АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ШЫҒЫСТЫҢ ЖІГІТТЕРІ ШЫМЫР ЕКЕН

курес

С олтүстік Қазақстан облысы орталығында қазақ күресінен ел чемпионаты өз мәресіне жетті. 
Бұл жарыс ұзақ жылдар бойы кеден саласында қызмет атқарып, бұл күндері төл өнеріміздің аталмыш аймақта дамуына айрықша еңбек сіңіріп жүрген Петропавл қаласының құрметті азаматы Бауыржан Құлжановтың жүлдесі үшін өткізілді. 30 маусымда Астанада ұлттық өнерімізді ұлықтауға бағытталған «Қа­зақстан Барысы» деп аталатын үлкен шара ұйымдастырылады. Сол жарыс қарсаңында өздерінің шеберліктерін шыңдап және де қарсыластарының баптарын байқап көруді мақсат тұтқан еліміздің бірқатар белді балуандары Петропавлда өткен жарыста бақ сынауға бел буды. Бұл бәсекеде рес­публикамыз­дың 14 облысы және Астана мен Алма­ты қалаларынан келген 165 спортшы қа­тысты. Олар бес салмақ дә­режесі бо­йынша белдесіп, түрлі-түсті медаль­дар­ды сарапқа салды.
60 келі салмақта алматылық Абзал Арыстанбековтің асығы алшысынан түс­ті. Финалда ол талдықорғандық Аман­келді Сатыбалдиновқа сан соқтыр­са, үшінші орынға Медет Бозов пен Ержан Мағзұмов жайғасты. 70 келі салмақта астаналық Ерлан Естектің шоқтығы биік болды. Ақтық айқаста ол Алматыдан келген Аслан Түсіпхановқа тізе бүктірді. Қола медаль Данияр Темірхан мен Дамир Хабиболлаевтың еншісінде. 80 келі салмақта қарағандылық Ерсін Мұха­меджанов топ жарды. Шешуші тұста ол шымкенттік Әділжан Ыстыбаевтан айласын асырды. Елдар Нәсиев пен Әсет Ахметжан жүлдегерлер санатына қо­сылды. 90 және +90 келі салмақ дәре­желерінде Шығыс Қазақстан облысы­нан келген қос өрен – Мұхит Тұрсынов пен Айбек Нұғымаров озды. Бұл спорт­шы­лардың екеуінің де есімдері көп­шілікке жақсы таныс. Былтыр «Қазақстан Ба­рысы» турнирінде Айбек қола медальді қанжығасына байлаған болатын. Оған дейін көптеген дүбірлі жарыстардан ол олжалы оралды. Мұхит та қара жаяу емес. Оның да бір басына жетерлік атақ-даңқы бар. Биыл айтулы қос балуан «Қазақстан Барысы» додасында бақ сынайды.
Түйе балуандар сайысында Шал­қар Жоламановқа тең келер ешкім болма­ды. Қазақ күресінен талай жылдар бойы Қазақ елі намысын қорғаған Семей өңі­рінің өрені бұған дейінгі «Қазақстан Барысы» жарысында екі рет жүлдегер атанғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Бір рет – қола, бір рет – күміс алды. Ел чемпионатының ақтық сынында Шал­қар алматылық Елдар Нәсиевтен басым түсті.
Жалпы есепте Шығыс Қазақстан облысының өрендері жеңімпаз атанса, екінші және үшінші орындарды Алматы қаласы мен Қарағанды облысының спортшылары иеленді.

http://www.aikyn.kz/