қайта жазу керек», – деп Әнуар марқұм айтып жүретін. «Шоқанның трагедиясы неде?» деген – үлкен мәселе. Егер тек қана «аурудан өлді» дейтін болсақ, ол – табиғи нәрсе. Қайғылысы – қайғылы, бірақ ұлттық трагедияға көтеріле алмайды. Ал мынадай өлім – ұлттық трагедия. Осы орайдағы екінші бір жорамал «Алтынемелдегі зиратта Шоқан жатқан жоқ, басқа адам жатыр» дегенге саяды. Себебі әбден ескіргенше оны қарауыл қарап тұрған. Яғни «біреулер қаза ма, тексере ме» деп сақтанса керек. Әбден бертінде сол молада жатқан адамның киіммен, әскери мундирде жерленгені белгілі болған. Егер мәйіт Шоқандікі болса және ол мұсылмандық жолмен қойылса, неге ол киіммен жерленуі керек?!
Осы орайда, мен Әнуар Әлімжановтан Шоқанға қатысты қызық дерек естіген едім. Кезінде Әнекең қазақтан тұңғыш рет Америкаға барып, әл-Фараби жайлы екі ай дәріс оқып келген. Сонда бір әңгімелескенімізде: «Сол кездегі архивтерден әл-Фараби жайлы деректер іздеп отырып, 1875 жылғы газеттен Шоқанның өлімі жайлы қазанама кезіктірдім», – деді. Ал Шоқан, біздіңше, 1865 жылы қайтыс болған. Әлгі қазанамада «Жақында Орыс география қоғамының мүшесі, әйгілі саяхатшы, орыс офицері Шоқан Уәлиханов қайтыс болды» деп беріліпті. Әнекең: «Бір жыл кешігіп берілсе, жарайды, ал қалайша бұл он жылдан кейін жарияланады, соған мен қатты таңғалдым», – дейді. Ол өзі тарихты жаны сүйетін, сондай білімді, ізденімпаз азамат еді. Сөйтіп, Америкадан келген бойда Шоқанды зерттей бастаған ғой.
«Сондағы анықтағаным, бұлардың мәйітті киіммен көміп, молаға қарауыл қойғаны тегін емес. Бұлар Шоқанды Жоңғарияға екінші мәрте жіберген. Ондай сауатты, патша өкіметінің ұлтына қарсы жымысқы саясатын білетін, орыстың талай әскери құпиясынан хабардар адамның қазақ ортасында жүре бергені орысқа тиімсіз болған. Ал ана жақтан тірі қайтпайтынын білген. Сол үшін де қайта жұмсаған. «Шоқан ол жақта үйленген, тіпті қызы да бар, сонда қайтыс болған» деген әңгіме естідім. Енді осыны зерттеймін», – деп жүретін. Ал әлгі газет – не газет, оны алып келді ме, келмеді ме – ол жағын сұрамаппын. Бірақ мен білетін Әнекең тарихи деректерге, құжаттарға өте мұқият қарайтын, тым болмаса, көшірмесін алып келген болуы тиіс. Бірақ Әнекеңнің архивінде ол сақталды ма, сақталмады ма – оны да білмеймін. Қалай болғанда да ол кісінің жұрт естімеген, білмеген осындай бір жорамалы бар болатын. Бұл да – Шоқанға байланысты тарихтың құпия беттерінің бірі.
ТҮЙІН
…Ой-пікірлер ағысын саралай келе айтарымыз – шоқантанудың ғалымның ғылыми еңбектерінен бастап, өмір жолына, жеке тұлғасына қатысты жаңаша көзқараста, соны сипатта серпін алатын уақыт әлдеқашан жетті. Шоқан бабамыздың тұлғасы да, тағдыры да жұмбаққа толы. Халық жазушысы Төлен Әбдіковтің сөзіне сүйенсек, Қазақстан ғалымдары КСРО заманында Шоқан денесіне эксгумация жасау жөнінде рұқсат сұрап, Мәскеуге хат жолдаған. Бірақ үзілді-кесілді қарсылыққа тап болған. Осының өзі-ақ ұлы этнограф, көрнекті ағартушы, халқымыздың біртуар перзенті Шоқан өлімінің өзінде үлкен құпия жатқанын айғақтап тұрған жоқ па?.. Бірақ біздегі ғылыми орта мен зиялы қауым атаулы осыдан кейін де үнсіз қалып жатса, таңғалмаңыз. Ежелден-ақ солай болған, мүмкін, солай бола да береді…
Толығырақ: http://alashainasy.kz/kazak_tarihy/shokan-old-degennen-keyn-de-10-jyil-tr-bolgan-58426/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі