Украинаның тағдыр қыл үстінде тұр. Қырымды уысынан шығарып алған мемлекет енді шығысындағы бірқатар қалалардан айрылып қалуы мүмкін. Донецк облысының әкімшілігін басып алған саяси күштер аймақты «Донецк халықтық республикасы» деп жариялап та үлгерді. Харьков, Луганскі, Мариуполь қалаларында да осы сценарий қайталанып жатыр? Украин билігі шығыстағы бейберекетсіздікке тікелей Ресейді кінәласа, ресми Мәскеу «біз судан таза, сүттен ақпыз» деуден танар емес. Мұны соңы неге апарады? Украинаның ертеңі не болмақ? «Алаш айнасының» ой таразысына салып көрсек.
АҚШ көзқарасы…
«Украинаның шығысындағы саяси қақтығыстар ешқандай сыртқы күштердің әсерінсіз өздігінен болып жатыр» деген пікір қаншалықты негізді?
Бүгін АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров телефон арқылы сөйлесіп, Украинаданың тағдырын талқылады. Осы әңгіме барысында Джон Керри АҚШ-тың Харьков, Луганск, Донецк және Мариупольдегі соңғы бір тәуліктегі жағдайларды алаңдаушылықпен бақылап отырғанын айтқан. Керри өз сөзінде: «Украинаның шығысындағы жағдаяттар өздігінен пайда болып, дамығанға ұқсамайды» деп қадап айтты. Сондай-ақ, ол Украинада ұсталған Ресейдің арнайы барлау қызметі мамандарын мысалға келтіре отырып, «Мұның бәрі Ресейдің астыртын ұйымдастыруымен болып жатыр» деген ойды меңзей кеткен.
Бұл орайда Ресейдің арнайы қызметі дегенге баса назар аудару қажет секілді. Өйткені, осыдан 3-4 күн бұрын «Ресей мен Украинаның арасында астыртын соғыс болуы мүмкін бе?» (http://alashainasy.kz/sabaktar/50126/) деген мақала жазған болатынбыз. Онда «Ресейдің жеті аймағында диверсанттық әрекеттер жасамақ болды» деген күдікпен 25 украин азаматы ұсталғанын, мұның өзі арандату болып шығуы мүмкін екенін айтқан едік. Украина мемлекеттік қауіпсіздік қызметі де 6 сәуірде Луганск облысында «билікті құлатуға астыртын сөз байласты» деген күдікпен ресейшіл 15 адамды тұтқындаған-ды. Бұл – бір.
Украина көзқарасы…
Екіншіден, шерушілер (Донецк облыстық, Харьков қалалық әкімшілігін, Луганск қаласында Украина мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бөлімшесін басып алған болатын. Бүгін Украина ІІМ-і А.Аваков Харьков облысының әкімшілік ғимаратын азат еткендіктерін, 70-ке жуық сепаратист ұсталғанын мәлімдеді.) өздеріне күш көрсетілсе, аймаққа «уақытша бітімгершілік әскерін кіргізуді» сұрап, Ресей президенті Владимир Путинге өтініш білдірген. Ал керісінше Донбасс тұрғындары Украина билігіне өздерін қорғауды сұрап ашық хат жазған.
Үшіншіден, Украинаның уақытша басшысы Александр Турчинов пен ішкі істер министрі Арсен Аваков бүгінгі жағдайға Ресей президенті Владимир Путин мен Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичті кінәлап отыр. Олар «Қырым сценарийінің екінші толқыны басталды» деген пікірде.
Ресей көзқарасы…
Украина ІІМ басшысы Арсен Аваков Донецкі мен Луганскі облыстарындағы халықтық шеруді басуға үш әскери бөлімшенің және Украинаның «Сокол» арнайы бөлімінің киімін киген Blackwater жалдамалыларының жіберілгенін растап отыр. Ресей Сыртқы істер министрлігі «бұл әскер құрамында «Сокол» арнай жасағының киімін киген «Правый сектор» радикал ұйымының жауынгерлері мен Greystone американдық жеке әскери ұйымның (150 әскери) мамандары да бар» деп айыптап отыр. Сондай-ақ Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров ресми түрде: «Украинадағы бүгінгі шиеленіскен ахуалға Ресейді кінәлауды тоқтату қажет» мәлімдеді.
Саясаткерлер не дейді?
Укриана президенттігіне үміткер Юлия Тимошенко Украинадағы ахуалды 1945 жылғы Ялта конференциясымен байланыстырып, аталмыш конференцияда Сталин, Уинстон Черчилл және Франклин Рузвельт үшеуі келіссөз жүргізіп, Еуропаны бөліп алғанын, Украинаның басына сол күн қайта туғанын тілге тиек етеді. Ал, Ресей президенті В.Путиннің бұрынғы кеңесшісі Сергей Илларионов болса, «бұл жағдайда Ресей Украинаның оңтүстік шығысына әскер кіргізуге мүдделі емес, ол тек сепаратистердің көмегімен В.Януковичті президенті етіп, тәуелсіз республика құрғысы келеді» дейді.
«Алаш айнасының» түйіні
Соңғы күндері әлемдік ақпарат құралдары «Ресей Украинаның әскери құрылымдары мен коммуникация жүйесін істен шығару үшін жойқын шабуыл бастайды» деп болжай бастады. Ал, Украина қорғаныс министрлігі армияға қосымша 40 мыңға жуық резервист шақырып, олардың барлығын Украинаның шығыс шекарасына шоғыландырып жатыр. Бұл ненің белгісі? Украина мен Ресей арасындағы осы арбасудың ақыры қантөгіске апарып соқпай ма? Ендігі сауал осы болса, керек…
Автор: Қанат Бірлікұлы
http://alashainasy.kz/sabaktar/50191/