Пессимистер қауымы үшінші дүниежүзілік соғысты болжап та, одан сақтандырып та, оның сипаты мен салдарын суреттеп те болды. Ресейдің Сирияда әскери қимылдарға ашық кірісуі осы тектес болжамдарды растағандай көрінген. Бірақ бұл Сириядағы дағдарыстың кезекті сатысы ғана сияқты. Базбіреулер АҚШ бастаған коалициялық күштер мен Ресей әрекетінен соң енді бұл қақтығыстарға Қытайдың кірісуінен сескенеді.
Тіпті, белгілі америкалық саясаткер Збигнев Бжезинскийдің өзі үшінші дүниежүзілік соғыс өртінің шығуынан қауіптенеді. 4 қазанда ол «The Financial Times» газетінде «Сирияда Ресей Америкамен бірлесе қимылдауы керек» атты мақала жариялады. http://www.ft.com/cms/s/0/c1ec2488-6aa8-11e5-8171-ba1968cf791a.html.
«Мен Сирия трагедиясында президент Барак Обаманың бастапқы кездегі күш қолданбау саясатын қолдадым» – дейді З.Бжезинский. Ол Иранмен ядролық мәселелерге қатысты келіссөздер барысында АҚШ пен Ресейдің әріптес ретінде тізе қосып қимылдағынан айта келіп, енді Сирия дағдарысын Қытай мен Ресей сияқты «маңызды қатысушыларды» ортаға тарту арқылы шешуге болады деп сенеді. Ал Кремльдің Сириядағы әуеден жасалған шабуылын Бжезинский «Жақсы мағынада – Ресейдің әскери біліксіздігіің көрінісі, жаман мағынада – АҚШ-тың саяси қауқарсыздығын әшкерелеу талпынысы», – деп баға берген. Ресейдің әскери ұшақтары нысанасына алған базалар – АҚШ-тың екі жылдан бері қаржыландырып, әскери дайындықтан өткізіп келген сириялық оппозициялық күштердің мекені еді. Енді бұрынғы АҚШ президентінің бұрынғы кеңесшісінің пікірінше, Ақ үй дереу Кремльден Сирияда АҚШ-қа қарсы әрекет етуін тоқтатуды талап етуі тиіс. Мұны істей алмаса, Американың Таяу Шығыстағы беделіне біржола нұқсан келеді деп санайды.
Саясаткердің айтқаны келді: осы аптада АҚШ пен Ресей Сирияда әуе күштерінің қақтығысын болдырмас үшін Өзара ықпалдастық туралы меморандумға қол қойды. Екі елдің қорғаныс саласы бұдан былай кеңесе, келісе отырып қимылдауға уағдаласты. Бірақ бұл құжат екі елдің Сирия мәселесіндегі әріптестігін, яғни ортақ мақсатқа жұмылуын білдірмесе керек. Бар болғаны, алпауыттар бір жерде қатар соғыс қимылдарын жүргізсе де бір-біріне қару жұмсаудан өз-өздерін сақтандырды.
Бжезинский АҚШ пен Ресейдің Таяу Шығыстағы мүдделік қақтығысын одан әрі асқындырмас үшін бұл геосаяси «ойынға» Қытай араласуы тиіс деген пікірін жасырмайды. Оның ойынша, Франция мен Ұлыбритания Таяу Шығыстағы саяси салмағын жоғалтқан. Ал егер Пекин «жасырынбақ» ойнауды жалғастыра берсе, онда: «Қытай сырт қалғысы келетіні анық… Бірақ аймақтық бейберекетсіздік солтүстік-шығысқа қарай тез жайылуы мүмкін, ол Орталық және Солтүстік-Шығыс Азияны да шарпуы мүмкін. Бұдан әуелі Ресей, сосын Қытай зардап шегетін болады», – дейді Бжезинский.
Шындығында, Қытайдың бұл аймақтағы алпауыттар текетіресіне ашықтан-ашық араласуы қисынсыз көрінеді. Рас, қазіргі Қытай осыдан елу-алпыс жыл бұрынғы Қытай емес. Экономикалық даму бағытын өзгертіп, ішкі саясатта түбірлі реформалар жүргізуден жүрексінбеген Қытай ХХІ ғасырда сыртқы саясатта батылырақ қимылдауға бейіл. Оның ШЫҰ сияқты аймақтық ұйымдардағы белсенділігі, Ресеймен стратегиялық әріптестігін күшейтуі, Оңтүстік Қытай теңізінде жасанды арал тұрғызуға талпынысы – Қытайдың көксегені көкте екенін аңғартады.
Бір сөзбен айтқанда, Қытай геосаясаттағы үстемдікке ұмтылу ниетін жариялағанымен, оның нақты қандай бағыт ұстанатыны әзірге түсініксіз. Бір саусағы бүгулі қытайлық дипломатия әлі өз күшінде.
Оның үстіне, Ресейді «Үлкен сегіздік» форматынан алыстатса да, Батыс оны халықаралық изоляцияға ұшырата алмады. Ресей президентінің БҰҰ Бас Ассамблеясында батыл мәлімдемелер жасауы, өзіне нық сенімді екенін көрсетуі Путиннің батыстағы рейтингісін біраз көтермелеп тастады. АҚШ президентімен көзбе-көз кездесуден соң Путин мен Обаманы салыстырушылар көп болды. Екі президенттің не мәселені талқылап, қандай келісімдерге келгенінен бөлек, қайсысының бәсі жоғары, қайсысының ұстанымы берік, қайсысының стратегиялық бағыты анық деген өлшемдер бойынша безбенге салды. Обалы нешік, бұл салыстырулар Обаманы онша қуанта қоймас.
Обама АҚШ-ты мақтап, мадақтап, өз елінің өрлеуіне түрткі болған адам құқығы мен бостандықтарды басқаларға үлгі еткенде, Путин батыстық әріптестерін ашықтан-ашық сынға алды. «Не бүлдіргендеріңді көріп отырсыңдар ма?» деген сыңай байқатты. Оларды шетелдік мемлекеттердегі билікті күшпен өзгертуге, ИГИЛ-дің пайда болып, өрістеуіне жол беруге, босқындар мәселесінің ушығуына тікелей кінәлі деп айыптады.
Екі президент Сирия мәселесін талқылауға алдын ала келіскен делінсе де, осы жиыннан соң келесі күні Ресейдің әскери күштері Сирияны бомбының астына алды. Шын мәнінде, Ресейдің әскери ұшақтар мен жүк тасымалдаушы ұшақтардың көп бөлігін Сирияға бағыттауға дайындығы жайлы Ақ үй алдын ала білген. Америкалық барлау қызметінің жұмысында ақау жоқ. Сонда да Ақ үй әкімшілігі соңғы сәтке дейін Ресейдің Сирияда не істемек ниеті барын түсінбей, ақырына дейін күткен сықылды.
Ақ үйдің осы кездегі әрекетін еуропалық түгілі, америкалық сарапшылардың өзі түсіндіре алмай әлек. Қолдан келгені – Сириядағы АҚШ пен Ресей әскерінің бір ел аумағында соғыс қимылдарына кірісуін өткен ғасырдағы Куба дағдарысымен салыстыру ғана. Тіпті, бірінші және екінші дүниежүзілік соғысқа себеп болған территориялық дауларды тізбелеп, бүгінгі ғаламдық ахуалмен салыстырады.
Сарапшылардың басым көпшілігі Ресейдің тым шалт қимылға бару себебін Барак Обаманың батылсыздығынан іздейді. Дегенмен, Обаманың демократтық ұстанымын және америкалық саясатты «жұмсақтыққа» бұру талпынысын қолдаушылар да жетерлік.
Көп жұрты босып кеткен Сириядағы соғыстың қашан аяқталары белгісіз. Кеше ғана осы елден қашқан босқындар мәселесін адамзаттық деңгейге көтерген еуропалық және батыстық саясаткерлер мұндайды күтпеген болуы керек, дымы ішінде.
Еуропа АҚШ-тың бұған қалай жауап берерін күтіп, қимылсыз отыр. Ал АҚШ геосаяси ойындардың қат-қабат комбинациясынан басы қатқан ойыншыдай шаршаңқы қалыпта.
Ең бастысы Сирия халқының тыныштығын кім ойлайды? АҚШ, Сауд Арабиясы, Катар және Біріккен Араб Әмірлігі, енді міне Ресей әскерлерінің осы елдің территориясына рұқсатсыз кіріп, бас-көзге қарамай оқ пен оттың астына алуын сириялықтар сұрап па?
Сонда Ресей Сирияда не жоғалтты? Немесе, сұрақты төтесінен «Ресейге Сириядан не керек?» деп қойған жөн болар. АҚШ Сириядағы адам құқығы мен демократиялық құндылықтарды қорғауды желеу етсе, Ресей терроризммен күресуді, «Ислам мемлекеті» деп аталған ұйымының көзін жоюды сылтау етті. Сирияның президенті Башар Асадты қолдау ниеті бар екені де құпия емес.
Бірақ Кремль үшін Башар әл-Асадтың жеке басы қымбат дегенге иланғаннан ертегіге сенген жақсы. Оның Сириядағы әскери қимылдары Батыстың, әсіресе, АҚШ-тың көз алдында бұлшық еттерін бұлтыңдатуға ұқсайды. Оның үстіне, Таяу Шығыс аймағындағы ықпалын сақтап қалуға мүдделі.
Екінші жағынан алғанда, Украина дағдарысынан кейін жарияланған экономикалық санкциялар мен халықаралық изоляцияға берілген жауап бұл. Дөкір әрі батыл жауап. Сирияға әскер кіргізгендегі көздеген мақсаттары орындалар болса, Кремльдің Батыспен, ең әуелі, Ақ үймен саудаласуда бәсі артпақ. Оның үстіне, Сириядағы ресейлік әскери базаны сақтап қалуды көздейді.
Осы орайда, ұрымтал ой келеді: Ресейдің Асадты қолдауы АҚШ-тың үстемдігіне қарсылық екені анық, бірақ одан да тереңірек үңілсеңіз, Ирак пен Ливияның «өнегесін» қайталаудың алдын алмақ. Егер Батыстық елдер «халықтың демократияға деген құқығын жүзеге асыру үшін автократ басшыларды тақтан тайдыру» деген желеумен кез келген елге күшпен басып кіруді жалғастырар болса, онда көп елдің күні қараң. Оның ішінде билік басында отырғанына он бес жылдан асқан Путиннің өзі де бар. Қазір Батыс Путиннің сайланбалы мерзімінің бітуін күтіп, тыпыршып отыр. Бірақ қатарынан екі дүркін сайлану құқығы аяқталған соң ол билік басында қалудың басқа амалын қарастырар болса, «демократияны қорғаушы» күштер қандай да бір әрекет жасауға талпынуы әбден мүмкін. Қазақша айтқанда, Кремльдің Асадты жақтауының бір сыры «Өгізге туған күні бұзауға тумасынның» кері.
Осындай алмағайып кезеңде ҚХР төрағасы ғаламдық геосаяси үстемдікке ұмтылысын айқын аңғартты. Қысқарша айтқанда, Си Цзиньпин «ірі державалар арасындағы қарым-қатынастың жаңа моделін» орнатуды ұсынды. Пекиннің ойында бұл – АҚШ пен Қытайдың әлемдік геосаясатта бірлесе үстемдік ету моделі. Бұған қоса, «Бір белдеу – бір жол» атты Еуропадан Шығыс Азия арасында экономикалық интеграцияны жүзеге асыру жайлы жоспарын жайып салды. Шамасы, Си жолдастың ойынша, болашақта барлық жол Пекинге апаратын болса керек.
Осылайша, Қытай Ресеймен экономикалық, ал АҚШ-пен саяси одақтастық орнатпақ. Бірақ Путин мен Обама өзара сөзбен «қылыштасып» жатқанда Си жолдас бейғам қалпынан танбады: «қай жеңгенің – менікі» дегендей…
Ақпараттық мозаикаға тағы бір кескін қосар болсақ, осы айда ғаламторда Никита Хрущевтің немересінің сұхбаты жарияланды. http://www.svoboda.org/content/article/27289138.html. «Азаттық радиосы» Нью-Йорктағы New School университетінің профессоры, саясаттанушы Нина Хрущевадан сұхбат алған. Путиннің бейнесі, оның Никита Хрущевпен арадағы ұқсастықтары, әлемдік геосаясат – бұл сұхбатта талай мәселе ортаға салынған. Ол Путинді жақтамайды, бірақ Сирия мәселесінде Ақ үйдің соңғы үш жылда сылбырлық танытуын масқара деп санайды. «Егер Батыс өзі үнемі айта беретін жолға өзі бастамаса, олар (демократиялы емес елдер – ред.) оның нәтижесі қандай болатынын көрсетіп береді. Менің ұстанымым Путинді мақтау емес. Бірақ егер саясатта ваккум пайда болса, «оқшауланған» мемлекеттер мен демократиялық емес елдер бұл кеңістікті толтырады. Бұған ренжудің қажеті жоқ, бұған тек қарсы тұру керек» дейді ол. Никита Хрущевтің немересі осылайша Ресейдің әлемдік геосаясаттағы «әсіребелсендігін» тыю керек деп санайды.
Ұлыбритания