– Біз бүгінгі сұхбатымызда республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегері, Құрманғазы атындағы қазақ Ұлттық консерваториясы Халық музыкасы факультетінің Домбыра кафедрасында оқытушылық қызмет атқаратын күйші Баян Игілікті оқырманға жақынырақ таныстырсақ деген мақсат ұстанып отырмыз. Сондықтан қай өңірдің тумасы екеніңізді, шығармашылық жолыңыздың қалай қалыптасқанын айта отырсаңыз…
– Менің туған жерім – Сыр өңірі, дәлірек айтқанда Қызылорда қаласы. Ата-анам қарапайым адамдар. Анамның ұстаздық білімі болғанымен, өмір бойы облыстық баспаханада газет қателерін теріп, станоктың жанында тұрып жұмыс істеген. Әкем көптеген мемлекеттік мекемелерде бас есепші болып қызмет атқарды. Қазір екеуі де зейнеткерлер. Жанұямызда төрт қыз, бір ұл құлын-тайдай тебісіп өстік. Отбасымызда музыкадан хабары бар адамдар некен-саяқ, бірақ барлығы бірдей ән-күй десе ішкен асын жерге қояды. Мені осы киелі өнерге, соның ішінде домбыра тартуға баулыған әжем болатын.
Кішкентай кезімізде ата-анамыз жазғы үш ай демалыста әжеміздің қолына жіберетін. Жаз бойы сол үйдегі балалармен басымыз қосылып, мәре-сәре күй кешетінбіз. Әжемнің аздап ән салатыны бар еді, оның үстіне төрдегі кілемнің жоғары жағында ылғи да бір қара домбыра ілініп тұратын. Оны ешкім тартпайтын. Шамамен 6-7 жасқа толып, сәл есейген кезімде сол домбыраға көзім түсіп, әжеме үйренгім келетінін айттым. Ол кісі өзі шерте алмайтын болғандықтан, үйдегі келініне, нағашы сіңлілеріне, әйтеуір азды-көпті хабары бар туған-туыстарға айтып, мені домбыра ұстауға, бір саусақпен ептеп ойнауға үйреттірді. Сөйтіп, біртіндеп жүріп, әжемнің жақсы көріп айтатын «Еркем-ай», «Мәгәп-ай» сияқты халық әндерінің әуендерін өз бетімше домбыраға салатын халге жеттім. Мұны естіген ата-анам қатты қуанып, келесі жылы үйдің іргесіндегі домбыра үйірмесіне берді. Көп ұзамай өнерімді шыңдап, мектеп, үйірме ішіндегі мерекелік шараларға, концерттерге қатыса бастадым. Бір-екі жылдан соң үйірмеге Рысдәулет Рысмамбетов деген жаңа мұғалім келді. Мені алғаш рет тыңдағаннан-ақ «музыка мектебінде оқығың келе ме?» деп сұрады. Кешкісін үйге телефон шалып, әкемнің келісімін алды. Сөйтіп, сол жылы жазда Қызылорда қаласының №1 балалар музыка мектебіне орналастырып, өзінің класына қабылдады. Музыка мектебін 1985-1990 жылдары оқып жүріп, қалалық, облыстық, республикалық жас орындаушылар байқауларынан жүлдегер атандым. Осы сайыстардың жеңімпазы ретінде және үздік білім куәлігінің арқасында 1990 жылы Қызылорда музыка училищесіне оқуға түстім. 1994 жылы үздік аяқтағаннан кейін, ұстаздарымның барлығы консерваторияда білімімді жалғастырғанымды қалады. Бұл – менің де арманым еді. Ата-анамның рұқсатын алып Алматыға оқуға келдім. Ол кезде қабылдау комиссияның ережесі бойынша үздік куәлігіңді, жүлделеріңді, мақтау қағаздарыңды көрсетсең, бір ғана мамандықтан емтихан тапсыртатын. Дәл осындай жағдаймен менің бағым жанып, студент атандым.
– Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қаршыға Ахмедияровтың класына бірден қабылдандыңыз ба?
– Алғашында бір жыл басқа кісіден дәріс алдым. Кейін ол ұстазымның қызметтен кетуіне байланысты мені емтихан, сынақтардан орындаушылығымды байқаған Қаршыға Ахмедияров ағамыз өзінің класына ауысуына ұсыныс жасады. Мен үшін бұл күтпеген жерден қуанышты хабар болды. Себебі дәулескер күйшінің қолынан тәлім алу үлкен бақыт еді. Оның үстіне, өзінің класы толық бола тұра мені қабылдағанын, әрі кез келген студентке мұндай ұсыныс жасай бермейтінін жақсы түсіндім. Арада көп уақыт өтпей, күйшілік деңгейім өсе бастады. Қаршыға ағайым көптеген республикалық және халықаралық сайыстарға қатыстырды. Атап айтқанда, Атырау қаласында өткен Дина атындағы Республикалық қыз-келіншектер арасындағы байқаудың жеңімпазы, Астанада ұйымдастырылған халықаралық Құрманғазы атындағы сайыстың жүлдегері, Оралда жүзеге асқан Дина Нұрпейісова атындағы халықаралық сайыстың лауреаты атандым. Әрине, мұның бәрі ұстазымның берген білімінің арқасы деп білемін. Қаршыға Ахмедияровтың орындаушылық шеберлігін бүкіл халық мойындайды. Қос ішектің қыр-сырын зерттеп, төкпе мен шертпе күйлерді қатар орындаған күйші. Өзінің бар білгенін шәкірттеріне үйретуден еш аянған емес. Әрине, ұстазымның тәлімін мұқият тыңдап, айтқан сөздеріне құлақ салып, санама тоқып, көп еңбектенудің арқасында белгілі бір орындаушылық деңгейге жеткенімді сезіндім. Оқу барысында барлық күй мектептерін меңгеріп шықтым десем қателеспеймін.
– Ал Шыңжаң қазақтарының күйлерін қай уақыттан бері жинастыра бастадыңыз?
– Консерваторияны тәмамдаған соң, мемлекеттік емтиханның нәтижесі бойынша «жеке орындаушы», «оркестрдің солисті» деген мамандыққа қол жеткізіп, білімімді тағы да Қаршыға Ахмедияровтың класында жалғастыруға жолдама алдым. Бірақ сол кезде Қаршыға ағай өзінің денсаулығына байланысты Қытай мемлекетінде 5-6 ай жатып, емделуге мәжбүр болды. Қарап жатпай, біраз күйлер шығарып, Бейжіңнің орталық радиостансасына 90-ға жуық күй жаздырды. Қазақстаннан атақты күйші келгенін естіген сол жақтағы домбырашылар емханаға іздеп барады. Өз өнерлерін көрсетеді. Шығыс күйлерін естіген Қаршыға Ахмедияров осы Алтай-Тарбағатай, Іле өңірінің күйлерін қызығушылықпен тыңдап, олардың әлі күнге дейін жүйелі түрде зерттелмегенін байқайды. Кейін Бейжіңдегі қазақ радиосының дикторы Қызырбек Жанасылұлын шақырып, біраз халық күйлерін Шыңжаң қазақтарының орындауында үнтаспаға жазып беруін өтінеді. Қызырбек Жанасылұлы бұл тапсырманы аса қуанышпен орындап, елге оралар алдында ағайдың қолына екі үнтаспа ұстатып жібереді. Алматыда Қаршыға ағайды сағынышпен қарсы алдық. Ол кісінің құрметіне консерваторияның концерттік залында шәкірттері, оқытушылар шағын концерт ұйымдастырдық. Ұстазымыз көзіне жас алып, сағынышы басылмай, қуаныш сезімін жасыра алмады. Біз де оның аман-есен ортамызға қосылғанына мәз болдық. Бір күні ағай сабақ үстінде әлгіндегі екі үнтаспаны маған ұсынып, «Шыңжаң күйлерін нотаға түсіріп жарыққа шығар, зертте. Ғылыми тақырып ретінде алғаның дұрыс болар» деп ақыл қосты. Содан бері бірнеше жылдар өтті. Оқуымды аяқтап, консерваториядағы Домбыра кафедрасына оқытушылық қызметке қабылдандым. Ағайымның жанында жүріп, ұстаз болып еңбек етудің мәнін түсініп, тәжірибемді жетілдірдім. Арасында күйбең тірлік, жеке өмір, жанұя мәселесіне айналып қалып жүрдік. 2007-2010 жылы консерваторияның ізденушісі ретінде Ғылыми кеңес алдында өзімнің ғылыми диссертациялық тақырыбым «Шыңжаң қазақтарының қазіргі заман күйшілерінің шығармашылығы. ХХ-ХХІ ғасыр» деген атпен ресми түрде бекітілді. Ғылыми жетекшім – белгілі өнертану кандидаты, профессор Сауле Өтеғалиева апайым болды. Ғылыми және шығармашылық ұстазыммен бірігіп жұмыс жасау барысында біраз еңбек атқарылды.
– Қаршыға аға әкеліп берген күйлердің қатарын толықтырдыңыз ба? Қосымша деректерді сол елдің мұрағатынан іздедіңіз бе, жоқ арнайы экспедициямен бару мүмкіндігі туды ма? Көнекөз қариялардан да сұрастырған боларсыз…
– 2007 жылы консерваторияның студенттік халық аспаптар оркестрінің құрамы Шыңжаң аймағының Үрімжі қаласына гастрольдік сапарға дайындалды. Қаршыға ағайға бір ауыз айтып, «Зерттеу жұмысыма біраз материалдар жетіспейді. Мені де осы оркестрдің құрамына қосып, гастрольге жіберсеңіз бола ма? Сол жақтан біраз қор жинай келуші едім» деп өтініш білдірдім. Ол кісі бірден деканға айтып, тізімге іліндірді. Сөйтіп, Үрімжіге жол түсті. Алматыдан шықпай тұрып, сол жақтағы ең мықты деген күйшілердің байланыс телефондарына хабарласып, оларға өзімнің бара жатқанымды айттым. Үрімжінің қонақ үйіне орналасып болған соң, Алтай өңірінің күйшісі, марқұм Дәулет Халықұлы ақсақал мен ұлы Ұланға хабарластым. Олар ертесіне Үрімжіден әрі 300 шақырым жердегі Күйтін қаласынан домбырасын көтеріп, қонақ үйге іздеп келді. Үш сағатқа жуық әңгімелестік. Әрине, барлығын бір күнде айтып тауысу, қамту мүмкін емес еді. Дегенмен ол кісіден сол өңірдің күйшілік мектебі туралы, өзінің жеке шығармашылығы жөнінде біраз мәлімет жазып алып қалдым. Гастрольдік сапарда жүрген соң уақыт та, әрине, өте тығыз, әрі шектеулі болды. Екі күнде үш концерт беріп, үшінші күні кетуге дайындалдық. Бар болғаны бір кісімен жүздесе алдым, екі күйшімен телефон арқылы байланыстым. Қайтар күні кітап сатылатын және музыкалық дүкендерге кіріп, өнерге, музыкаға, нақты домбыраға қатысты 5-6 кітап пен бірнеше үнтаспа алдым. Барлығын елге алып келдім.
– Туындыларды жинастыру барысында қандай қиындықтар алдыңыздан шықты?
