Бүгін, 18 қыркүйек, Шымкенттегі «Көрме» орталығында «Керуен Сарай — Silk Road Fair» Республикалық туристік жәрмеңкесі өтті. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылған бұл шарада сондай-ақ, «ЭКСПО – 2017 өткізудегі өңірлік туризмнің рөлі» тақырыбында форум өтіп, «Шымкент Конвеншн» орталығының таныстырылымы жасалды. Ішкі туризмді дамыту мақсатында республикалық деңгейде қолға алынған жәрмеңкеге облыстағы 60-тан астам туристік ұйымдар мен қонақүйлер қатысты. Қонақтардың арасында Ұлыбритания, Қырғызстан, Өзбекстан, БАӘ, Түркия сынды оншақты мемлекеттен келген делегаттар мен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, Қазақстан Туристік Ассоциациясы, «Астана ЭКСПО — 2017» ҰК» АҚ, Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының өкілдері, Алматы облысы мен Алматы қаласы, Қызылорда, Жамбыл, Ақтөбе облыстарының әкімдіктері және туристік мекемелері де бар. «Керуен Сарай — Silk Road Fair» республикалық туристік жәрмеңкесі алғаш рет 2012 жылы ұйымдастырылған болатын. Оңтүстік Қазақстан облысында екінші рет өткізіліп жатқан шарада әр өңірден келген туристік ұйымдар өз қызметтерін таныстырды. «Ұлы Жібек жолы» тақырыбындағы көрме аясында туристік өнімдерге жеңілдіктер акциялар, «Риксос Хадиша Шымкент», «Канвас», «Қайнар» секілді ірі қонақ үйлердің қатысуымен туризм саласында бос орындар жәрмеңкесі мен мәдени бағдарламалар өткізілді. Сондай-ақ, іс-шара аясында «Үздік көрме экспозициясы» және «Үздік ақпараттық-жарнамалық пакет» номинациялары бойынша байқау өткізілді. Жәрмеңке барысында маркетингтік қызметтің маңыздылығы, ішкі туризмді дамыту, ЭКСПО – 2017 көрмесі аясында туристік пакет әзірлеу бойынша туристік операторлар мен қонақ үй бизнесі өкілдеріне семинар-тренинг ұйымдастырылды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі