[:kz]
Оғыз Доған деген азаматтың есімі бүгінде көпшілікке белгілі. Ол әсіресе қазақ тілі мәселелеріне қатысты әрекеттерімен көзге түскен болатын. Міне, осы азамат таяуда кәсіпкерлерге арнап төмендегідей үндеу жариялады.
«Қазақ тіліне өз үлесін қосқысы келетін қазақ кәсіпкерінің назарына! Мен бұл киімді жасатқаннан кейін көп адамнан қайдан аламыз деген сұрақтар келді. Оларға жазуы жоқ футболка іздеп, бір-екі күн базар жағалағанымды, содан соң оған жазу жазып беретін жер іздегенімді, екеуін қосқанда біраз ақшаға түскенімді айттым.
Кәсіпкер досым, сұраныс бар! Тілімізді мақтан тұтып, оның мәртебесін көтеру ниетін досқа да, дұшпанға да осы әдіспен жариялап көрсетуге дайын намысты азаматтар арамызда көп! Атсалыспайсыздар ма? Ұсынысыма қалай қарайсыздар?»
О.Доғанның мұндағы сөз етіп отырған киімі – «Қазақша сөйле» деген жазуы бар футболка. Осы істі қолға алушылардың бар-жоғын білу мақсатында оның өзімен байланысқан едік.
– Оғыз мырза, бұл идея сізге қайдан келді?
– Білесіздер, мен 20 жылдан астам уақыт қазақ тілі үшін күресіп келемін, түрлі ғылыми еңбектер де жазып жүрмін. Осыған дейінгі болған «Эйр Астана» және «Казкоммерцбанкпен» арада тіл үшін туған даулы мәселелерден кейін көшеде кездескен барлық адамға «қазақша сөйле» дегім келіп кетеді. Көрген адамға айтқым келетіні рас. Бірақ бәріне бірдей жетіп барып айта алмайсың. Өйткені көшедегілер сені танымайды.
Келіншегім екеуміз алдымен базардан бетінде жазу-сызуы жоқ футболка іздедік. Ол бірден табыла қойған жоқ, ал табылғандарының сапасы төмен болды. Көздегеніміз қолымызға тиген соң киімге таңба басып беретін жерге барып, «Қазақша сөйле» деп жаздырып, киіп алдық. Мұндағы түпкі мақсат біреу ғана – қанша адам көрсе, соншасына ой тастау. Кейде жарты сағаттың ішінде жүздеген адам көруі мүмкін. Қай ұлттың өкілі болса да осыны оқып, ойлануы әбден мүмкін.
– Ұсыныңызды қабыл алып, оны іске асыру мақсатында өзіңізге хабарласқан жандар болды ма?
– Бұл киімді қыстың басында жасатқан едік. Суреттерін әлеуметтік желідегі парақшаларыма жүктеген соң-ақ осыны қолға алатындар арамыздан табылатын шығар деп ойлағанмын. Өкінішке орай, бірде-бір адам шыққан жоқ.
Түркиядан текстиль саласымен айналысатын бір досым: «Осындай футболкаларды өзім шығарып, Қазақстанға жіберіп отырайын», – деп маған хабарласты. Бірақ оған қарсы болдым. Себебі мұндай тауардың мен арқылы Қазақстанға келуі және сатылуы – ұят тірлік. Өз басым ақшаға қатысты нәрсеге араласқым жоқ. «Оны қазақстандықтар жасасын, біз оған араласпай-ақ қояйық. Біз тек идея ұсынушы болып қала берейік», – дегенді айттым. Ол Түркияда жасалып, осында келіп жатса, мен оны жарнамалап жүрсем, ұят емес пе? Сондықтан мұнымен тек осы елдің кәсіпкерлері ғана айналысуы керек деп ойлаймын.
Өз басыма келер болсақ, мен сауда жолында жүрген жоқпын. Өзге ұлт өкілі бола тұрып қазақ тілінің арқасында ақша табатын ойым да, ниетім де жоқ. Бірақ осындай дүниелерді қолға алып, оны табыс көзіне айналдыра алатын адам табылса екен деймін. Оған сұраныс та жақсы болар еді деп ойлаймын. Егер бір кәсіпкер, мейлі, патриот болмай-ақ қойсын, тым болмағанда өз пайдасы үшін осы істі қолға алса, өнімді қолданушылар да аз болмас еді. Қазір Қазақстан бойынша келіншегім екеуіміз ғана киіп жүрміз. Ал мұны 100 немесе 1000 қазақ кисе, бірі екіншісіне ой тастайды. Бұл жерде «оқы, қара» деп ештеңені көзге шұқудың да қажеті жоқ. Футболканы үстіне ілсе болды, ондағы жазуды кез келген адам өзі-ақ көріп өтетіні белгілі. Бұл – кәсіпкерлердің қолынан келетін нәрсе және ол халыққа қолжетімді бағамен сатылса табысты болар еді. Осыны жасайтындар ел арасынан шығып жатса, өз басым бұл өнімді тегін және ерікті түрде жарнамалауға дайынмын. Өкінішке орай, әзірге ешкім белсене қойған жоқ.
– Бұл нені білдіреді деп ойлайсыз?
– Бұл – кәсіп. Бұған сұраныс бар. Жалпы, мен ойлаймын, түркі халықтары саудаға келгенде әлсіздеуміз ғой. Санамызда әр нәрсені ақшаға айналдырып алып кету деген жоқ. Аса белсенбеуіміз де содан болар. Дегенмен үмітсіз емеспін, алдағы уақытта ұсынысымды қолдайтын кәсіпкерлер табылады деп ойлаймын.
– Қазақ тілінің мәртебесін көтеруге тырысып жүрсіз ғой. Еліміздегі үштілділік саясатына ой-пікіріңіз қандай? Қазір ағылшын, орыс тілдерін оқытуды балабақшадан бастап жатыр…
– Дамыған мемлекеттердің ешбірінде де кішкентай балаларға өзге тіл үйретілмейді. Жапонияда, Англияда, Францияда мұндай жағдайды көз алдыңызға елестете де алмайсыз. Педагогика ғылымы бойынша әрбір адамның ой-санасы ең алдымен ана тілінде қалыптасуы керек. Мектептің 5-6-сыныбынан кейін үш емес, он үш тіл үйренсін, тіпті ең жақсы, ең жоғарғы деңгейде меңгере берсін, оған ешкім қарсы емес.
Қазіргі аяқ-қолымызды байлап отырған орыс тілінің орнына ағылшын тілін әкелу – ол да дұрыс емес. Үштілділікті «қаншалықты тіл білсеңіз, соншалықты жақсы» деп қана түсіну керек. Бірақ дамыған мемлекеттерді үлгі тұтуымыз қажет. Қайталап айтайын, дамыған елдерде жас балаларға өзге тіл үйретілмейді.
Түркияда да жас балаларына шет тілдерін үйретуге құмар отбасылар толып жатыр. Біз ол жақта да ұлт жанашыры, филолог ретінде балаларымыздың келешегіне, жалпы алғанда, мемлекетіміздің ертеңгі тәуелсіздігіне қауіп төндіретін осындай жағдаймен күресіп жатырмыз.
– Елімізде соңғы уақытта орын алып жатқан кей оқиғаларға байланысты сіздің де ойыңызды білгіміз келіп тұр…
– Өткенде, Қарағандыдағы оқиға кезіндегі қазақ халқының іс-әрекетіне риза болдым. Қазақ ұлтының қандасының өліміне бейжай қарамауы өте дұрыс. Халықтың қылмыскерлердің жазалануын сұраған талабы өте орынды. Осы тұста тергеу барысы туралы ақпаратты құзырлы орындар халыққа ашық түрде жариялап, хабардар етіп отыруы тиіс. Барлық ұлттарды сыйлау керек, бірақ алғашқы орында өз ұлтымыздың өкілдері тұруы қажет деп ойлаймын.
Мен Қазақстанға алғаш рет 1995-жылы келгенмін. Сол кездегі халықтың хал-ахуалы шынында да нашар болды. Содан бері елдің жағдайы біраз көтерілді. Әрине, басқа елде болатыны сияқты Қазақстанда да жетіспеушіліктер бар. Дегенмен Қазақстанның жерасты байлықтарын ескерер болсақ, халықтың жағдайы осыдан да жақсы болуы керек еді деген ой ара-тұра пайда болады. Рас, жиырмадан астам жылдан бері өте көп өзгерістер болды, десе де, көңіл толмайтын тұстар әлі де жетерлік.
Көпшілік дамыған елдерде осы тектес қайғылы оқиғалар орын алып жатса, соған жауапты құзырлы органдардың басшылары халықтан кешірім сұрап, өз еркімен жұмыстан кетеді. Мұндай кездері солай болуын әділетті деп ойлаймын. Бәлкім бұл кемшіліктер алдағы уақытта түзелер, шешімін табар деген ойдамын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан – М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ
zamana.kz
[:]