АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ШЫМКЕНТТЕ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙ, КОРЕЯ ЖӘНЕ МОҢҒОЛИЯНЫҢ ГЕОЛОГ-ҒАЛЫМДАРЫ БАС ҚОСТЫ

img_0287Бүгін, 13 қазанда Шымкентте Қазақстан, Ресей, Корея және Моңғолияның геолог-ғалымдары бас қосып, саладағы ғылыми зерттеулердің дамуы мен пайдалы қазбалар кен орындарын барлаудың жаңа әдістеріне қатысты мәселелерді талқылады. Жиынға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов қатысып, жер қойнауын зерттеу тақырыбы бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі екенін айтты.  

«Солтүстік, Орталық және Шығыс Азияның металлогениясы және 3D геологиялық құрылымдары» тақырыбында өтіп жатқан 13-халықаралық мәжілістің көтеріп отырған негізгі мәселесі — 20 миллион шаршы шақырымнан асатын аумағы бар Азиялық континенттің басым бөлігінің тектоникасы мен геологиялық құрылымын айқындау үшін Орталық Азия аумағының заманауи сандық геологиялық негізін құру. Сондай-ақ, жобаға қатысушы елдердің ішкі және трансшекаралық аумақтарының минерагенді әлеуетін бағалау.

13 жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан халықаралық жиын негізінде дүние жүзінде бірінші рет Орталық Азия және іргелес аумақтардың геологиялық карталарының атласы  әзірленді. Оның құрамына монографиялық сипаттамасы бар геологиялық, тектоникалық, металлогениялық карталар және мәліметтер базасымен бірге отын-энергетикалық ресурстарының  карталары кірді. Бұл жобаға қатысушы елдердің геологиялық карталарын толықтырып, барынша айқындап беруге мүмкіндік берді. Соның арқасында пайдалы қазбалар кен орындарының көзі анықталуда.

Шетелдік геолог-ғалымдардың Оңтүстікке сапары барысында аймақ басшысы мен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаевпен кездесіп, облыстағы минералдық-шикізат қорын дамытудың жай-күйі мен болашағы туралы сөз етті. Жиында облыс әкімі комитет төрағасына «Оңтүстікқазжерқойнауы» өңіраралық департаментінің бас кеңсесін Алматыдан Шымкентке көшіру туралы ұсыныс жасады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі