— Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің жеке шақыруымен Сочиде болып, жауынгерлік самбодан өткен «Платформа S-70» халықаралық турнирін тамашалады, — деп хабарлайды Президенттің баспасөз қызметі.
Бейресми кездесу аясында қос елдің басшылары екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін тағы да талқылап, қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысын қарастырды.
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық турнирге қатысушыларға арнаған өз сөзінде Сочиде қысқа уақытта қуатты спорттық база құрылып, қала мен бүкіл Краснодар өңірінің келбетін айтарлықтай өзгерткенін атап өтті.
«Платформа S-70» турнирі жеңімпаздары арасында Қазақстанның «Алаш Прайд» жауынгерлік клубының өкілдері Арман Оспанов пен Мурод Хантураев бар.