Қазақтың Ата салты (Ата заңы) бойынша ұлттан ұлттың айырмасы төмендегідей:
1. Мемлекеттің (ұлттың) тілі.
2. Діні.
3. Ұлттың рулық (тайпалық) құрамы.
4. Жерінің (территориясы) жалпы атауы және сол жердегі өзге де топономикалық (жер, су) атаулар. Жер бетінде мұндай айғаққа тоқтамайтын жан жоқ.
5. Таңбасы (Гербі).
6. Билеушінің мөрі.
7. Ұраны (бүгінде ол «Ән ұран» деп аталады).
8. Жалауы (туы).
9. Салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы.
10. Ел (мемлекет) билеушілерінің шыққан тегі.
11. Ел басшылары мен адамдарының есімі.
12. Мемлекеттің ақшасы. Сонау Атам заманнан бері кез-келген елдің ақшасында (валютасында) ұлттық мемлекеттің атауы міндетті түрде жазылады. Шындығын айтқанда осы бір ақшаның өзі-ақ, ежелгі ұлттардың (мемлекеттің) бүгінгі ұрпақтарының кімдер екенін айқын ажыратып бере алады. Ақшаға жазылған мемлекет атауының жалғыз өзі-ақ сол ақшаларды шығарған елдің кім екенін айғақтап береді және қалған айғақтардың бәріне соңғы нүктені қоя алады.
Шыңғыс қаған құрған қағанаттың (мемлекеттің) тегі қазақ екендігі дауға жатуға тиіс емес:
1. Шыңғыс қаған қазақтың Ана тілінде сөйлеген. Оның өзге елдердің мемлекет басшыларын
жазған хаттары осы тілде жазылған. «Құпия шежіре де» қазақ тілінде жазылған. Тіл ұлттың тұғыры. Атам қазақтың «Тіл тұғырың, дін діңгегің» дейтіні осыдан. Қазақтың Ана тілі дегені менің шешемнің тілі дегені емес. Шеше жұрттың бәрінде де бар. Бізден және бізге ең жақын елдерден басқа ешбір ел өз тілдерін Ана тілі деп атамайды. Олар тілдерін туысқан (родной), немесе орыс тілі, қытай тілы, ағылшын тілі т.т. деп атайды. Демек, қазақтың Ана тілі бүкіл әлем елдері тілдерінің анасы деген сөз.
2. Шыңғыс қаған Тәңірге (Құдайға) табынған. Бұл сол замандарда жазылған барлық тарихи
еңбектерде айқын көрсетілген. Біздің «О, Құдайым!» және сонымен қатар «О, Тәңірім!» дейтіндеріміздің сыры осы. Оларда дәл біздегідей әулиеге түнейді, туыстарының басына барып садақа жасайды. «Құпия шежіреде» Шыңғыс ханның үш рет жаны қиналғанда «Мойына бұршақ салып» Тәңірден тілек тілегені жазылған. Үш тілегі де қабыл болған.
3. Шыңғысхан құрған хандықтың құрамы қазақ руларынан болды. Сол рулар күні бүгінде де қазақ халқының құрамында.
Күн қағаны Мөде б.з.д. 209 жылы құрған империядан бергі 1500 жыл ішінде қазіргі Мұңалия (Моңғолия) аймағында қазақ этносын құраған көптеген тайпа мен рулар өмір сүрген. Бүгінгі күні Керілген (Керулен) өзенінің арнасынан 25 шақырым жердегі Шыңғыс ханның жазғы жайлауы Аваргада 1990 жылы қойылған ескерткіште қырыққа жуық қазақ тайпасы мен руының таңбасы қашалған. Олар: арғын, бағаналы, балталы, шапырашты, беріш, ошақты, жалайыр, тарақты, тама, табын, жаппас, шекті, қаңлы, телеу, керей, алаша, таз, ысты, адай, сарыүйсін, дулат, уақ, қоңырат, рамадан, алтын, кете, төртқара, қарасақал, жағалбайлы, шеркеш, сиқым, албан, ботбай, шымыр, матай және терістаңбалы. Қазіргі қазақта барлығы 105 таңбалы қазақ руы бар делінеді.
