Шымкент қаласында кернеуі 220 және 500 кВ болатын электр трансформаторларын шығаратын зауыт салынатын болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде «Alageum Electric» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ілиясов айтты.
— Орта бизнестегі көшбасшы компанияларды қолдау үшін «Ұлттық чемпиондар» секілді бағдарламаны іске қосу бойынша ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасының арқасында көптеген компаниялар мемлекет тарапынан елеулі қолдау алды. Мәселен, біз осы бағдарлама шеңберінде Шымкент қаласында кернеу сыныбы 220 және 500 кВ болатын қуат трансформаторларын шығару бойынша Қазақстанда алғашқы зауыт салуды жоспарлап отырмыз, — деді Е.Ілиясов.
Айта өтейік, Оңтүстік Қазақстан облысында ең алғашқы трансформатор зауыты Кентау қаласында 1959 жылы салынған болатын.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі