АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

«Шошқаға бөлініп жатқан, басқаға бөлініп жатқан қаражат қымызға келгенде қысырап тұр»

Осы аптада халық қалаулылары «Қымыз туралы арнайы заң қабылдау қажет» деген уәж айтты. Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағытталған бұл ұсынысқа әркім әртүрлі пікір білдіруде. Шын мәнінде мұндай жағымды жаңалықты қазақ жерінде жасап жатқан әрбір адам қуана қабыладауға тиісті. Парламент депутаттары Алдан Сымайыл мен Дәриға Назарбаева келтірген нақты мысалдар ешкімді де бейжай қалдырмаса керек. Біз осы мәселе турасында бірнеше жылдан бері қымыз өндірісімен айналысып жүрген «Саржайлау» қымыз орталығының директоры Ахметбек Нұрсиламен пікірлескен едік.

Ахметбек Нұрсила, «Саржайлау» қымыз орталығының директоры:

Шошқаға бөлініп жатқан, басқаға бөлініп жатқан қаражат қымызға келгенде қысырап тұр

Біз «Қымыз туралы арнайы заң қабылдаймыз ба, жоқ па?» деп жүргенімізде,  қасиетті сусынымызды өзге жұрт атасының асына балап үлгерді.  Тіпті, Ресейдің Якутия аймағында арнайы заң қабылданып, қымыз өндірісі күн санап өркендеп келеді. Орыс елінде «туберкулезді» қымызбен емдейтін 40-тан астам санаторий бар. Ал Германияда  арнайы мамандандырылған, қымыз өндіретін 50 ферма жұмыс жасайды. Мұндай мысалдар өте көп.

Жасыратыны жоқ, қымыз өндірісі өте қиын шаруа. Оны айналысқан адам біледі. Жылқы 24 сағат шөп жейді. 12 сағат сауу керексің. Оны жинау, өңдеу, бөтелкеге құю, сатылымға шығару көп күшті қажет етеді. Жылқы баласы бір сауғанда бір-ақ шыны сүт береді. Өйткені ол қасиетті сусын. Қазақша айтсақ, алтынға барабар. Мысалы, «Пепси», «Кола» дегендерді темір десек, қымыз — алтын. Оған дау жоқ. Сондықтан өкіметтің көмегінсіз жылқы шаруашылығын дамытып, қымыз өндірісін өркендету мүмкін емес. Осыған дейін қаншама адам қымыз өндірумен айналысты. Бұл күнде бәрі де негізінен банкрот болды. Соның салдарынан бабамыздың сусыны ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетіп жатыр. Айталық, мен Қазақстандағы жалғыз қымыз өндірушімін. Мемлкеттің айтқанына сенсең, қымыз өндірісіне миллиардтап қаржы бөліп жатқан көрінеді. Егер, расында сонша мол қаржы бөлініп жатса, мен қайда қарап жүрмін? Тиісті адамдардан сұрасам, қаржыны жылқысы барларға береміз дейді.  Ал олар қымызды өңдеп, бөтелкеге құйып базарға шығарып жатқан жоқ қой. «Аспаннан бұлғары жауса, құлға оқшантай да тимейді». Мен қазір тек басқа бизнестерімнің арқасында ғана қымыз өндірісін жүргізіп отырмын. Былайша айтқанда, маған ешқандай пайда әкеліп жатқан жоқ.

Ал егер «Қымыз туралы» арнайы заң қабылданса, ең алдымен қымыз өндірушілерге мемлекет тарапынан субсидия бөлуді қарастырған жөн. Сондай-ақ, бала бақша, мектептен бастап, жас ұрпақты өзінің ұлттық сусынымен азықтандыруды мықтап қолға алған дұрыс. Ал спортшыларымызға ұсынылатын тағамдар қатарында міндетті түрде «қымыз» тұруы керек. Ресей жұрты әлдеқашан өз спортшыларының қымызды пайдалануына барынша мүмкіндік жасаған. Себебі зат алмасуды қалпына келтіретін бірден бір табиғи тағам — қымыз. Сондықтан уақыт сынынан өткен мұндай шипалы сусынды емдеу-сауықтыру орталықтары, медициналық мекемелер тиімді пайдаланғаны жөн.

Черчилльдің тұсында Англия мемлекеті мектеп оқушыларына әр күні бір кесе сүт ішуді міндеттеген. Соның арқасында ағылшын жұртының ауыл-шаруашылығы өркендеп, халықтың денсаулық сапасы көтерілген. Мысалы, біздің әскерлерімізге «Кампот-мампоттың» орнына күніне 2 стақаннан қымыз беретін болса, онда біріншіден, олардың денсаулығы мықты болар еді, екіншіден, ата-бабасының сусынын ішкен азамат ретінде әскерилердің патриоттық сезімі артатын еді, үшіншіден, ел экономикасының көтерілуіне, ауыл-шаруашылығының өркендеуіне бұл да бір сеп болар еді.

Жер бетінде кез келген өркениет қымыздың орынын басатын сусын ойлап таба алмаған. 5500 жылдық тарихы бар ұлттық сусынымызға таңғалмайтын ғалымдар кемде кем.

Өкінерлігі сол, шошқаға бөлініп жатқан, басқаға бөлініп жатқан қаражат қымызға келгенде қысырап тұр. Саржайлау атанған жеріміз «Сыражайлауға» айналды. Бұл қазақ халқының соры, трагедиясы. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, бір мемлекеттегі сыраны тұтыну мөлшері адам басына 16 литрден айналса, онда ол халықтың көбею қуаты төмендеген болып есептеледі. Бұл көрсеткіш Қазақстанда адам басына 31 литрден тура келеді. Ары қарай өзіңіз ойлай беріңіз…

Бастысы, қымыз өндірісін дамытуға мемлекет тарапынан қолдау керек екендігі бірнеше жылдан бері айтылып та, жазылып та келе жатыр. Құлақ асқан пенде жоқ. Енді бұл мәселені халық қалаулылары көтеріп жатса, онда тиісті шаралар қолға алынар деп ойлаймыз. Сондықтан «Қымыз туралы» заң қабылдауды бір сәт те кейінге қалдыруға болмайды.

Masa.kz