АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

«Шымбұлақта» баға шарықтап тұр

Таза, саф ауасымен, көз тартар әсем табиғатымен кез келген адамды өзіне баурап алатын Алатау тау бөктеріндегі «Медеу» мұз айдыны мен «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортын бұл күндері білмейтін жан жоқ шығар. Бұл аумақтың табиғаты ерекше. Алғашқы әлемдік рекордтар тіркелген, «Рекордтар фабрикасы» атанған «Медеу» мұз айдыны дүниежүзіндегі ең ірі спорт кешендерінің бірі. Тіпті Қазақ елі дегенде шет жұрттықтар ең әуелі, «Медеу» мұз айдынын еске алатындары рас. Тарихқа көз жүгіртсек, Кеңес елі алғашында «Медеу» сынды мұз айдынын Қырғызстанда салуды жоспарлапты. Д.Қонаевтың араласуымен бұл нысан Қазақ елінде бой көтерген. Шетелдіктерге сондай-ақ қаладан 20-25 шақырым қашықтықта тау бөктерінде орналасқан «Шымбұлақтай» тау шаңғысы курорты да жақсы таныс.

Қаланың қарбалас тіршілігімен кей кездері қолымызда бар алтынымыз – «Медеуге» де баруға уақыт таппайтынымыз ұят-ақ. Десек те, бір демалысымызды арнап, Абай мен Достық көшелеріндегі аялдамаға беттедік. Медеуге бағыт алған автобустардың біріне отырып, жол бойы табиғаттың сұлулығына тамсанумен болдық. Қаһарлы қыс қылышын сүйретіп келгенде, Алатау бөктерлері ақ көрпеге оранып бұрынғыдан да әдемілене түсетін секілді. Басында адам жиналмайтындай көрінген автобусқа кірпік қаққанша жолаушылар толып қалды. Басым көпшілігі жастар екені көзге бірден түседі.
Белгілі бір заңдылықпен қатар-қатар орналасқандай әсер қалдыратын шыршалар төңірекке ерекше көрік беріп тұрғандай. Тынысымыз ашылып, қаладағы күнделікті күйбең тіршілікті ұмытып та кетеді екенсің. Біз жеткенше біраз уақыт болды. Автобустан түсіп жатсақ, біраз ел сол автобусқа таласа, тармаса мініп жатты. Кіру билетін сататын кассада ұзын кезекте тұрғандарды көріп, халық бұл інжу-маржанымызды ұмытпаған екен-ау деп сүйсіндік. Кассирдің «іште коньки жоқ» дегенін естіген жұрт у-шу ете қалды. «Қап, қаладан конькиімізді бірге ала салғанда…» деп қапаланғандай болдық.
Демалыс күндері мұнда 4000-5000 адамдай келеді екен. Кіру билеті 1800 теңге, студенттер мен мектеп оқушылары үшін 800 теңге. Ал 2 сағатқа жалға берілетін коньки 1000 теңге. Медеу – отбасылық демалыс орны. Коньки теппегенімен кіру бағасы қымбат екенін сөз етіп отырғандарды көрдік. Иә, шындығында мұндай бағаны бала-шағалы кез келген отбасының қалтасы көтере бермейтіні анық. Айталық, екі баласы бар отбасы үшін тамағы мен жолын есептемегенде Медеуді тамашалауға кемінде 20 000 теңгесін сайлап келуі керек. Бұл конькиді екі сағат уақытқа алған жағдайда. Ал шындығында Медеуге атбасын арнайы бұрып келген халық екі сағаттан да көп уақыт болады емес пе?! Демалушы отбасыларының бірімен тілдескенімізде, отанасы балаларын коньки теуіп, сергіту үшін келетінін айтып, Медеуге кіру неге тегін болмайтынын жеткізді. Ал үйлеріне қайтып бара жатқан бір топ студент жастар мұндағы тозған конькилерді алғанша, жаңасын сатып алған дұрыс екенін айтумен болды. Сонымен бірге мұз айдынына келген жұрт тамақтарын өзімен бірге алып келетін көрінеді. Себебі мұнда асхана, кафе, мейрамханалар жоқтың қасы. Бірақ дүйім жұрт жуықта ашылған кішігірім асханаларда тамақтанғаннан гөрі ішіп-жейтін дәмдерін үйлерінен әкелуді жөн санайды екен. Байқап қарасақ, Медеуде апта сайын, тіпті айына екі рет демалатын отбасылар кемде-кем екен. Жылына бір рет, ары кеткенде екі рет қана келетін қазекем өз байлығының қызығын өздері көре алмай отыр десек болады. Осы жайттарды ескеріп, «Медеу» мұз айдынының әкімшілігімен тілдескен едік. Олар болса, мұз айдынын сақтап отыруға кететін шығынды ескергенде, кіру билетінің бағасы қымбат емес екенін айтып ақталғандай болды. Ал асхана, кафе, мейрамхана мәселесі жақын арада шешімін табатынын, бұл жұмыстар енді қолға алынып жатқанын айтты. Дүйім жұртқа белгілі мұз айдынының кейбір мәселелері әлі күнге дейін шешімін таппағанына таңғалдық. Мысалы, демалыс күні мұнда 4000-ға жуық адам келеді десек, әрқайсысы 1800 теңгеден кіру билетін алса, бір күнде 7 200 000 теңгедей жиналады. Егер келген адамдардың жартысы, яғни 2000-ы конькиді мұз айдынының өзінен алатын болса, бұдан 2 000 000 теңге түсетінін тағы да қосып қойыңыз. Сонда бір демалыс күні шамамен 8-9 миллион теңге қаржы түседі екен. Аз ақша емес. Десек те, мұндай қаражатқа мұз айдынын бұдан да ажарландыра түсіруге болатын сияқты.

Дулат Кейкин, «Медеу» мұз айдынында жиырма жылдан астам уақыт бас маман болып қызмет атқарған, «Медеу: взгляд изнутри» кітабының авторы: 
– Спорттық нысандарды салу, жөндеу жұмыстарымен айналысып жүргеніме 23 жылдың жүзі болды. Соның 21 жылын «Медеу» мұз айдынында қызмет істедім. Шынында, «Медеудің» орналасқан аумағы, ауа райы, мұзға құятын таза тау суы – бәрі-бәрі үйлесімді. «Медеу» мұз айдынында 1951-1970 жылдар аралығында – 47 , 1972-1996 жылдар аралығында – 73-тен астам әлемдік рекордтар жасалды. Міне, осыдан бұл мекен «рекордтар фабрикасы» атанады. Сол кезден бері біраз уақыт өтті. Әлемдегі мұз айдындары дамудың үшінші кезеңіне өткен. Ал «Медеу» екінші кезеңде қалып отыр. Себебі Батыста 1980 жылдары жабық мұз айдындары пайда болып, бұл да спортшыларға өз әсерін тигізді. Сондықтан «Медеу» жабық мұз айдынына айналуы тиіс. Астанада жабық мұз айдыны бар. Бірақ Медеудің таулы климатына жетпейді. Бұған қоса, «Медеу» шатқалынан жоғарырақ жерде 8000 шаршы метр көлемінде алаң бар. Соны қолға алып, көпшілік үшін тағы бір мұз айдынын жасауға болады.

Саяхатымызды жалғастыру үшін Шымбұлаққа бағыт алдық. Медеуден Шымбұлаққа дейін аспалы бақ арқылы бардық. Барып, қайтып келуің – 2500 теңге екен. Бұл ұзындығы жөнінен әлемдегі үшінші аспалы бақ. Шымбұлақтың шыңына 10-15 минутта жеткенше, Алатау табиғатын аспалы бақ арқылы қызықтадық. Мұнда сонымен бірге күндізгі абонемент бар екен. Оның бағасы – 7000 теңге. Бұл әсіресе, шаңғышылар үшін ыңғайлы. Мұнда шаңғымен сырғанау жолақтары да кеңейген. Қаракөз қазақ балаларынан гөрі, өзге ұлт өкілдері балаларының көп екені бірден байқалды. Қазақ тау баласы, тауға қарап өседі дейді. Таудың халқы тәкаппар, паң келеді. Ал сол асқар таудың шыңын бағындыру кез келгеннің қалтасы көтере бермейді деген әңгімелер көпшілік арасында айтылып жүр. Бұл жай әңгіме емес екеніне осы сапарда көзіміз жеткендей болды. Егер мұнда келіп шаңғы тебетін болсаңыз, шаңғыны бүкіл керек-жарақтарымен 7500 теңгеге аласыз. Сонда барып-келу жолымен 15 000 теңгеңіз жұмсалды. Бұған қарап, мұнда қалталы азаматтар ғана демала алады деген ой туғандай болды. Бір байқағанымыз, 4-5 дәмхана бар екен. Алайда олардың бағалары да арзан емес, атаулары да шет тілдерінде.
Демалыс күндері 4000-5000-ға жуық адам демалатын бұл жер шетел азаматтары үшін таптырмас мекен. Шаңғы тебумен қатар, соңғы кездері сноуборд тебуге қызығатын жастар қарасы көбейіп келеді. Мысалға, сноубордпен шұғылданатын Алмат Болатұлы есімді жас жігітпен әңгімелестік. Ол мұнда мүмкіндігінше жиі келуге тырысады екен. Алмат ауылда өскендіктен, қысқы спорт түрлерін бала күнінен білетінін айтты. Бірақ шаңғы үйренемін деген балалар үшін шаңғы және кіру билетінен бөлек үйрену сағаттары қымбат екенін сөзіне тиек етті. Шындығында, мұндағы мектеп жастарды шаңғы тебуге баулитын көрінеді. Бірақ бағасы удай. 1,5 сағаты – 10 000 теңге. Ал егер топ болып шаңғы тебемін десеңіз, 2,5 сағаты – 8000 теңге болады. Міне, осындай баға шарықтап тұрғанда қысқы спорт түрлерінен қазақ спортшысы қайдан шықсын?! Тіпті жаттықтырушылар арасынан бір қазақты кезіктіре алмадық. Осы жөнінде «Шымбұлақ» тау шаңғы курортының баспасөз қызметімен хабарласқан едік. Баспасөз хатшысы Фархат Сеитов мұндағы баға шетел курорттарымен салыстырғанда өте арзан екенін, бұған қоса шетел азаматтары көп келетінін айтты. Ол бағаны дәл қазіргі мөлшерінен арзандатар болсақ, онда өзін-өзі ақтай алмайтынын айтты. Сонда не істеу керек? Бағаны арзандатудың жолы бар ма? Шет жұрттан келетін туристерден бұрын, өзіміздің азаматтарымыз да Шымбұлақтың қызығын көруі тиіс емес пе? Тағы бір байқағанымыз, мұндағы мамандардың басым көпшілігі шет елдерден. Бұған баспасөз хатшысы, өзімізде туризмді дамытатын мамандар тапшы екенін, сол үшін сырттан келген мамандар ел азаматтарын үйретіп жатқандарын тілге тиек етті. Сонда қалай, біздің туризм мамандығында оқитын кадрларымыздың елге қызмет етуге жарамағандары ма?!

Елбасы бір сөзінде кейбір мемлекеттерде мысалы, Францияда, Испанияда, Швейцарияда халқының бәрі жас кезден, оқушы кездерінен бастап тау шаңғысына үйренетінін айтып, бір тау шаңғысына келетін турист теңізге баратын туристпен салыстырғанда, сол мемлекеттің қоржынына алты есе ақшаны көп салатынын жеткізген болатын. Осы мақсатта Алматы әкімі Ахметжан Есімов «Көк Жайлау» нысанының құрылысы биылғы жылдың бірінші тоқсанында басталып, 2016 жылдың шілдесіне дейін аяқталатынын айтты. Мүмкін, басқа да қысқы спорт нысандары салынса, бәсекелестік туып, баға тұрақтанатын болар.
Иә, Қысқы Азия ойындарына дайын­дық барысында біраз кешендер бой көтеріп, жол салынғаны да белгілі. Сол кездері қаншама шетел туристері Ала­таудың табиғатын тамашалап, таңдай қаққан еді. Алайда қарапайым халықтың бұл қызықты көруге қолы жетпей тұрғаны қынжылтады. Қазір жаппай бұқаралық спорт насихатталып жатқанда ел азаматтары үшін баға қолжетімді болса, бұл бір жағынан спортқа деген құлшынысты арттырады. Айтылған мәселелер ескеріліп, Алатаудың інжу-маржаны саналатын «Медеу» мұз айдыны мен «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты ел халқының сүйікті демалыс орнына айналар деген үміт бар.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

http://anatili.kz/