Facebook қолданушылары «Сириядағы көтерілісшілер қатарында соғысып жүрген белгісіз азиялықтардың» тегін анықтай алмай әуре.
Сирияда соғысып жүрген монголоид нәсілді адамдар. (syria news сайтының Facebook парағында жарияланған сурет)
Syria news агенттігінің Facebook-тегі парақшасында #Azaz және #Aleppo сияқты хэштегтермен жарияланған суретін қолданушылар қызу талқылап, олардың кім екендігіне қатысты әртүрлі жорамал жасаған.
Мысалы, қолданушылардың бірі Imran Ali: «Бұлар – Ауғанстаннан келген өзбек не ауғандар. Хазар халқы бетіне қауғадай сақал қояды немесе мүлде тықырлап қырып тастайды. Себебі хазар халқында жартылай сақал болмайды» деп болжайды.
Ал Kevin Lindblom есімді қолданушы: «Ұйғыр болуы мүмкін. Қытай үкіметі ұйғыр жиһадшыларды қудалай бастады» деп жазады.
Бөтен ел территориясында жүріп жатқан қарулы қақтығысқа шетелдіктердің қатысуын айыптайтындар бар. Мысалы, Bader Ali есімді қолданушы: «Неге БҰҰ мұнымен күреспейді. Бұл халықаралық заңды бұзу емес пе?» деп жазған.
Кейбір Facebook қолданушылары азия нәсілді азаматтар мұнда «нан табу
мақсатында» келген, «айына 500 доллар алады» деген долбар айтады.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде «Сирияға қоныс аударған ондаған қазақстандық жиһадшылар» туралы видео тарап, Қазақстанда қызу талқылау тудырған болатын.
Азаттық видеоклипке түскен бірнеше қазақстандықтың кім екенін анықтаған. Олардың ішінде ақмолалық Аманжол Жансеңгіров, жезқазғандық Мақсат Аймаханов, жетісайлық ерлі-зайыпты Нұрлан Қаматаев пен Мәдина Мырзаханова есімді адамдардыңДінмұхаммед және Әбілқайыр есімді ұлдары да бар.
Құқық қорғау органдары Сирияда соғысып жатқан топтардың ішінде Қазақстан азаматтары да бар екенін растағанымен әзірге тергеу құпиялығын алға тартып, видеодағы «жиһадшылар» туралы анық мәлімет таратпай отыр.