«Ақниет» өндірістік кооперативінің мүшелері «Солтүстік саяжай» шағынауданындағы өздеріне тиесілі жер телімдерін рәсімдеуге әкімдік кедергі келтіріп отыр деп санайды. Әкімдік облыстық прокуратураға сілтейді.
ТҰРҒЫНДАР СӨЗІ
Тұрғындар ауыз су тапшы болғандықтан тұрғындардың қыста қарды ерітіп ішетінін айтады. Қар жоқта әр екі үй бірігіп 4 тонна суды 2200 теңгеге сатып алып, арнайы ыдысқа құйып, екі аптаға жеткізуге тырысады. «Бұл су таусылып біткенше, қақталып, иісі шығып кетеді» дейді тұрғындар.
Замира құсап жер телімі рәсімделіп бітпесе де, он екі де бір нұсқасы жоқ шағынауданға орналасып, қалқайтып үй салып, көшіп кіріп алған жүздеген адам бар.
«Жақында балалы болдық. Мұнда жедел жәрдем шақырсаңыз да келмейді. Жер қатпаған, белден батпақ. Сондықтан қаладағы енемнің үйіне барып жаттым» деп әңгімелеп жүріп Замира Азаттық тілшісіне шағынауданды таныстыра бастады.
Оның сөзінше, бұл жерге үй салып жатқандардың дерлік барлығының баспанасы жоқ. 2011 жылы қалалық әкімдік 150-ге жуық жер телімін үлестіріп, шағын аудан салу жоспарын жариялаған. Бірақ 2013 жылдың басынан әкімдік жер телімдерін
рәсімдеуді тоқтатып қойған. Ол уақыт арасында алған учаскелеріне үй салып қойғандар мен енді құрылыс бастағалы жүргендер әрі-сәрі күй кешіп отыр.
Жер телімін даулап жүрген белсенді Роза Әбіханованың айтуынша, 2010 жылы сол кездегі Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев «Ақниет» өндірістік кооперативінің жұмысшыларына 375 гектар жерді бөліп беріп, шешім шығарған. Жұмысшылар жер телімдерінің мемлекеттік актілерін рәсімдеп бітпей жатып әкім ауысып кеткен. Сосын рәсімдеу біржола тоқтап қалған.
«БҰРЫНҒЫ ӘКІМНІҢ ІСІ»
«Ақниет» өндірістік кооперативінің тағы бір мүшесі Мариям Ешімованың сөзінше, «Солтүстік саяжай» мөлтекауданын салу Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес келеді деген бұйрықты сол кездегі қала әкімі Арман Жетпісбаев бекітіп, бас архитектор мен жер қатынастары бөлімінің бастығы қол қойып, әрбір жер телімін нөмірлеп, 2011 жылдан бастап жұмысшыларға таратып берген.
«756 адамға мемлекеттік акт берілді, қалғаны үлгере алмады. Сөйтіп жүрген кезде қаланың әкімі алмасып кетті. Қайрат Молдасейітов қала әкімі болып
сайланды. Ол «бұрынғы қала әкімінің тірлігіне жауап бермеймін. Заң жүзінде дұрыс па, бұрыс па тексерілсін» деді» дейді Мариям Ешімова.
Бұл арада жер телімі үлестірілген тұрғындар қала әкімдігін ауданаралық экономикалық сотқа берген. 2013 жылы қазанның 13-інде күшіне енген сот шешімі бойынша «Ақниет» өндірістік кооперативінің жер телімдеріне қатысты меншік құқығы заңды болып танылған. Бірақ әкімдік үкіммен келіспей, облыстық кассациялық сотқа арызданған. Биылғы наурыздың 12-сінде облыстық кассациялық сот аудандық экономикалық соттың үкімін күшінде қалдырған.
Азаттық тілшісіне жолыққан тұрғындар өздерінің жер теліміне қатысты құжаттарын қаржы полициясы мен салық комитеті де тексергенін, алайда ешбір заңбұзушылық таппағанын, неге екені белгісіз мемлекеттік актіні алып үлгермеген тұрғындарға жергілікті әкімдік қолбайлау болып жатқанын айтты.
«Ақниет» мүшелері үлестірілген жер телімдеріне 300 адамның үй соғып, тағы 300-дей адамның іргетас құйып қойғанын айтады. Шағымданушалар: «Егер заңсыз деп санаса, кезінде неге 1500-дей адамға жер телімін бөліп берді?» деп ашулана сұрақ қояды.
«СОТҚА БЕРСІН»
Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Қасымбек Сайлауов жер телімдерін даулап жүрген шымкенттіктердің құқығының бұзылғанын мойындайды.
Ол Азаттық тілшісіне комментарий бере отырып «Солтүстік саяжай» мөлтекауданы тұрғындарының шағымы әкімдікте қаралғанын айтты. Сайлауовтың сөзінше, Шымкент қаласындағы жер телімдерінің мемлекеттік актісін
рәсімдеумен айналысатын жер кадастры атты жартылай мемлекеттік мекемеге 2012 жылдың желтоқсан айында облыстық прокуратурадан «Ақниет» өндірістік кооперативінен кезінде әкімдіктің қаулысымен берілген 756 жер телімін сатуға және қайта рәсімдеуге тыйым салу туралы хат түскен. Мекеме прокурордың хатын негізге алып мемлекеттік актіні қайта рәсімдеуге шектеу қойған.
«Азаматтарға айтатынымыз, қолдарында мемлекеттік актілері бар. Кадастр сол актіні рәсімдемей отыр. Мұнда азаматтардың құқықтары бұзылып отыр. Азаматтар өздерінің заңды құқықтары бұзылғанын айтып, сотқа жүгінуіне болады» деді Қасымбек Сайлауов.
Азаттық тілшісі Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының прокуроры Қуаныш Ешанқұловтан «Ақниет» өндірістік кооперативіне үлестірілген жер телімдерін рәсімдеуге неліктен тыйым салынғаны, прокуратура қызметкерлері қандай заңбұзушылық байқағаны туралы сұрағанда ол қазіргі таңда тыйым салу хатының заңды күші жойылғанын хабарлады.
«Ақниет» өндірістік кооперативі арқылы жер телімін алған екі жүздей адам наурыздың 7-сі күні Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің алдына келіп,
құқықтарының бұзылып отырғанын айтып, наразылық шарасын өткізген болатын. Одан кейін наурыздың 11-і күні күні Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының қабылдауында болған еді. Бірақ олардың арыз-шағымы әлі ұзақ қаралатын сыңайлы.
Замира Исмаилова: «Маңдай терімізбен тиындап жинаған қаражатымызға салған үйімізді бұзып тастау үш ұйықтасақ та түсімізге кірмейді. Жеке өзім үйдің алдына тұрып алсам да бұзуға жол бермеймін. Ұлтарақтай жеріміз үшін қайда бару керек болса да, барамыз» дейді Азаттық тілшісіне.
Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрлан Архабаевтан «Солтүстік саяжай» шағынаудандағы жер дауы шешілген жағдайда инфрақұрылым тарту және әлеуметтік нысандар салу туралы жоспары туралы сұрағанымызда «бас жоспар бойынша бұл шағынаудан − жасыл желек аумағы» екенін айтты. «Бас жоспар − үкімет бекіткен құжат. Үкімет өзгеріс енгізген жағдайда ол жерге инфрақұрылым тарту және әлеуметтік нысандар салу қолға алынады» дейді ол.
http://www.azattyq.org/content/shymkent_land_conflict/25317088.html