Олимпиадаға дайындық кейбір Сочи тұрғындарының өмірін астаң-кестең етті. Бірінің үйі құласа, енді бірі қаланы шаң-қоқыс басқанына наразы. Олимпиаданың жақсы жақтарымен қоса жағымсыз тұстары да көп.
Жартысы қирап, бір жағына жантайып қалған үйінің жанында Дмитрий Абжан Азаттық тілшісі Том Бэлмфортпен әңгімелесіп тұр.
Сочи тұрғыны Дмитрий Абжанның жекеменшік тұрғын үйінің бір бөлігі бірер сағаттың ішінде қирап қалды. Үйдің жартысының құлауына көшедегі жарқабақты үңгіп, жүк көліктерімен заңсыз қоқыс тастағандар себепкер болған.
Қоқыс тасу жұмыстары ақпанның 7-сі күні басталатын қысқы олимпиадаға дайындық аясында жүргізілген.
«БЕЙШАРА КҮЙГЕ ТҮСТІК»
Сот Абжанның отбасына өтемақы төленуі керек деп шешкенімен, шешім әлі күнге орындалған жоқ.
Көпбалалы Абжан отбасы жартылай құлап, бір жағына жантайып қалған үйде тұрып жатыр. 27 жастағы Абжан өз жағдайларын «космоста тұрып жатқандаймыз» деп кекесінмен сипаттайды. Оның билік өкілдеріне жазған өтініш-арыздарына жауап болмаған.
— Билік ешқандай әрекет жасамай отыр. Не істерімізді, кімге барып арызданарымызды білмейміз. Балалар есейіп келеді. Олардың болашақтан үміті болуы керек. Ал біз, осында туып-өскен жергілікті тұрғындар, үйсіз бейшараның күйіне түстік, — дейді ол.
ШЫҒЫНЫ КӨП ЖОЛ, ШАҢ БАСҚАН ЖЕМІС
Сочи олимпиадасының дау тудырып жатқан тұстары көп-ақ. Ойынға дайындық барысында бұрын-соңды болмаған рекордтық сома – 51 миллиард АҚШ доллары жұмсалған. Стадиондар мен шаңғымен сырғанау орындарын тұрғызу кезінде Абжан отбасы сияқты талайлардың өмірі күрт өзгерді.
Мәселен теңіз жағалауындағы «Красная поляна» шаңғы курортына барар жол төңірегінде дау шыққан. Ұзындығы 50 километр автокөлік жолы мен теміржолды салуға 8 миллиард доллар қаржы жұмсалған. Esquire журналы құрылыс жобасының қымбат екенін әжуаға айналдырып, «Жол майдалап туралған Louis Vuitton сөмкесінің бөлшектерінен, уылдырықтан немесе фуа-градан салынған шығар» деп жазды.
Олимпиадаға дайындық басталғалы жаңа жолдан екі шақырым жерде жатқан Ахштырь ауылынан маза кетті. Ауылды құрылыс жұмыстарының кесірінен аппақ шаң (цемент тозаңы — ред.) басып, құдықтар суалған, газ беру тоқтаған. Бақшадағы жемістері цемент шаңының астында қалған жергілікті тұрғындар өнімдерін сата алмай отыр.
Оның үстіне, құрылыс жұмыстарының кесірінен Ахштырь тұрғындары Сочидің оңтүстігіндегі Адлер ауданына қоғамдық көлікпен қатынай алмай қалды. «Басшылық жаңа жолға шығатын шағын жол тартып беруге уәде етіп, онысын сол қалпы орындамады» дейді тұрғындар.
«ЛАСТАНҒАН АУА»
Чернобыль апат аймағындағы зиянды жұмыс кесірінен мүгедек болып қалған 65 жастағы Виктор Колениннің ең үлкен уайымы – ауруханаға жете алмай қалғаны және құрылыс шаң-тозаңының өкпесіне зиян тигізіп жатқаны.