4. Шыңғысханды «еншілеп» жүрген бүгінгі моңғолдардың жері 1921 жылға дейін Түркістан деп аталған. Моңғолиядағы жер-су атауларының бәрі «әсем әннің қайырмасындай» болып қазақ даласындағы атауларды түгелдей қайталайды. Мысалы, бала кезімізден бәрімізге жақсы таныс, мектеп қабырғасынан жаттап өскен
«Әй, Тайқарбай дегенде, Әй Тайқарбай,
Қойыңды Тайқартасқа жай Тайқарбай», — деген жаңылтпашқа арқау болған Тайқар өзені де, Тайқар жазығы да, Тайқар тасы да осы Мұңалия (Моңғолия) жерінде. Тайқартас Қаңға үстіртіндегі Тарбағатай мен Ұлытаудан бастау алатын Тайқар өзенінің бойындағы көк жазықтың ортасында орналасқан. Қаңға үстірті демекші, осы Қаңға бабаның жерленген жері Маңғыстаудың Түпқараған ауданы жерінде. Күні бүгінде де Қаңға баба деп аталады.
5. Шыңғыс қағанның бас таңбасы (гербі) «Тіл таңба» болған. Оны «Қас би» таңба деп те
атаған. Мысалы, «Алтан Тобыш (Алтан Тобши)» атты еңбекте осылай көрсетілген. Бүгінгі Каспий теңізінің дұрыс атауы осы. Бүгінгі Маңғыстаулық Адайларда екі таңба бар. Біріншісі «Тіл», екіншісі «Жебе». Екеуі де Адайдың лақап аты. Себебі, олар бүгінгіше айтқанда осы ұғымдардың «авторы». Адайлар күні бүгінде де «Тіл таңбалы Адайлар» деп аталады. Бұл таңба Моңғолиядағы Шыңғысханның туған жері Аваргада да Шыңғысханға арнап орнатылған обелискіге салынған.
6. Шыңғыс қағанның «1206 жылғы мөрінде «Көкте тәңір, жерде қаған бар. Әлем иесінің таңба мөрі» деп жазылған (Эренжен Хара-Даван, Чиргис – хаан как полководец и его наследие. Алматы 1991, 19 бет). Қаған таза қазақ сөзі, негізі ман, хан, қазан (қазақ елі) деген сөзден шыққан. Бізге жеткен ұлы шежіреде тек қана қазақтан шығып әлемді билеген ұлы көсемдер ғана қаған атын иемденген. Бүкіл әлем тарихының бірде-бір елінде, қазақтан басқа билеушісін қаған деп атаған мемлекет болып көрген емес. Мысалы, Қазақ қаған, Ұлы Алаш қаған, Өгіз (Оғыз) қаған, Тоны көк Білге қаған, Бұмын каған, Күлтегін қаған, Шыңғыс қаған т.т. Яғни қаған деген сөз бүкіл әлемге билік жүргізетін ұлы хан, хандардың ағасы, яғни ең жоғарғы әмірші дегенді білдірген. Бұл жөнінде Әбілғазы: «Қағанның мәнісі мынау. Кім де кімнің ғиззаты және дәулеті хандық мәртебесінен артық болса, әмірлер мен халық оны қақан дер және кімнің мәртебесі қақаннан жоғары болса оны қаған дер. Қағаннан жоғары мәртебе, құрмет болмас» дейді. (Түрік шежіресі 110 бет).
Шыңғысханның Мөрі қазақша жазылған. Оны ешкім теріске шығара алмайды. Ал енді ойлап қараңыз, Орыс мемлекетінің мөрі ағылшын тілінде, француз тілінде болуы мүмкін бе? Англия корольдігінің мөрі неміс тілінде болуы мүмкін бе? Қазақ мемлекеті – қазақ тілінде.
Түсініктеме: Мен бұл жерде «Түрік» деген сөзді әдейі қолданбай отырмын. Себебі, Түрік Қазақтың баласы екендігі ежелгі шежірелерде айтылған. Біздің (қазақтың) сөздік қорымыздағы «Әз Түрік» деген сөз, Түрік Қазақтың баласы дегенді білдіреді. Әз Наурыз, Әз Жәнібек, Әз Тәуке, Әз Елбасы т.т. дейтініміз осыдан. Қазақтың түп атасы Әз Әулие. Бұл Маңғыстаулық 360 әулиенің ең біріншісі, ең ұлысы, ең ардақтысы деген сөз. «Ол не соншама, Әз әулие ме?», «Ол Әз әулие емес қой», «Тасташы, әрі Әз әулие қылмай» дейтініміз осыдан. Еске ұстағанымыз жөн, Әз (Аз) бүгінгі күнге қазақ деген атпен жеткен ұлы елдің түп атасы осы. Бүткіл жер бетіндегі ең ұлы құрылықтың Азия атанып жүргенінің де сыры осы. Әз әулиенің де моласы Маңғыстау да (Үстіртте).