– Бір өкініштісі, Үрімжіден сатып алған кітаптарымның барлығы төте, көне араб жазуымен жазылған екен. Ұстаздарым «қалай оқисың?» деп күмәндана қарады. Өзіме де қиындау тиді. Бірнеше рет Қытайдан келген қандастарымызға аудартып, оқып берулерін өтіндім. Бірақ қашанғы біреуге салмақ салып жүресің, бұл әдісім ұзаққа бармады. Сосын жұмысым тоқтап қалмасын деген мақсатпен төте жазуды меңгеруіме тура келді. Басқа жол жоқ. Не керек, үш айдың ішінде ежіктеп оқи бастадым. Көптеген мәліметтерді ғаламтордан іздестіру барысында АҚШ-тағы Кембридж университетінің профессоры, ағылшын зерттеушісі Линда Бенсоннің «Қытайдағы көшпенді қазақтар» атты тарихи еңбегімен танысу үшін оған хат жолдадым. Ол кісі екі айдан кейін маған өзінің кітабын салып жіберді. Оны да тіл білмегеннің кесірінен аударма арқылы таныстым. Кейін 2010 жылы Үрімжіге қайта барып, Тарбағатай өңіріндегі белгілі күйші Ғизат Сейтқазинмен жүздестім. Бізді үйіне қонаққа шақырып, армансыз, асықпай сұхбат алдым. Өкінішке қарай, ол кісі де қазір қайтыс болып кетті. Осындай жұмыстың арқасында 2011 жылдың көктемінде менің алғашқы ғылыми-тәжірибелік еңбегім «Алыстағы шұғыла» деген атпен жарық көрді. Әрине, өз қаражатыма шығарғаннан кейін көлемі де, тиражы да аз болды. Бар болғаны 200 дана. Марқұм Қаршыға ағайым осы кітабымды көре алмай кетті. Бірақ 2010 жылдың басында бұл еңбегім туралы құлағдар етіп, пікір жазып беруін өтінгенмін. Ағай бар ризашылығымен қолтаңбасын қойып, жазып берген болатын.
– Сонымен, бүгінгі таңда қанша күй жинадыңыз? Әлі де зерттелмегендері бар ма?
– Әрине, бір кітаппен «бәрін қатырып тастадым» деуге болмайды. Зерттелмей жатқан дүние қаншама! Біз естімеген күйлер жетерлік. Домбыра кафедрасының профессоры Біләл Ысқақов та осы Алтай-Тарбағатай күйлерін жарыққа шығару мақсатымен еңбек етуде. Ол кісінің кітабында нотаға мен хаттаған елу шақты күй түсті. Бұл жинақ 2009 жылы «Атамұра» баспасынан жарыққа шықты. Осы тақырыпта жазылып жатқан басқа да еңбектер мен ғылыми мақалалар бүгінде жинақталып қалды деуге болады. Дей тұрғанмен, осы тақырыпқа қызығушылық арта түссе де теория жағынан толыққанды, жүйелі түрде, талдау арқылы жасалынып, жазылған еңбек жоқ. Бұл менің де, болмаса басқа кісілердің де көкейінде жүрген мәселе екені сөзсіз. Осы бағытта алдыма қойған мақсаттың бірі белгіленген тақырыптың әлі де тереңірек, түп жағына үңіліп, теория жағына еңбек етіп, ақсап жатқан жерлерін толықтырсам деймін. Бүгінгі күнге дейін жинақталған біршама күйлердің ішінен іріктеп, бірнешеуін өз орындауымдағы күй қорыма енгізгім келеді. Қазіргі кезде консерватория студенттері осы кітаптағы күйлерді орындап жүр.
– Бағана «зерттеу жұмыстарымның арасында жанұя мәселесіне көбірек көңіл бөліп кетіп жүрдім» деп қалдыңыз. Отбасыңызға тоқталсаңыз…
– Өмірлік серігім әрі әріптесім Қуаныш Жұмағалитегі де күйші, жоғарыда айтылған Домбыра кафедрасында оқытушылық қызметте. Профессор Карима Сахарбаева апайымыздың класынан бітірген. Орындаушылығымен қосымша шығармашылықпен де айналысады. Бүгінде бірнеше ән-күйлері, жеке аспаптық шығармалары танымал болып үлгерді. Екеуміздің Мәдина және Динара есімді екі кішкентай қыздарымыз бар. Олар да өнерден құралақан емес. Консерватория ұстаздарынан үрмелі флейта аспабынан дәріс алады. Аздап домбыра да тартады. Шығармашылық жолда ғана емес, өнегелі шаңырақ ретінде де еліміздің өсіп-өркендеуіне лайықты үлес қосамыз деген ойдамыз.
Байдәулет Қаншайым
http://www.aikyn.kz/articles/view/29062