АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

СІЗ КІМСІЗ, САЙЛАУБЕК?

1435876210ykm79-620x400Биылғы жылдың «рэп королі» дейміз бе, «құбылысы» не «жаңалығы» дейміз бе, ғаламторда осындай «жұлдыз» пайда болды. Ютюбқа оның «туындысы» шыққаны сол, көз ілеспес жылдамдықпен жарты әлемді жаулап үлгерді. Қысқасы, бүгінде ол –  ел арасында «хит тұлға».  «Клектмана, шлэктмана», «Жөмәнәма сет» сияқты «әндеріне» тіпті Тимати сияқты Ресей жұлдыздары да елең етіп, батлға шақырып жатыр. Қала берді жырақта жатқан Сайлаубекті жұрт арнайы іздеп барып, бірге видеоға түсіп, сол арқылы оқырман жинап, тіпті,  «Сайлаубек тілі» деген сияқты «пәндер» де пайда болды («Өнер қырандарының» шығарғаны). Өйтетіндей Сайлаубек кім өзі?

Бұл сұрақты әуелі біз оның өзіне қойдық.

– Мен бе?.. Мен – кәдімгі адаммын.

– Осылай «ән айтуды» қашаннан бастадыңыз?

– Бұрыннан.

– Бір жерден естіген нәрсеңізді қайталайсыз ба, әлде…

– Жоқ, өзім шығарамын.

– Не мағына береді айтып жатқандарыңыз?

– Ым… оны түсіндіріп айта алмаймын…

1435893728_pogudx5armum1h15p.bdf21de9

– Өзіңіз не сезінесіз орындаған кезде, қандай күйде боласыз?

– Шабыт үстінде тұрамын.

– Отбасыңыз бар ма?

– Жоқ, үйленбегенмін.

– Жұмысыңыз?..

– Қазір жұмысым – осы, яғни өнер жолына түстім.

– Ал бұрын ше? Танымал болғанға дейін қалай күн көрдіңіз, немен айналыстыңыз?

Әртүрлі… қандай жұмыс тап келсе, соны жасайтынмын…

– Арнайы білім алғансыз ба?

– Техникум ғой…

– Бітіргенсіз бе?

– Иә.

1439189849tgk1s-560x310

Бар болғаны осы, мұның өзін біз оның аузынан әзер суырып алдық. Сөзге шорқақ екен.  Әрі қарай қанша сұрақ қойсақ та, мардымды жауап ала алмадық. Бірақ үзіп-жұлып ала алған жауаптардан мынадай біртұтас өмірбаян құрастырдық.

Сонымен Сайлаубекке бүгінгі «атақ» қайдан келді? Ауылдағы жас балалар Сайлаубекті видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерге салып жіберген. Ал ғаламтор деген өрт, сіріңке шақсаңыз болғаны, қау ете түседі. Ал енді сол «өртті» тоқтатып көр!..  Сайлаубектің отбасы, бауырлары намыстанып, тіпті сотқа бермек болған.  Қазір олар басылып қалғандай. Себебі, әу баста мазақ ету үшін таратса да, ойынның аяғы Сайлаубекті шын танымалдылыққа жеткізді.  Жалпы, МС Сайлаубекке қатысты ел-жұрт пікірі әралуан. Мәселен, біреулер  «Осы МС Сайлаубек деген атыраулық азамат қазақты ел-жұртқа масқаралап жүргендей көрінеді. Бет-аузы көкала, үсті-басы алқам-салқам, қолында темекі. Егер әлеуметтік желіде оның науқас екені жазылғаны шын болса, оны неге жайына қалдырмасқа?»  – дейді.

Дәл осындай пікірдегілердің бірі дәстүрлі әнші, белгілі өнертанушы Ерлан Төлеутай:

– Ең әуелі Сайлаубектің масаң күйде, бет-аузы көкала боп отырып орындаған түсініксіз бірдеңесін ұялы телефонға түсіріп, ғаламторға жариялап жібергендерді тауып, жауапқа тарту керек. Екіншіден, бүгінде оның танымалдылығын пайдаланып, бизнес жасауға ұмтылып жатқандарды да тайраңдатып қоюға болмайды.

Сайлаубек  ҚАБЫЛХАМИТ

(МС – рэперлік дәрежесі) 1975 жылы дүниеге келген.  Мектепте сабақты жақсы оқыпты, әсіресе, музыкаға ерекше жақын  болса керек. Алайда жоғары сыныпқа барғанда,  төбелестен басынан қатты жарақат алады. Яғни Сайлаубектің отбасындағылар оның емделуге мұқтаж екенін айтады. Жалпы, Сайлаубектің отбасы Атыраудағы үлгілі отбасылардың бірі. Әпкесі – мұғалім, ағасы – академик, ал інісі – дүйім жұртқа танымал шығармашылық адамы.

– Неге?  Танымалдылық оның жаман әдетті қойып, адам қалпына келіп, тіпті спортпен шұғылдануына түрткі болды ғой? 

– Иә. Танымал болды. Бірақ бұдан гөрі Сайлаубектің баяғы өмірі жақсы еді. Неге? Себебі қойнаудағы ауылда өзімен өзі не істеп, қандай күйде жүрсе де оның ешкімге зияны жоқ еді. Ал бүгін оған ел «табынуға» айналды. Әсіресе, өскелең ұрпақ жаппай оны тыңдап, таратып, көруді армандап, ұшыраса қалса, суретке түсіп… Өйтетіндей Сайлаубек кім? Үлгі тұтарлық тұлға ма? Шын солай болса, онда біздің заманымыздың расында азғаны екен. Ал бұл өте қорқынышты жағдай… Мен мұны мысқылдап емес, табалап емес, таза жанашыр адам ретінде айтып тұрмын.

mc Сайлаубек и Сакен Майгазиев

Бір қызығы, МС Сайлаубекті басқаша да бағалайтын жандар да бар екен. Әсіресе Сәкен Майғазиевтің аузынан осындай пікірді естігенде, шыны керек, таңғалдық:

– Атам қазақ айтады, «адам өз білмегенінің жауы» деп. Осы сөз бекер емес. Расында біз нені білмесек, соған өлердей өш келеміз. Айтайын дегенім, ешқашан да бір нәрсені ұқпай жатып, ұшқары пікір айтпауымыз керек. Сайлаубекте бір нәрсенің ұшқыны бар. Ол рэп жанрын өзінің жанына жақын тұтады. Негізі біз рэпті жеңіл-желпі бір нәрсе деп жанр ретінде мойындамаймыз. Ал мен барлық жанрды тыңдаймын. Кезінде «Екі жұлдыз» жобасына қатыстым. Сонда бірде маған рэп айту керек болды. «Өй, сол да бұйым боп па? Ән айтып жүрміз, шүкір!» – деп ойлағам. Сөйтсем, қателесіппін. Эстрада бөлек, дәстүрлі ән бөлек, сол сияқты рэп деген де өз алдына бір бөлек дүние екен. Қаншама жыл сахнада ән айтып жүрген менің өзім бір рэпті оқып шыққанша, қара терге түстім. Себебі, ол кең тынысты талап етеді екен. Сайлаубек түсініксіз тілде болса да, сол жанрдың ырғағын түсініп, өзінше жақсы орындайды. Дауыс бояуы да көп адамда кездесе бермейтін ерекше. Әрине, сөздерінде еш мағына жоқ. Осы жағы өзіне таяқ боп тиіп жатыр. Соған бола біз оны жерден алып, жерге салмай, одан гөрі балаға үйреткендей үйретейік те. Бұл – бір. Екіншіден, бүгінде ол танымалдылыққа жеткендігінің арқасында ес жия бастапты дейді. Ойлап қоямын, бәлкім Алла оған осындай бір жағдайды себепкер қылып, тура жолға келгенін қалаған шығар. Не болса да, Сайлаубек бауырымыз «тәй-тәй» басып келеді, әрі қарай оның қатарға қосылып кетуі немесе омақаса құлауы біздің, яғни көпшіліктің оған қандай қарым-қатынас жасауына тікелей байланысты. Алла бізді де сынау үшін осындай біреуді ортамызға жіберуі бек мүмкін. Осы жағын да ескерейік.

Басында өздері мазақ үшін шығарған  МС Сайлаубекке бүгінде  тыңдармандары ғана емес, эстрада жұлдыздары да еліктей бастады. Осы уақытқа дейін рэпердің айтатын түсініксіз сөздеріне кәсіби рэперлердің өзі кавер-нұсқа жазып үлгерді. Тіпті, Италия әншісі Сон Паскаль Сайлаубекпен бірігіп ән де орындады. Оның әндеріне Шымкентте флешмоб та биленді. Жалпы, ахуал осы. Олай болса, осыдан не түюге болады? Негізі бұл ғаламтор билеген әлемнің санадағы сәулесі. Аудан, ауыл, қалалар түгілі, тұтас мемлекеттер арасындағы шекараның тас-талқанын шығарған ғаламтор әлемді алақанына салып, жақсы мен жаманын мидай араластырды да жіберді. Міне, нәтижесінде бұрын жақсы деп танитынды өскелең ұрпақ тіпті керек етпейді де, керісінше, «түкке арзымайды» дегендерді таңсық көріп әуре… Бір ғана үміт бар, «бұл өткінші құбылыс» деген…

Мәриям ЖАГОРҚЫЗЫ

(«Ақ желкен», №9. 2015 жыл)