Көктеммен бірге тіршіліктің шырайы еніп, адамзат бір шынайы ғажап күй кешетін әз Наурызды Шығыс өңір жұртшылығы да қуана қарсы алды. Ұлыстың Ұлы күнін Өскемен мен Семей секілді ірі қаласы мен барлық аудандары кең көлемде атап өтті. Мерекелік бағдарлама аясында — әр ұлыстың ұлттық өнері сахналанып, әр халықтың төл өнеріне деген құрмет әсерлі көріністермен өрнектелді.
Адамзаттың ең көне мерекелерінің бірі Наурыз мейрамы ұлттық дәстүрді сақтай отырылып ұйымдастырылды. Өскемендегі Орталық алаңда 20-дан астам ақ шаңқаң киіз үй тігіліп, қазақтың ұлттық ойын түрлерінен байқау өткізілді.
ШҚО ақпараттық орталығы хабарлағанындай, жиналған жұрт тек концерттік бағдарламаны ғана емес, аспаздардың да байқауын тамашалады. Ең дәмді палау әзірлеуден өткен сайыста қаланың шебер деген аспаздары түгел бас қосты. Мерекелік шараның шырайын ағаш шеберлері кіргізді. «Ара шоу» байқауына қатысушылар «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Наурыз мерекесінің символын электрлі арамен ағаштан ойып жасады.
— Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті Наурыз жасампаздықтың жарқын жолымен жүріп келе жатқан елімізге жаңа жетістіктер, әр шаңыраққа ынтымақ пен шаттық, бақыт пен молшылық әкелсін,-деп облыс әкімі Даниал Ахметов шығысқазақстандықтарға құттықтау сөзін арнады.
Айта кету керек, өзгешелігі сол, Ұлыстың Ұлы күнін мерекелеу Шығыс Қазақстанда 25 науырызға дейін жалғаспақ. Облыстың түкпір-түкпірінде Наурыз мерекесіне арналған концерттік бағдарламалар, арзан бағамен сатылатын ауылшаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі және түрлі спорттық байқаулар ұйымдастырылады. Жалпы алғанда, биылғы мереке жылдағы дәстүрге сай, аймақта мекен ететін барлық ұлттар мен ұлыс өкілдерін ұйыстырып, бірлігін бекем, достығын тату ете түсті.
Сәтжан Қасымжанұлы
Толығырақ: http://alashainasy.kz/culture/shyigyistagyi-meyram-25-nauryizga-deyn-jalgaspak-65845/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі