АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Шымкент қаласының активі Елбасы Жолдауын талқылады

9d8ANhb1Kd44gNeW-lgБүгін Шымкент қаласы әкімдігінің мәжіліс залында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауы бойынша қала активінің кездесуі өтті. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов, қалалық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Бекназаров және қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай бастаған үгіт-нәсихат тобы, сонымен қатар зиялылар мен кәсіпкерлер, құқыққорғау органдарының өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

Қала активінде алғаш болып қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов сөз алып, 3 желтоқсандағы Елбасы Жолдауының бүкіл Қазақстан халқының әл-ауқатын одан ары арттыруға бағытталған маңызды құжат екенін атап өтті.

– Қазір біздің елімізде ғана емес, әлемдегі алпауыт елдер де экономикалық дағдарысты сезініп отыр. Елбасымыз өз Жолдауында елдің ішкі жағдайын саралап, бәрімізді бұл уақытша қиындықтарға мойымауға шақырды. Сонымен қатар ел экономикасын еселеудің нақты жолдарын ұсынды. Осы орайда алға қойған міндеттерді орындауда әрі мемлекетіміздің дамуына Шымкент қаласы жоғары дәрежеде атсалысуда. Қазір қаламызда 18 нысанның құрылысы уақытша тоқтатылып, тиісінше ол қаражат жұмыссыздықты жоюға бағытталып отыр, – деді қала әкімі.

Шаһар басшысы өз баяндамасында Шымкенттің 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы аясында  қолға алынған шараларға да тоқталды. Әкімнің айтуынша, Шымкенттегі жаңа іскерлік-әкімшілік орталығында және жаңадан бой көтеретін шағынауданда инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

–  Елбасы тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласын туристер мен инвесторлар үшін аса тартымды шағын және орта бизнес орталығы ретінде дамыту көзделіп отыр. Қазіргі заманға сай келетін «Shymkent City» тұрғын үй және іскер ауданын тұрғызу жоспарда бар. 2020 жылға дейін «Тұран» шағынауданындағы 450 гектар бос жатқан жерде жаңа аудан бой көтермек. Жаңа шағынауданда 56 мың халық тұратын болады. Алдағы 1-2 айда мұнда құрылыс жұмыстары басталады. Қазірдің өзінде мұнда үш балабақшаның құрылысын бастауға инвесторлар қолдау білдіруде, – деді Ғ.  Әбдірахымов.

Бір атап өтерлігі, қаланың 2020 жылға дейінгі қол жеткізетін межелерін орындауда жеке инвесторларға басымдық берілмек. Бұл ретте тек инфрақұрылым жұмыстарын жүргізуге ғана қала бюджетінен қаражат қарастырылады. Айта кетсек, биыл қалаға 120 млрд. теңге қаражат тартылса, соның 80 млрд-қа жуығы жеке инвесторлардың есебінен жүзеге асқан. Қала әкімі келтірген мәліметтерге жүгінсек, жалпы қазіргі таңда шетелдік инвесторлардың ұсынысы бойынша қаламызға бірнеше елдің кәсіпкерлері мен өкілдері келіссөз жүргізуге келген.

Қала активінде сөз алған қалалық «Нұр Отан» партиясының төрағасы Ө. Мелдеханов, қалалық мәслихаттың хатшысы Н. Бекназаров, №20 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары Т. Николаевна Елбасы Жолдауына байланысты алда тұрған міндеттерді орындауға атсалысатындықтарын айтып, осы жолда бірлесе жұмыс істеуге сенім білдірді. Бұдан соң Елбасы Жолдауына орай қатысушылар сұрақ-жауап түрінде пікір алмасты.

Жиында қорытынды сөз сөйлеген облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды мемлекетімізді күрделі кезеңнен алып шығу үшін Елбасының алдымызға нақты тапсырмалар қойылып отырғандығын және өңірдің даму қарқынын ұлғайтуда бір кісідей жұмылып еңбек ету қажеттігін айтты.

shymkent.gov.kz