ЕО-мен интеграцияны жақтаушылардың демонстрациясын көріп, украиналық әріптестерімен танысуға Киевке барған ЖСДП жастар қанатының төрағасы Тазабек Сәмбетбай Азаттыққа сұхбат берді.
Киевте желтоқсан бойы жалғасып жатқан Еуропа Одағымен әріптестікті қолдау демонстрациясына Украинамен көршілес елдердіңтүрлі қоғамдық және саяси белсенділері де қатысып қолдау білдіріп жүр. Солардың бірі – Қазақстанның жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы жастар қанатының төрағасы Тазабек Сәмбетбай. Азаттық тілшісіне берген сұхбатында ол «Еуромайдандағы» Украина президентінен Мәскеу бастаған Кеден Одағына кірмеуді, Брюссель ұсынған ЕО-мен ынтымақтасуды талап еткен демонстранттардың басым көпшілігі жастар екенін айтады.
Тазабек Сәмбетбай: – Сөзімде Қазақстан халқының және оппозициялық күштерінің тілектестігін, қолдауын жеткіздім. Украин және қазақ халқының ортақ мүдделерін қадап айттым. Украинаның өз таңдауына, өз дербестігіне құқығы барын ескерттім. Қазақстанның соңғы бір жыл бойы Кеден Одағына қосылғаннан шеккен экономикалық және саяси зардаптары жайлы да сөз қозғадым.
Азаттық: – Алаңда дәл қазір қанша халық бар, демонстранттардың көңіл-күйі қалай?
Тазабек Сәмбетбай: – Киев Майданындағы халықтың күйі жаман емес, кешегі жалпыхалықтық шеруге 100 мыңнан артық ел келді. Бүгін алаңда 10 мыңнан артық ел жүр. Көптеген қатардағы украиндар Майданда соңына дейін тұратындарын мәлімдеп жатыр. Жүздерінде – қайсарлық, жүректерінде – азаттыққа деген ынта байқалып тұр.
Азаттық: – Алаңдағы халықтың басым көпшілігі жастар деген сөз айтылып жатыр. Сіз көрген жұрттың шамамен қанша пайызы жастар?
Тазабек Сәмбетбай: – Ол сөз – рас. Алаңдағы қатысушылардың жартысынан көбі – жастар. Олар әр шептің алдыңғы қатарында жүр. Онымен қоймай ұйымдастырудың барлық жауапты қызметінде де – жастар. Мен де олармен тез тіл табысып кеттім.
Азаттық: – Қазақстандық жастармен салыстыра қарадыңыз ба?
Тазабек Сәмбетбай: – Айырмашылық бар, әрине. Алайда мұндай айырма әр елдің жастарына өз қоғамы артқан жүкпен өлшенеді. Украин қоғамында жастарға деген сенім мен жауапкершілік молынан артылған. Қаймықпастан жаңа толқын өкілдеріне жауапты қызметтерді берген, украин Радасында да, үкіметінде де жастар үлесі мол. Сол сияқты бүгін ел азаттығы үшін күресіп жүргендердің ішінде украин жастары басым. Мінез бен қайраттылығы жөнінен біздердің арамызда айырмашылық аз. Менің ойымша, болашақта Қазақстанның жас азаматтары да ел намысы жолында ұстанымын білдіретініне сенімім мол.
Азаттық: – Киевке барған сәтте ең бірінші не байқадыңыз? Ең әуелі ойыңызға не оралды?
Тазабек Сәмбетбай: – Киевтегі Майданға аяқ басқынымда азаттық пен шынайы еркіндік рухын бірден сезіндім! Әр азаматтың көзіне үңілсең, ерекше намысқа негізделген сенім бар. Майдандағы әр азамат саналы түрде өркениетті қоғам құрудағы өз рөлін жақсы біледі, сол ақиқат жолында, ел болашағы жолында ақырына дейін баратынын байқадым.
Азаттық: – Майдан алаңындағы жұрт талаптарының орындалатынына сенімді ме, үмітсіздікпен алаңды тастап кетіп жатқандар жоқ па?
Тазабек Сәмбетбай: – Менің ойымша ондай сценарий бола қоймас. Себебі жергілікті оппозициялық күштер тек қуаттанып келеді. Алаңдағы демонстранттардың қорғанысы қуатты, іс-шаралары қатаң да нақты ұйымдастырылған. Сонымен бірге «Бүркіт» сияқты бірқатар күштік құрылым өкілдері алаңдағыларды күшпен қудалаудан бас тартып жатыр. Және шетелдік қолдау да жаман емес. Бір қарағанда ел аз болып көрінеді, алайда оларды күшпен таратуға қатысты бір қауіп төнген жағдайда он есе көп жұрт бірден жинала қалады.
Азаттық: – Киев Майданынан түйген ең басты ойыңыз не?
Тазабек Сәмбетбай: – Киев Майданында бір мәселе анық – шерушілер біржақты Ресейге қарсы емес, тек Еуропаға жақ емес, олар тәуелсіз Украинаның болашағы үшін тұр. Тек шынайы демократия ғана ел болашағының, прогресс пен дамудың кепілі бола алады.
Азаттық: – Пікіріңізге рахмет