Дін әлемінде «Софроний әкей» атанып кеткен өзге елдің азаматының заңбұзушылық әрекеттері бірнеше рет дәлелденсе де, біздің сенген серкелеріміз құқық бұзарды ел аумағынан шығара алмай отыр.
Осы күндері отандық БАҚ-та Алматы облысының Іле ауданындағы Ащыбұлақ ауылдық округінде орналасқан «Свято-Сергиевский приход Астанайской и Алматинской Епархии» жергілікті православ діни бірлестігіне қарасты «Радонеж» Корпоративті қайырымдылық қорының директоры Петр Евтихеевтің Қазақстанда заңсыз жүргенімен тұрмай, аталмыш қор жанындағы кәмелетке толмағандарды уақытша ұстайтын жетімдер үйінде жасаған қайшы әрекеттері туралы үлкен тартыс жүріп жатыр. Ең өкініштісі, құқық қорғау ұйымдары қызметкерлерінің біліксіздігі, жауапсыздығынан ба, әлде мемлекеттің атынан шешім шығаратын Соттан да «жоғары» ықпалды күштер бар ма, әйтеуір, дін әлемінде «Софроний әкей» атанып кеткен өзге елдің азаматының заңбұзушылық әрекеттері бірнеше рет дәлелденсе де, біздің сенген серкелеріміз құқық бұзарды ел аумағынан шығара алмай отыр.
Мәселенің мәнісі
1969 жылы туылған, Тобыл діни семинариясын бітіріп, Ащыбұлақ ауылдық округіндегі Свято-Сергиевский храмының діни басшысы, «Радонеж» КҚҚ директоры болып істейтін Петр Владимирович Евтихеев – Ресей азаматы. Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша оның біздің елімізде қандайда бір қызмет істемек түгіл, ұзақ жылдар бойы жүргенінің өзі заңсыз. 1999 жылы 16 қараша күні одан 8 жыл бұрын тарап кеткен КСРО азаматының төлқұжатымен Түймебаев ауылы, Заречный көшесі, 41 үйге тіркелген П.Евтихеев тек 2010 жылы 2 шілде күні ғана Ресей азаматының төлқұжатын алады. Қазақстан Республикасының заңдарын бұзғаны үшін ол бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке де тартылған. Айталық, Іле аудандық ІІБ әкімшілік полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны А.Муралимов П.Евтихеевтің 04.10.2012 жылы 1997 жылы туылған, кәмелетке толмаған Агния Рангаеваға құлағын, бармағын бұрап, денсаулығына қасақана зақым келтіргені үшін хаттама толтырып, сотқа жолдайды. Алайда Алматы облысы Қарасай ауданаралық мамандандырылған әкімшілік соты бұл әкімшілік материалды мерзімі өтіп кеткендігі себепті ӘҚБК 580 бабы, 1 бөлім, 2 пунктімен тоқтады. Мұны айтудағы мақсатымыз, біздің ішкі істер ұйымдарының қызметкерлері көп жағдайда өте жай және жауапсыз әрекет етеді. Егер жедел қозғалып, полиция қызметкерлері кез келген құқық бұзушылық немесе қылмыстық деректі ізін суытпай, өздерінің қызметтік міндеттеріне сәйкес дер кезінде тіркеп, талапқа сай жұмыс істегендерінде, П.Евтихеевтің үстінен әкімшілік емес, қылмыстық іс қозғап, тиісті жауапкершілікке тартуға болар еді.
Әрине, бұл жерде шіркеудің аумағы жеке меншік екенін алға тартып, ондағылар жай адам түгілі сол балаларға жауапты аудандық білім басқармасының, ішкі істер ұйымдарының өкілдерін де кіргізе бермейтінін ескерте кеткен жөн. Бірақ маусым айында аталмыш кәмелетке толмағандарды уақытша ұстайтын жетімдер үйінің қызметін тексеру көптеген кемшіліктердің бетін ашқан. Ең ойландыратыны, жетімдер үйі діни ұйым болып саналмайтындығына қарамастан, мұнда тәрбиеленіп жатқан 117 баланың барлығы шіркеуге барады екен. Соның 7-еуінің ұлты қазақ және бәрі де шоқындырылған! Олардың барлығы Софроний әкейдің айтқанын бұлжытпай орындауы міндет. Қарсылық көрсету – қатал жазалану деген сөз.
Көзі көргендердің куәлігі
– Мен бұл жетімдер үйінде 10 жыл жұмыс істедім. Бірақ балаларға жасалып жатқан озбырлық, оларды ұрып-соғу мен қатал қарым-қатынасты күнде көзіммен көріп жүргендіктен, әбден төзімім бітті. Бұдан екі жыл бұрын өзімнің туған қызыммен бір сыныпта оқитын баланың құлағы жұлып алынғанының куәсі болдым. Бармақтың ізі анық көрінеді, қып-қызыл қан кәдімгідей сорғалап, нәрестенің жағасына құйылып тұр. Әлгі баладан не болды» деп сұрасам, Софроний әкей жазалағанын айтты. Жеті жастағы жетімді осылай жазалауға бола ма?! Ең өкініштісі, бұған ешкім көңіл бөліп жатқан жоқ. Мені Софронийдің ойына келгенін істейтіндігі және оған қарсы тиісті ұйымдардың дәрменсіздігі қатты ойландырады, – дейді Ирина Нагорная.
Ал осы жетімдер үйінде төрт жыл істеп, Софроний әкейге оның жұмысын заң талаптары негізінде ұйымдастыруды ұсынып, талай әрекет етіп көрген дәрігер Людмила Корчагина былай дейді:
– Мен барлық әрекет заң аясында болуы керек деген ұстанымда болдым. Ал әкей шіркеу талаптарын алға тартты. Әрине, Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы орындалмағаны бір басқа да, Қазақстан Республикасының заңнамалары бұзылғаны бір басқа екені түсінікті шығар. 2009 жылы жетімдер үйіне мерез ауруына шалдыққан бір кішкентай қыз түсті. Заңнама бойынша ондай қауіпті науқас оқшаулануы керек. Мен соны айтып, нәрестені тексертуді ұсынсам, Софроний әкей мені қатты балағаттап, намысыма тиді. Содан соң ол жерден мүлде кетіп кетіп қалдым. Жалпы, бұл жерде балалар одан өлердей қорқады, сондықтан ешкімге ештеңе айта алмайды. Тек ол жерден біржола шыққан соң ғана айтулары мүмкін.
«Бұл жерде сәл нәрсе үшін балалардың бармағын бұрау, қолын сындыру деген түк емес. Кейде әкей бүлдіршіндердің бір нәрсе ұрлауын өзі ұйымдастырып та соңынан оларды қатаң жазалайды. Ваня Каймаков деген тәрбиленушіні тіпті бассейнде тұншықтырып өлтіре жаздады», – дейді 2007-2011 жылдар аралығында осы жетімдер үйінде жұмыс істеген Людмила Теплинская.
Анықталған заң бұзушылықтар
Сұмдық емес пе?! Жалпы адамгершілік нормалар, зайырлы мемлекеттің заңдары түгіл кез келген діни ережелерде де мұндай қатыгездіктер жоқ шығар. Оның үстіне елімізде мемлекет қамқорлығынан басқа, осындай әртүрлі қорлар мен діни ұйымдардың жанында ұйымдастырылған балалар мен жетімдер үйлері де аз емес. Сонда, шіркеудің немесе басқа бір жеке меншіктегі иеліктің ішінде орналасқанын сылтау етіп, тұл жетім яки қараусыз қалған балаларды «қамқорлыққа» алып, оларды өз білгендерінше тәрбиелеп, адамгершілік және заңдық талаптарды бұзатын, жас жеткіншектерді тіпті қоғамға қарсы әрекеттерге үгіттейтін мекемелерді, олардың басшыларын ешкім тәртіпке шақыра алмай ма? П.Евтихеевке Қазақстан Республикасының аймағында тұру рұқсатынсыз он күннен артық жүргені үшін Іле аудандық ІІБ көші-қон полициясы тарапынан ӘҚБК нің 206 бап, 1 бөлімінің талабына сәйкес, бір рет 20 АЕК мөлшерінде №32260 теңге, екінші рет 30 АЕК мөлшерінде 42 390 теңге әкімшілік айыпұл салынған. Тек осыдан кейін ғана П.Евтихеев Іле аудандық ІІБ көші-қон полициясы бөліміне шетелдік азамат ретінде Қазақстанда тұруға рұқсат сұрап өтініш берген. Алайда 2013 жылдың 26 ақпанында ҰҚК Алматы облысы бойынша департаменті Ресей Федерациясының азаматы П.В.Евтихеевке Қазақстан Республикасының «Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңының 6 бап, 3 бөлімінің талаптары негізінде оның бұл өтінішін қанағаттандырудан бас таруды ұсынады. Заңнан кішкене ғана хабары бар адамға осының өзі-ақ көп нәрсені білдіретін шығар?!
Соттың соңғы шешімі
Алматы облысының Іле аудандық сотының судьясы Ж.Арыстанова 2013 жылы 29 шілде күні Ресей Федерациясының азаматы П.Евтихеевке қатысты Алматы облыстық ІІД КҚПБ өтініші негізінде оның еліміз аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасын әлденеше рет бұзғанын анықтап, оны 10 күн ішінде елден қуып шығу жөнінде шешім қабылдаған. Оған кететін шығын бюджет есебіне жатқызылатыны, шешім қабылданған күннен заңды күшіне енетіні және шетел азаматын немесе азаматтығы жоқ тұлғаны Қазақстан Республикасынан шығарып жіберуге негіз болатыны, бұл шешімге аудандық сот арқылы 15 күн ішінде, Алматы облыстық сотына шағым түсіріп, келіспеушілік білдіруге болатыны тайға таңба басқандай жазылып тұр.
Содан бері толық бір ай өтті. Алайда біздің құқық қорғаушыларымыз дәрменсіз бе, әлде Софроний әкейдің қолдаушылары мен қорғаушылары тым күшті ме, әйтеуір ол әлі арамызда сайрандап жүр.
…Неткен бейшара едік!
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Айкын