Күздің соңғы айы қарашада ауа райы жауын-шашынды болады, жел күшейіп, тұман түсіп, көктайғақ күтіледі, — деп хабарлайдыTengrinews.kz тілшісі «Қазгидромет» кәсіпорнына сілтеме жасап.
Қарашаның бірінші онкүндігінде солтүстікте, шығыста және орталықта қар жауады. Ал батыс пен оңтүстік-шығыста қарашаның үшінші он күнінде қар түседі. Бұл айда суықтың үш толқыны келіп жетеді, ол бірінші және екінші онкүндіктің басында, сонымен қатар, үшінші онкүндіктің ортасында.
Синоптиктердің мәліметінше, қараша айының үшінші онкүндігінің ортасында қатты аяз болады, ол кездері Қазақстанның солтүстігінде түнгі ауа температурасы 20 градусқа дейін төмендейді, күндіз 12 градус суық болады. Ал еліміздің оңтүстігінде түнде — 10 градус, күндіз 5 градус суық болады.
Айта кетейік, бұған дейін синоптиктер 3-5 қарашаға арналған ауа райыболжамын жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, 3-5 қараша аралығында Қазақстанның солтүстік бөлігінде қар жауып, боран соғады, ал оңтүстікте тұман түсіп, жауын жауып , жолдарда көктайғақ болады.
«Оңтүстік-батыс желінің күшеюіне байланысты республика бойынша аяздың беті қайтады: еліміздің басым аумағында түнде 0-5 градус суық, күндіз -3+3 градус жылы болады, ал оңтүстікте түнде 0-5, күндіз 3-10 градус жылы болады», — деп хабарлады метеорологтар.
.tengrinews.kz