53 жастағы жергілікті тұрғын Елена Рунович Олимпиада нысандарының құрылысы басталғалы жұмыстан шығуға мәжбүр болған. Себебі ол күн сайын екі күре жолды қиып өтіп, құрылыс нысандарының арасымен мектептен қайтатын қызын жаяу алып келуі керек. Бұл кісілермен қоса, Ахштырь ауылының басқа да тұрғындары ескі тас жолдың қасына жиналып, олимпиаданың өз өмірлеріне қаншалық әсер еткенін Азаттық тілшісіне айтып берді.
— Неге біреулер барлық қызықты көреді де, екінші біреулер зардап шегуі керек?! — дейді Елена Рунович.
— Бұл — Сочидің Адлер ауданындағы ең таза ауылдардың бірі болатын. Қазір олар бұл жерді қоқыс үйіндісіне айналдырды. Әкімшілік бұл жайды өте жақсы біліп отыр, — дейді Виктор Коленин.
Үйі қираған Абжандар әулеті тұратын Баку көшесінде зардап шеккен отбасылар көп. Абжанның көршісі, 85 жастағы Полина Калайжанның үйі төмен қарай сырғып барады. Мұнда Полина әжеймен қоса оның 89 жастағы күйеуі және тоғыз туысы тұрып жатыр. Оларға да өтемақы төленуі керек болған, бірақ көп үйлі жанның оны талап етіп, билік орындарының табалдырығын тоздыруға қауқары жоқ.
— Біз Путинге де, Медведевке де, Краснодар өлкесінің әкімшілігіне де хат жаздық. Шағым жазбаған жеріміз жоқ. Олар «Мұнымен жергілікті әкімшілік айналысады» деген жауап қайтарады. Ал жергілікті әкімшілік біздің мәселемізге назар аудармайды. «Қолымыздан ештеңе келмейді» деп, қол қусырып отырады, — дейді Полина Калайжан.
«АЙ СӘУЛЕСІ»
Қаланың әр жерінде жүріп жатқан құрылыс кесірінен жарық жиі өшеді. Кейде электр қуаты шамадан тыс көп уақыт берілмей қалады. Ольга Агалакова есімді блогшы бұл туралы кекесінмен «Сочиде Ай сәулесіне сұраныс артты» деп жазды.
«Бұл жай ғана Ай емес. Бұл — Измайловка мен Семеновкадағы негізгі жарық көзі! Екі ай бойы күн сайын электр жарығы 12 сағаттан өшіріліп келеді. Кейде тіпті екі тәулік жарық болмайды! — деп кейиді блогшы.
Тұрғындардың кейбірі олимпиада аяқталған соң электр жарығы уақытында беріліп, ауа да тазарып қалар деп үміттенеді. Ал Абжан сияқты материалдық шығынға ұшыраған тұрғындар өздерінің мұң-зары ұмыт қала ма деп уайымдайды.
— Біз мұнда бір-екі күнге келген жоқпыз, біз осында туып-өстік, осында тұрамыз. Тек біз ғана емес, біздің аталарымыз, аталарымыздың аталары осы жерде өсіп-өнген. Ақырында міне, үйсіз қалдық, қолдан келер қайран жоқ. Бұл біздің кінәміз емес. Олимпиада ойындарының осында өтетініне қуанамыз, мұнда жаңа жолдар салынып, басқа да өзгерістер болып жатыр. Бірақ біздің өтінішіміз – жергілікті тұрғындарды ренжітпеңдер. Егер олардан бірдеңе алсаңдар, орнын басқа бірдеңемен өтеп беріңдер. Жергілікті тұрғындарды үйсіз қалдырып, мүлкін қирату арқылы олимпиада өткізіп, ойын біткен соң әлгі мүсәпір жандардың мұң-мұқтажын ұмытып кетпеңдер, — дейді Абжан.
(Том Бэлмфорттың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)