АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

 Сочидегі сәтсіздік қысқы спортқа баса мән беруді талап етеді

20140208074925Өткен жексенбі күні Сочидегі «Фишт» стадионында ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарының жабылу рәсімі болып өтті. Олимпиаданың жабылу салтанатында Қазақстан құрамасының шаңғышысы Ердос Ахмадиев көк туымызды ұстап шықты. Сочи қаласының мэрі Анатолий Пахомов Олимпиада жалауын Пхёнчхан қаласының мэрі Ли Сок Рэге тапсырды. Келесі қысқы ойындардың астанасына Олимпиада жалауын тапсыру рәсімі кезінде көрермендер 8 минуттық шоуды тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Онда бес мыңжылдық тарихы бар Кореяның тарихы, кәріс халқының дәстүрлі музыкалық аспабы – каягымада саз ойналды.

Дүбірлі доданың қорытындысында 13 алтын, 11 күміс және 9 қола, яғни барлығы 33 жүлдені олжалаған алаң қожайындары – ресейліктер командалық есепте топжарды. Ал жалғыз қоланы еншілеген Қазақстан құрамасы ең соңғы 26-орынды иемденді.
Сочи олимпиадасында жерлестеріміз сәтсіз өнер көрсеткені анық. Мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің арқасында әрең дегенде 1 жүлдені қанжығамызға байладық. Әйтсе де, бұл көрсеткіш 52 спортшы қатысқан мемлекет үшін өте жұпыны көрінетіні анық. Мәселен, құра­мында спортшылардың саны аз болғанына қарамастан Хорватия, Польша мемлекеттері біздің алдымызды орап кетті. Тіпті бізге қарағанда аз құраммен бақ сынаған Беларусь құрамасы айды аспанға шығарып, 5 алтын және 1 қола жүлдеменен командалық есепте ойып тұрып сегізінші орынды иеленді. Ал елінде тұрақтылығы болмай жүрген украиндықтар бізден әлдеқайда озып кетті. Айта кету керек, көпке дейін Қазақстан мен Украина 1 қола медальмен соңғы орынды өзара бөлісіп тұрған еді. Алайда намысқой болып келетін украин қыздары биатлоннан эстафеталық жүгіруде алдына жан салмады. Жер көлемі Қазақстанның кез келген облысына да жетпейтін кішігірім латвиялықтар да ер екен. Бір күміс, екі қоланы олжалады. Бұл аз десеңіз, аумағына ешқашан қар түспейтін, қыс мезгілі не екенін білмейтін Австралия бізден әлдеқайда озып кетті.
Азия құрлығында Қазақстан құрамасы Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония мемлекеттерінен кейін 4-орынға жайғасты. Естеріңізде болса бұдан үш жыл бұрын, яғни VII Қысқы Азия ойын­дарында 32 алтын, 21 күміс және 17 қола, барлығы 70 жүлдені еншілеген қазақстандықтар алдына жан салмаған болатын. Бұл ойындарда жапондықтар екінші, кәрістер үшінші, қытайлықтар төртінші орын алған еді. Ал енді белді де беделді болып саналатын әрі төрт жылда бір келетін олимпиада ойындарында бәрі керісінше болып шықты.
Сочиде Азиядағы үш алып мемле­кет­тің бірінен озбасақ та құрығанда тағы да бір жүлде алатындай мүмкіндігіміз де болған еді. Бұл жөнінде ҚР Спорт және дене шынықтыру iстерi агенттiгi тө­ра­ға­сының орынбасары Елсияр Қанағатов та мәлімдеген болатын. Е.Қанағатов спортшылардың Сочидегі жетістігі Ванкувердегі көрсеткішінен де жоғары болуы тиіс екендігін баса айтып, 2 жүлде алуға бар мүмкіндігі бар деген еді.
