АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Шымкент мұнай өңдеу зауыты –еуростандарт биігінде

2136_oko_2-1-680x262Қазақстан – мұнайлы ел. Дүниежүзінің мықты инвесторларының Қазақстанды шырғалап шықпауының бір себебі осы. Алайда, қара алтынның үстінде отыр екенмін деп шикізатқа ғана тәуелді болу елді еркіндіктен айырады. Мұнай өңдеу зауыты – стратегиялық маңызы бар нысан, тәуелсіз мемлекеттің экономикалық қуаты, сыртқа абыройы, өркениетті елдермен терезесін тең ететін биіктік.

Биыл «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы болып табылатын Шымкент мұнай өңдеу зауыты алғашқы өнім бере бастаған жылынан есептегенде 30 жылдық мерейтойына келіп жетті.

Шымкент мұнай өңдеу зауыты өзінің 30 жылдығында өндірістік өнімділік қуатына толық ауқымда жаңғырту жүргізіп отыр. Соның нәти­жесінде мұнайды өңдеу тереңдігі 80 пайызға көбейетін, өнім шығару көлемі жылына 6 млн. тоннаға жететін, бензин өн­діру көлемі 3 есеге артатын болады. Мұндай жағдайда барлық бензин Еуро-4 және Еуро-5 экологиялық сапа стандарттарына сәйкес келеді.

13 жыл жүргізілген құрылыс жұ­мыстары және Оңтүстік Қазақ­стан­дағы өңдеу қуаттары мен Батыс Сі­бір­дегі мұнай өндіру нысандарын кө­ліктік-технологиялық байланыстыру нәтижесінде ШМӨЗ-де алғашқы бензин 1985 жылдың басында алынды.

Бүгінгі таңда зауытқа шикізат Қызылорда облысының Құмкөл кен орнынан жеткізіледі. Ал, ресми түрде «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС немесе ПКОП деп аталатын ШМӨЗ шыға­рылатын өнімдер желі­сіне бен­зиннің барлық маркалары, ди­зель отыны және авиакеросин жатады.

Кәсіпорынның негізгі табысы екі қуатты акционерлердің халықаралық серіктестігі болып табылады. Бұлар «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ «ҚМГ» өңдеу және маркетинг» АҚ еншілес компаниясы тұлғасында және «CNPC» корпорациясы (ҚХР).

Өндірістің ең жоғары қуатпен жұмыс істегеніне қарамастан 2010 жылы оның өніміне деген сұраныс арта түсті, нәтижесінде зауытты кезең-кезеңмен жаң­ғыр­ту жоспарланды. Соның ішін­де МИИДБ (мемлекеттік ин­дус­триялық-инновациялық да­му бағдарламасы) шеңберінде табысты жұмыс істеп жатыр.

ПКОП жаңғырту жобасы 2 ке­зеңмен жүзеге асырылады. Б­і­рінші кезеңде Кеден одағы техни­калық регламентінің талаптарына сәйкес К4 және К5 (Еуро-4 және Еуро-5 ұқсастықтары) эколо­гиялық сыныптағы мотор отынын шы­ғаруды жоспарлауда. Осы мақ­сатта кәсіпорында қолданыстағы қон­дырғылар қай­та құрастырылуда. Жа­ңа техно­логиялық қондырғылар салынуда: изомерлеу қондырғысы, өнімділік қуаты жылына 4000 тонна күкірт өндіру қондырғысы, дизель отынын гидротазалау қондырғысын қайта құрастыру жүргізіліп жатыр. Оларды пайдалануға енгіз­геннен кейін зауыттың барлық өнімдері Еуро-4 және Еуро-5 стандарттарына сәйкестік таңбаларын алады.

Жаңғыртудың екінші кезеңі зауыт­тың өнім шығару көлемін жылына 6 млн. тоннаға дейін жеткізу және мұнай өңдеу терең­дігін 80 пайызға дейін көбейту үшін жасалынып отыр. Бұл кезеңде кәсіпорынның арсена­лы «RFCC» каталитикалық крекинг, «Prime G+» бензинді гидрота­залау, күкірт өндіру, сутекті тазалау және басқа қондырғылармен толықтырылады. Екінші кезең аяқта­лысымен зауытта жоғары октанды бензинді өндіру жылына 735 мың тоннадан 2 185 мың тоннаға, дизель отыны жылына 1346 мың тоннадан 1946 мың тоннаға, авиаотын жылына 280 мың тоннадан 425 мың тоннаға өседі. Жоғары октан­ды автобензиннің үлесі шыға­рылатын өнім пулында 100 пайыз құрайды.

Жобаларды аяқтау 2017 жыл­дың 4-ші тоқсанына жоспарланып отыр.

Шымкент мұнай өңдеу зауы­ты­ның 30 жылдығына байланыс­ты бас корпус­та келелі жиын өтті.

Жиынды «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС-нің жаң­ғырту және даму жөніндегі вице-приезиденті Аслан Мыңбаев жүр­гізіп отырды. Энер­гетика ми­нистрлігінің вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев зауыт­тың алдағы мүмкіндіктері жайлы жақсы лебіз білдіріп, минис­тр­ліктің мерейтой иесіне құттық­тауын оқып берді. Мұнай өңдеу зауытының Қазақстандағы осы саладағы көшбас­шылардың бірі болғандығын, бұл мақсатқа зауыт ұжымының бір­лігі, жанқиярлық еңбегі арқылы жет­кендігін айтып, Энергетика минис­тр­лігі атынан бірнеше азаматты мара­паттады.

«ҚазМұнайГаз» өңдеу және маркетинг» АҚ бас директоры Данияр Тілесов зауыттың 30 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиналыста кәсіпорын ұжымын құттықтап, Еуро-4 және Еуро-5 стандарттары бойынша жоғары октанды бензин шығару жөнінде міндеттер сіздердің күн тәртіптеріңізде уақтылы орын алып отыр. Сондықтан сіз­дер­дің осы міндетті жүзеге асы­ратындықтарызға сенімдімін», деп айтты. Ол ардагерлерге, еңбек озаттарына, барлық қыз­меткерлерге, еліміздің экономикасы мен халқының игілігіне адал еңбек еткендері үшін алғысын білдірді. «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ, «ҚазМұнайГаз» өңдеу және маркетинг» АҚ, «Самұрық-Қазына» АҚ және «Kazenergy» АҚ атынан ерекше еңбегімен дараланған бірнеше азаматқа Құрмет грамотасын тапсырды.

Жиынды «Петро Қазақстан Ойл Про­дактс» ЖШС-нің бі­рін­ші ви­­це-президенті Ас­қар Тұрыс­бе­ков қо­рытып, жаңғыр­тудан өткен зауыт­тың жаңа сапаға өтіп жатқан­дығы, серік­тестіктер тарапынан жаңа келі­сімдерге қол қойылғандығын ай­тып, зауыт ұжымын мерейлі мере­кесімен құттықтады.

Шымкент мұнай өңдеу зауы­тының тағы бір атап айтатын ерекшелігі, облыс халқының әлеу­меттік жағдайын жақсартуға сүбелі үлес қосып келе жатқан­дығы.

«Ақиқат байлық – кеңпейілділік пен қайырымдылық» деген қағиданы ұстанған зауыт бас­шы­лығы қаладағы мықты мектеп санатындағы Ы.Ал­тынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияға ашылған сәттен бастап, нақты айтқанда, 24 жылдан бері тұ­рақты демеуші болып келеді. Бұл туралы мектеп-гимназияның директоры Қатира Қырғызбаева былай дейді: «Гимназияның материалдық база­сының заман талабына сай жабдық­талып, білім сапасын арттыруда зауыт қамқорлығының алар орны ерек­ше. Атап айтсақ, мектебімізде бастауыш сынып­тарда бала санының артуына байланысты олардың жас ерекшелігіне сай парталармен, заманауи үлгідегі интерактивті тақталармен жабдықтауды үнемі жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар, домбыра оркестрін то­лықтай жабдықтауы, хореография бөлмесін заманауи үлгіде жөндеуден өткізіп, қажетті құрал-жабдықтармен тұтастай қамтамасыз етуі, соңғы үлгідегі музыкалық аппаратурасына қол жеткізуге ықпал етуі зауыт ұжымының ел келешегіне жасап жатқан мейір-шапағатының бір парасы ғана дер едім».

Қаладағы №4 балалар үйі ди­ректорының орынбасары Ма­рия Нади­рова да зауыт қам­қорлығын қат­ты сезініп отыр­ғандығын тілге тиік етті.

2006 жылы ШМӨЗ балалар үйіне үлкен спорт қалашығын салып берген. Екі қабатты ғимаратта спортзал, 320 орындық акт залы және кітапхана орналасқан. Ба­лалар алаңын салып берген, компьютер сыныбы, лингофон ка­бинеті және интерактивті тақтамен қамтамасыз етіп, қа­зақ, орыс және ағылшын тілін терең­детіп оқытуға қажет керек-жа­рақтармен қамтамасыз етіп келеді.

Жыл сайын үлкен өмірге жол­дама алатын балалар үйінің түлектеріне қаржылай жәрдем береді. Бұл бала­лардың әкесі де, шешесі де мемлекет болғанымен аяғынан тұрып кетуге, үлкен өмірде орнын адаспай табуына аға-әпкелерінің аялы алақаны керек. Зауыт басшылығының әрекеттерінен осыны түсіндік. Балдырғандарға автобус та сыйлаған «Петро Қа­зақстан Ойл Продактс» ЖШС-нің басшылығы Елбасының тапсырмасын осылайша мүлтіксіз орындап келеді.

Шымкент мұнай өңдеу зауыты 2017 жылдан бастап Еуро-4 және Еуро-5 стандарттары бо­йынша бензин өнімдерін шы­ғарудың алғышартарын жасап жатыр. Бұл дегеніңіз – жоғары сапа, Еуропа нарығындағы жаңа биіктік. Қазақстан зауыты 30 жыл­дығындағы жеткен жетіст­ік­тері осындай сатылардан тұрады.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан».

ШЫМКЕНТ.