7. Шыңғысхан қағанатының ұраны «Алаш» болған. Оның сарбаздарын Аландар (Алаштар) деп атаған. Қазақтың да ұраны Алаш емес пе? Шыңғыс қағанатының ақшаларында «Алаш» деген жазбалар болған. Оның кейінгі ұрпақтары бәріміз білетіндей, Алаш Орда хандығын құрды.
Кейінгі «Алашордашылар» қозғалысының көсемдері Әлихан Бөкейханов пен Санжар Аспендияровтың ұлы Шыңғысхан бабамыздың тікелей ұрпағы екендігін біле жүргеніміз абзал. Сол сияқты, сонау Керей мен Жәнібектен бастап, Қасым, Есім, Тәуке, Тәуекел, Абылай, Әбілқайыр сынды, қазақ хандарының барлығы да, тіпті қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уалихановтың да Шыңғыс қағанның тікелей ұрпағы екендігін зерделей жүргеніміз дұрыс. Егер біз Шыңғысханды және қазаққа 650 жыл бойы қаған (хан) болған оның ұрпақтарының қазақ екенін мойындай алмасақ, онда біздердің де өзімізді қазақпыз деп атауға құқығымыз жоқ. Бұл бүгінгі Қазақ Елбасын қазақ емес дегенмен бірдей.
8. Шыңғыс ханның туы-тоғыз шашақты үшкіл ақ мата. Ол тудың сабына үш жерден байланатын болған. Ал тудың дәл ортасында бауырына аулап алған жемтігін қысып, қанатын жайып, ұшып келе жатқан көк қаршығаның суреті салынған.
Түсініктеме: Ақ түс – ақиқатты, адалдықты және осы ұғымдарды дүниеге әкелген аталарымыз бен ағаларымызды білдіреді. Адамның (Адайдың) сөз түбірі Ад (Ат), Ада (Ата), ал ағаның сөз түбірі Ағ (Ақ) болатыны осыдан. Еске ұстайық. Атам қазақ та сөз түбірі (өз түбі, сөздің атасы) ешқашан жаңылысқан емес. Ананың ақ сүті, ақ неке, ақ ниет, ақ тілек, ақ адал мал, ақ орамал, ақ жаулық т.т. осы айтқанымның айдай айғағы болмақ. Тоғыз шашақ, мұңалдың алдындағы тоғыз буын аталары мен ағалары.
Олар, бірінші буын Адайдың екі баласы, яғни ағалы-інілі Құдайке мен Келімберді. Немерелері: екінші буын Тәзіке, үшінші буын Қосай, төртінші буын Құнанорыс (Рысқұл), бесінші буын Ақпан, алтыншы Балықшы (Шыбынтай, Қыпшақ), жетінші Жеменей (Бұзау), сегізінші Семит, тоғызыншы Тобыш, оныншы буын Моңғол (Мұңал). Моңғол Мұңалдың сандық атауы, яғни лақап аты.
Үш бұрыш – Үш Жүз (Үш аналы қазақ) және Нұқ пайғамбар шыққан ру (Қосай мен Қоңыратты) білдіреді. Үш саны Қосайдың сандық атауы. Ал, Қосай мен Қоңыратқа келсек, Қосай Адайдың (Атасының) қарашаңырағында қалғаны, Қоңыраттар бөлініп шыққаны. Үш бұрышты тудың сырыққа үш жерден байланатын себебі осы. Нұқ пайғамбардың үш ұлының (Қам, Сам және Иапес) елі.
«Нұх пайғамбар үш ұлын үш тарапқа: Хам атты ұлын Үндістан жаққа, Сам атты ұлын Иран жаққа, Иафес атты ұлын солтүстік жаққа жіберді. …Иафес атасының әмірімен Жуды (қазіргі атауы Қазығұрт (Қазық жұрт)) тауынан кетіп Еділ мен Жайық суының арасына қоныс тепті. Иафестің Түрік, Хазар, Сақлап, Орыс, Мең, Шын, Кеймар, Тарих атты сегіз ұлы болды. Иафес өлерінде өз орнына үлкен ұлы Түрікті отырғызып, өзге ұлдарына: «Баршаңыз Түрікті патша біліп, оның сөзінен шықпаңыздар», — деп өсиет қылды, оған Иафес ұғланы деген лақап ат қойды. (Әбілғазы «Түрік шежіресі» 12-13 беттер).
