АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ШЫМКЕНТТЕ «ҚАЛА КҮНІ» ТОЙЛАНДЫ

20151017074434Бүгін, 17 қазанда Шымкентте «Қала күні» мерекесі атап өтілді. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов шаһар тұрғындары мен қонақтарын атаулы күнмен құттықтап, оңтүстікқазақстандықтарды болашақ үшінші мегаполисті бірге көркейтуге шақырды. Түркістан сарайында ұйымдастырылған шарада аймақ басшысы қаламыздың түрлі салалар бойынша дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарды «Шымкент қаласының Құрметті азаматы» атағымен марапаттады. Шымқаланың тұрғындары қала күнін бір аптадан бері кең көлемде тойлап келеді. Атап айтсақ, 10-17 қазан күндері аралығында өткен мерекелік шаралардың бірінші күні «Жаңару мен тазалық», екінші күні «Саламатты өмір салты күні», үшінші күні «Болашақтағы — Шымкент», төртінші күн «Шымкент – достық мекені», бесінші күн «Ғасырлар тоғысындағы қала», алтыншы күн «Шуағын шашқан Шымқала» шаттық күні айдарларымен аталып өтілсе, бүгін «Ырыс алды — ынтымақ» тақырыбында тойланды.Таң сәріден Шымқаладағы саябақтар мен орталық алаңдарды мерекелік көңіл-күй жайлады. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан шаһар жұртшылығы қаладағы Абай, Жеңіс, Орталық саябақтары мен Наурыз алаңында тігілген киіз үйлерден дәм татып, алтыбақандарда асыр салса, орталық атшабарда бәйге, қыз қуу секілді ұлттық ойындар өтті. Шарада күміс көмей әншілер мен мың бұралған бишілер келушілерге шаттық көңіл күйін сыйлады. Сондай-ақ, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументтің маңында ОҚО-ның 15 аудан-қаласының киіз үйлері тігіліп, әр ауданның шығармашылық ұжымдары мерейтойға арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырса, түс ауа Наурыз алаңында «Алтын күз» фестивалі мен «Шығыс базары» үлгісіндегі этноауыл сауда қатары ұсынылды. Шымкент қаласының мерейлі мерекесі Түркістан сарайындағы гала концертте жалғасты. Отандық және шетелден келген әншілер өнер көрсеткен бұл шараны қала халқы ғана емес, бүкіл оңтүстікқазақстандықтар тікелей эфир арқылы «Қазақстан-Шымкент» телеарнасынан тамашалай алды.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі