Бүгін, 2 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамкұлов ТМД-ға мүше мемлекеттердің салық саласында қызмет ететін басшыларымен кездесіп, Үйлестіру кеңесінің 22-отырысына қатысты. Жиынға Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Молдова, Корея және Грузия Республикаларының салық қызметкерлері қатысты. Кездесу барысында облыс басшысы қатысушыларды құттықтап, бұл іс-шараның уәкілетті мемлекеттік органдардың салықтық әкімшілендіру саласында өзара тиімді іс-әрекеттері үшін маңызы зор екенін атап өтті. «Кездесу алаңы ретінде — Оңтүстік Қазақстан өңірін таңдағандарыңыз үшін сіздерге алғыс білдіремін. Болашақта өзара ынтымақтастық шеңберін кеңейту үшін Сіздермен тығыз жұмыс істеуге әзірміз»,- деді Б.Атамқұлов. Күн тәртібінде ТМД қатысушы-мемлекеттердің қаржы-экономикалық саладағы өзара жұмысының көкейтесті сұрақтары талқыланып, алдағы жылдарға қойылған міндеттер мен шешімдерді орындау, сарапшылардың жұмыстарын қорытындылау мәселелері қаралды. Жиын соңында тиісті шешімдерге қол қойылып, салық қызметкерлері басшыларының үйлестіру кеңесінің жұмыс жоспары бекітілді. Ал келесі жылға төрағалық етуші болып ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті тұлғасында Қазақстан тағайындалды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі