2 мамырда Украинаның Донецк облысында сепаратистер ұрлаған америкалық Buzzfeed басылымы тілшісі Майк Джилио мен аудармашы Елена Глазунова босатылды, олардың көлік жүргізушісі қан қысымы көтеріліп ауруханаға түсті деп хабарлайды «Новости Донбасса» газеті.
Глазунова өздерін ұстағандар Горловка аумағындағы гаражға апарып тінткендерін, тергегендерін, қымбат мүліктерін тартып алғанын айтты.
Бұған дейін тілші мен аудармашы мінген көліктің Краматорск ауданында хабар-ошарсыз кеткені айтылған еді. Глазунова достарына: «Бізді сепаратистер ұстап әкетті» деген хабарлама жазған. Джиглио әріптестеріне Глазунова екеуін Славянскідегі басып алынған ғимаратқа әкеткенін хабарлаған.
Сепаратистер өкілі Стелла Хорошева Глазунова мен Джиглионы ресейшіл белсенділер әкетпегенін мәлімдеген.
«Новости Донбасса» басылымы тілшісі Алексей Мацуктың хабарлауынша, Донецк облысында жүрген SkyNews және CBS телеарналарының түсіру тобы да Константиновка қаласына ене бере хабарсыз кеткен.
Бұқаралық ақпарат институтының дерегінше, Украинаның шығысында БАҚ өкілдерін ұстап әкеткен 18 оқиға тіркелген.