Соңғы жылдары мыңдаған жұмысшы ақша табудан үміттеніп олимпиадаға қызу дайындық жүріп жатқан Сочиге ағылды. Бірақ бір күндік жалған фирмалар спорттық нысандар құрылысын пайдаланып, жұмысшыларды қанап жатыр.
Сочиде жұмыс істеп, жалақыларын ала алмаған жұмысшылар: (солдан оңға қарай) Наталья Волкова, Евгений Подрезов, Валерий Васин және Олег Жуков.
Бірақ аз уақытта көп ақшаға кенелем деген Евгений керісінше қарызға бұрынғыдан бетер белшесінен батып қалды. Себебі, жұмысқа алған фирма оған мүлде жалақы төлемеген. Евгений алашағын қузап жүріп, көп былықтың бетін ашты.
БІР КҮНДІК ЖАЛҒАН ФИРМАЛАР
Подрезовты жұмысқа алған Томск қаласында тіркелді деп саналатын жекеменшік құрылыс компаниясы жұмбақ жағдайда жабылып қалған. Оның директорымын деген жігіт делдал болып шықты. Кейін ол да жоқ болып кеткен.
Құрылыс нысанын салуға қатысқан 108 жұмысшы Евгений сияқты шарасыз күйде қалды. Алданған жұмысшының айтуынша, компания оларға 3 миллион 500 мың Ресей рублін ($106,000) төлеуі керек.
Орынбордан келген тағы бір жұмысшы Роман Кузнецов маңдай терімен тапқан ақшасын қайтарудың басқа амалы қалмаған соң, қазан айында аузын тігіп тастады.
ДЕПОРТАЦИЯ
Олимпиада тақаған сайын осыған ұқсас оқиғалар жиілеп келеді. Уақыттың тығыздығы және құрылысқа миллиардтаған қаржының бөлінуі бір күндік жалған мекемелердің қарапайым жұмысшыларды қанауына үлкен мүмкіндік берді.
Ресейдің түкпір-түкпірінен және көрші елдерден күнкөріс қамымен келіп жатқан мыңдаған жұмысшы қылмыс пен сыбайлас жемқорлықтың құрбанына айналды. Подрезов пен Кузнецов – Ресей азаматтары. Сарапшылардың айтуынша, көптеген шетелдіктер ақшасыз қалғанымен қоймай, жұмысты бітірген соң өз елдеріне депортацияланып жатыр.
Орталық Азия елдерінен келген еңбек мигранттары құқықтарын қорғаумен айналысатын «Миграция және заң» ұйымының Сочи бөлімшесінің директоры Семен Симонов:
– Бұл — олимпиада нысандарында құрылысшы болып жұмыс істеуге келген мыңдаған адамның тағдыры. Құрылыстың барлығы салынып біткен соң, жұмыс істеткендер олардан «құтылудың» амалын ойлай бастады. Алдымен жалақыларын бермей қойды. Енді құжаттары дұрыс болғанына қарамастан, өз еріктерімен елден кетуге мәжбүрлеп жатыр, — дейді.
Симоновтың айтуынша, былтыр шілдеде ашылғалы бері олардың мекемесіне құқықтық көмек көрсетуді сұрап мыңдаған мигрант өтініш түсірген.
Сочидегі жұмысшылар құқығын қорғаумен айналысатын адвокат Александр Попков «матрешканың ішіндегі матрешка сияқты делдалдар арқылы жұмыс істейтін компаниялармен істес болғандардың құқықтарын қорғау өте қиын» дейді.
КАЗАКТАР МЕН ПОЛИЦЕЙЛЕР
Бірнеше жылдан бері Ресейде жалдамалы жұмыста жүрген 48 жастағы Өзбекстан азаматы Бахшило Бозоров биыл көктемде Сочиге келген. Ол олимпиада қалашығындағы қонақүй құрылысында екі ай жұмыс істеді. Жұмыс берушісі – мәскеулік фирма жалақысының жартысын ғана төлеген соң ол жұмыстан шығып кеткен.
Бозоров Симоновтың көмегімен тиесілі қаражатын өндіріп алмақ болған. Бірақ ол олимпиада ойындарының қарсаңында Сочиден шығып кетуі керек. Жұмыс
істеуге рұқсат беретін заңды құжаты болмағандықтан, оның қудалауға ұшырауы немесе тіпті Ресей аумағынан қуылуы мүмкін. Мұндай жағдайда Бозоровқа бес жылға дейін Ресей аумағына кіруге тыйым салынады. Өзі жағдайды «Енді мұнда мигранттар жүре алмайды» деп қысқаша түсіндірді.
Ұлтшылдардың ұрандары өз алдына, қыркүйек айында Краснодар аймақтық әкімдігі «заңсыз мигранттарды» ұстау шарасын бастап кетті. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қастарына казак солдаттарын ертіп алған миграциялық полиция өкілдері үй-үйді аралап, құжат тексеріп жүр.
2013 жылдың соңында мыңдаған мигрант полиция бекеттеріне қамалып, көпшілігі өз елдеріне депортацияланды. Олардың арасында жалақыларын алмағандар да бар. Қалған мигранттың кейбірі жасырын жұмыс істеуге көшсе, енді бірі өз еркімен елден қашып кетіп жатыр.
Бозоровтың айтуынша, көп отандасымен қоса, оның да Ресейден кетуден басқа амалы жоқ. Отанына кетерден бір күн бұрын сұхбат берген ол:
– Көп кісі депортацияланды. Біз бірге жұмыс істеген бір жігітті арғы күні елден күштеп шығарып жіберді. Біз көшеде қаламыз ба беп қорқамыз, — деді.
(Том Бэлмфорттың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
Азаттык радиосы