Көк – көк аспан елінің ұрпағы деген сөз.
Қаршыға – сөз түбірі «қар», бұл ақ, аға және ақиқаттың балама атауы. Ақша қарды Қар дейтініміз осыдан. Ал, Қардың түбірі «Ар», бұл Шыңғысханның арғы аталары Жарының сөз түбірі. Араптар да (Ар апалар) бізден тарайды. Олар өздерін ерте заманда Тәзіке елі (Адайдың бірінші немересі) деп атаған.
Ата сыйласаң, аға сыйласаң осылай сыйла. Ту жасасаң осылай жаса. Бір тудың өзі-ақ бүкіл Ата тарихты сайратып тұрған жоқ па? Нағыз даналық деп осыны айт. Сол үшінде оларды Қас би деп атаған. Каспий теңізі атауының негізгі мағынасы осы.
9. Салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының да қазақтан еш айырмасы жоқ. 100% cәйкес
келеді. Мысалы, Шыңғысхан еліндегі келіндер жұбайларының жасы үлкендеріне иіліп сәлем етеді. Бұндай салт қазақтан басқа ешбір елде жоқ. Шыңғысты хан боларда да, қаған боларда да халық сайлаған. Хан сайлау қазақ дәстүрі. Моңғолдар да хан, қаған деген ұғымдар жоқ. Олар билеушілерін Қонтайшы деп атайды.
10. Ешбір ел өзге елдің, өзге ұлттың ұрпағын хан сайламайды. Темірді (Шыңғысты) хан
боларда да, қаған боларда да, оның бүкіл ұрпақтарын да қазақтар өздеріне «ақ киізге салып көтеріп» хан сайлап отырған. 1986 жылғы Д.Қонаевты орнынан алып, орнына орыс Колбинді тағайындағанда не болғанын еске алайық.
11. Х11 ғасырда Мұңал даласында (қазіргі Монғолия) өмір сүрген Шыңғыс қағанның
айналасындағы адамдардың да, ру-тайпа аттарының бәрі де тек қана қазаққа тән. Олар, Есекей, Алтан, Құшар, Сағабек, Темір, Тастемір, Шыңғыс, Өлең, Бөрте, Жібек, Марал, Жамұқа, Белгітай, Қасар, Нақу-Баян, Бауыршы, Тарғытай, Желме, Алтан, Мұқалы, Жеменей, Есен, Бөкен, Жанай батыр, Үгедей, Жолшы (Жошы), Төле, Дәрітай, Шағатай, Тайшар Қарасақал, Жебе т.б. Оның үстіне Қият, Жадыран, Жары, Адай, Байұлы, Маңғыт, Керей, Найман, Меркіт, Жалайыр, Қоңырат, Ұйғыр, Жабал т. б. ел, ру, тайпа атауларын қосыңыз. Сол кездегі жоғарыда көрсетілген ру-тайпалардың барлығы да қазіргі қазақ халқының құрамында.
Шыңғысханның айналасындағы адамдардың көпшілігінің аттарының қасына «Ад», «Дай», «Адай», «Жары» деген тегі (қазіргіше айтқанда фамилиясы) қосылып отырады. Мысалы, «Жажир-Адай», «Туху-Адай», «Бөрі-Адай»(186 бет), «Нояқ-Адай», «Қаран-Дай», «Буда-Ад», «Дахал-Адай», «Арул-Ад» (187 бет), «Дай-сешен» (190 бет), «Жаршы-Адай» (200 бет), «Шырғы-Адай Батыр», «Жажир – Адайлық Жамұқа» (220 бет), «Жырғы Адай (Жебе)» (223 бет), «Жүрме Адай» (234 бет), «Жары Адайлық Қарыдар» (239 бет), «Жүрше Адай»(240 бет), «Бары Адайлық Наяан» (251 бет), «Жүрже Дай», «Долы Адай» (259 бет), «Идік Адай», «Қынкия Адай» (260 бет), «Жары Адай-Еген» (265 бет), «Алшы Адай» (271 бет). (Ілияс Есенберлин «Асыл аңыз» Моңғолдың кәдімгі жинағы. Алматы, 2002 «Көшпенділер баспасы).