VІІ Қысқы Азия ойындарын өткізуге байланысты еліміздегі беделді қалалар болып саналатын Астана мен Алматыда көптеген қысқы спорт нысандары пайда болғаны ақиқат. Миллиардтар құйылған осы нысандардың бірқатары спортты дамытуға ешқандай үлес қосып отырған жоқ. Айталық, Алматыдағы Медеу спорт кешені жылына небәрі алты ай ғана жұмыс істейді. Қалған алты айда кешенге қара құлып ілінеді. Онда да Медеуге келушілер аз. Бәлкім, мәселе бағада болар. Мұзайдынына ересектерге арналған билет 1600 теңге, балалар, студенттер мен зейнеткерлерге 800 теңге. Конькиді жалға алу 1000 теңге. Сонда орта есеппен екі мың теңгеге шығады. Бұл екінің бірінің қалтасы көтеретін баға емес. Азиадаға арналған тағы бір нысан құрылысы осыдан 5 жыл бұрын басталған Алма­тыдағы трамплиндер кешені. Әзірге пайдалануға берілгені кешен құра­мын­дағы екі трамплин мен әкімшілік ғимараты ғана бар. Олардың өзі негізінен спорттық жарыстарға емес, концерттік шараларға қызмет етуде. Трамплиндер кешенінде жаттығу сағатына 910 теңгеден 120 мың теңгеге дейін деп көрсетіліпті. Өйткені  кешенде баяу қимылдаған бірер құрылысшыдан өзге спортпен айналысып жүрген жан жоқ. Мәселен, 2011 жылы Азиада ойындары кезінде Алматы облысындағы Солдат сай шатқалында биатлон мен шаңғы жарыстары өткен болатын. Ал қазір бұл аймаққа келіп, тұрақты шұғылданатын спортшылар некен-саяқ болып тұр. Бұдан басқа Астанада Азиада кезінде салынған спорт нысандарының бағасы удай қымбат болып тұрғандықтан, қарапайым халықтың көбісі барып жаттыға алмайтын дәрежеге жетті. Сонда қалай қыруар қаржыға салынған спорт нысандары мұражайға айналғаны ма? Мәселен, баяғыдан бері капиталистік қоғамда өмір сүріп келе жатқан Германия, Канада мемлекеттерінде жастарға спорт үйірмелеріне қатысуға барлық жағдай жасалған. Әрі бағасы да арзан.
Ресми статистика бойынша Қазақ­станда 30 мыңнан астам спорт ғимараты бар. Бұл тұрғындардың 30 пайызының ғана қажеттілігін өтеуге жеткілікті екен. Онда да, елде отыз мың нысан бар деп ауыз толтырып айту спорттық функционерлерге жақсы-ақ шығар. Ақиқатында солардың біразы іске жарамсыз.
Сочи олимпиадасындағы сәтсіздіктен сабақ алсақ құба-құп. Кезекті ХХІІІ Қысқы олимпиада ойын­дары Пхенчханда 2018 жылы өтетіні белгілі. Егер Сочидегі сәт­сіз­діктен нәтиже шығармасақ, Пхенчханда бір жүлдеге де зар болып қалуымыз мүмкін.
Солтүстік және Шығыс Қазақстан өңір­лерінде қысқы спорт түрлері аз да болса дамыған. Ал басқа өңірлерде қысқы спорт түрлері енді жанданып келеді. Мәселен, Сочиде еліміздің батыс, оңтүстік өңірлерінен де қазақ жастары қатысқаны ақиқат. Абзал Әжіғалиев, Аслан Даумов, Айдар Бекжанов сынды шорт-трекшілерімізден алдағы уақытта мол үміт күтеміз. Ал шаңғышы Ердос Ахмадиев, биатлоншы Диас Кенешов, Жібек Арапбаева, Жанбота Албаргенова сияқты фристайлшыларға бар жағдай жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. Сондықтан қазірден бастап қаракөз қандастарымызды қысқы спортқа тарту қажет. Сонда ғана елімізде қысқы спорттың болашағы кемел болмақ.

Нұрлан ҚҰМАР

http://anatili.kz