Дүбун-Баянның (Дүйім-Баян М.Қ.) екі баласының аты Білге-Адай, Бекже-Адай. (Әбілғазы.
«Түрік шежіресі» 46 бет).
Бұл жағдай ескі тарихи жазбаларда көптеп кездесетін «Ад», «Дай» тайпаларының Адайлармен бір тектен шыққанын және қазіргі Адайлардың сол «Ад», «Дай»-лардың заңды жалғасы, яғни бүгінгі ұрпағы екендігін көрсетеді.
Сонымен қатар, Шыңғыс ханның ата-бабаларының және оның айналасындағы адамдардың есіміне қазақ халқында күні бүгінде де қолданыста жүрген «батыр», «мерген», «шешен», «бек, бегі, бекі», «хан», «қаған» деген елден ерек, бүкіл халық мойындаған құрметті атақтары мен лауазымдары қосылып жазылған. Мысалы, «Нашын-батыр», «Бұлтегі-батыр», «Бартан-батыр» (187 бет), «Есугей-батыр»(«189 бет), «Сүбетей-батыр» (210 бет), «Аушы-батыр» (220 бет), «Тақой-батыр» (225 бет), «Гүрі-батыр) (229 бет), «Қадақ-батыр (241 бет), «Мұқалы Шылайын-батыр» (264 бет), «Хорышар-мерген», «Боржығытай-мерген», «Добун-мерген», «Барқұдай-мерген», «Қорылартай-мерген» (183 бет), «Дүмбілай–шешен» (187 бет), (Дай-шешен» (190 бет), «Құйылдыр-шешен» (241 бет), «Тоқта-бекі», «Құдық-бекі», «Белгі-бекі» (220 бет), «Алақ-бекі» (276 бет), «Ван-хан» (202 бет), «Торуыл-хан» (204 бет), «Далдұр-хан» (212 бет), «Бұйрық-хан» (220 бет), «Таян-хан», «Күшлік-хан» (246 бет), «Алтан хан» (282 бет), «Қабыл-қаған», «Құтыла-қаған» (187 бет), «Амбағай-қаған» (192 бет). Ілияс Есенберлин «Асыл аңыз».
12. Сөз түсінетін ақыл-есі түзу жандарды бірден мойындататын жағдай, Шыңғысхан қағанаты
ақшасының теңге деп аталуы және онда «Қазақ», «Алаш» және «Аға хан» деген жазбалардың болуы.
«Аға хан» демекші, «Аға хан» мен «Қаған» синоним сөздер. Айырмасы, Қ-аға-н дегенімізде, Хан сыртында қалып, Аға сөзі ортаға ауысады. Маңғыстауда Қанға баба деген әулие-қорым бар. Бұл алғашқы хандық құрылған жер. Қанғаның толық мағынасы Хан аға. Ал «Қаған (Аға хан)» дегеніміз, бүткіл жер бетіндегі барлық хандардың ағасы деген сөз.
Бас таңбасы «тіл», өзгелер Қас би (Каспий) деп атаған Қазақ қағанатының сөздік қорында дәл осындай «құпия» мағынасы бар сөздер баршылық. Олар: Садақ (С-ада-қ) – Сақ ата (Сақтардың атасы), Санақ – Сақ ана, Сабақ — Сақ апа, Сенек – Сақ ене, Сағақ – Сақ аға (Су ақпайтын ба еді сағадан, сөз басталмайтын ба еді ағадан) т.т. болып жалғасып кете береді. Бұл жерде авторлық құқық сақталып тұр. Сөз жасасаң осылай жаса. Тарих жазсаң осылай жаз. Бұдан асқан даналық болуы мүмкін бе?
Қорытынды: Соңғы екі мыңжылдықтың ең ұлы тұлғасы болып бүкіл әлем елдерімен (ЮНЕСКО) мойындалған Шыңғыс қағанның тегі қазақ екендігі дауға да, күмәнға да жатпайды. Егер біз осыны мойындай алмасақ, біздерге өзімізді де қазақпыз деп атауға құқығымыз жоқ.
Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім,
Ақтау қаласы
Толығырақ: http://alashainasy.kz/kazak_tarihy/shyingyishan-kazaktyin-ulyi-kaganyi-64912/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі