Соңғы кездері жаһанда «жиһад» сөзі жиі айтылатын болды. Арабтың бұл сөзіне біздің қоғамның да құлағы үйренді. Бірақ байыбына бармай жатып, «жиһад» десе шошитын болды, дүрлігетін болдық.
Жер жүзінде жарылған бомбалар мен жанкештілердің бейадами әрекетін «жиһад» деп бағалайтын болдық. Өйткені Исламға күйе жаққыштар мен әсіредіншілдер «жиһад» сөзін тек соғыспен байланыстыратынды шығарды.
Қасиетті Құранда «жиһад» сөзі 35 жерде өткенімен, төрт жерде ғана тікелей соғыс мағынасында келген. Сондықтан соңғы кездері теріс бағыттағы ақпараттың кесірінен көбі жиһадты қару алып соғысу, деп біржақты түсінеді.
Ал исламтанушылардың айтуынша, жиһад — ең әуелі өзіңді түзету. Ішкі дүниеңді, жүрегіңді тазарту. Болмысыңды қызғаншақтық, қанағатсыздық, сабырсыздық, жалқаулық, тәкаппарлық секілді күллі жаман қасиеттерден арылтып, олардың орнын көркем қасиеттермен толтыру. Қысқасы, нәпсіңмен әрдайым үздіксіз күрес деген сөз.
Міне, кең ойламай кем ойлайтын кейбір қандастарымыз да қазір тар түсініктің шыңырауынан шыға алмай, Отанын қорғап, отбасын асыраудың орнына қолға қару алып, шекара асты. Қазір интернет — имам, скайп — шейхтардың дүдәмал пәтуаларын тыңдаған кей жастарымыз «Жиһад» деп Сирияға аттануда.
Ең алғаш көктемнің соңын ала бір топ кетті дегенді естідік. Енді, міне, 100-ге жуық қазақ бала-шағасымен Сирияда жүр дейді. Қалай кетті? Ол жақта не таппақ? Шиеттей балаларының тағдыры не болмақ?
Сонымен, соңғы деректер, Сирия жерінде жүздеген қазақ азаматының жүргенін айтып отыр. Олар Шам жеріне қалай кетіп қалды? Қандай жолдар арқылы жетті ол жерге?
Бала-шағаларын шұбыртып, шетелге шығып кетулеріне кімдер мүмкіндік берді? Біртіндеп түсіндіріп көрейік. Бізге белгілісі, бұл отбасылар Сирияға бір уақытта, бәрі бірдей өре тұрып, дүрк көшіп кетпегені. Әуелі біреуі кеткен. Араға бірер ай салып, оның соңына бірнешеуі ілескен. Мұны әлгі жастардың ата-анасы да растап отыр.
Алпамыс Жансеңгіров, Сирияға кеткен А. Жансеңгіровтің әкесі:
2011 жылы ұлым тойға келу керек-ті. Кіші ұлыма. Соған «папа, мен достарыммен көлік сатып алдым. Достарыммен келемін», деді.
Ешмұрат Аймаханов, Сирияға кеткен М. Аймахановтың әкесі:
Балам 2013 жылы 4-ші қаңтарда шығып кеткен.
Қандай жолдар арқылы кетті дегенге тоқталсақ. Шекара бұзып, теңіз кешкен ештемесі жоқ. Кәдімгі әуежай арқылы кеткен.
Ешмұрат Аймаханов, Сирияға кеткен М. Аймахановтың әкесі:
Қай жақта жүргенін айтпайды. Бір қоңырау шалғанда Атыраудың номері шықты. Одан кейін Түркияның номері шықты.
Олар билетті бірінші Түркияға алған. Себебі Қазақстан мен Түркия арасында визалық режим жоқ. «Сапардың мақсаты» деген бағанға — туризм деп көрсетсең болды.
Одан қалды, бұлар жалғыз кеткен жоқ қой. Жанында әйелі, құшағында бала-шағасы болды. Мұндайда кім жаман ойлауы мүмкін?! Бағыты — Түркия. Отбасымен кетіп барады. Ары кетсе, турист деп қабылдайсыз.
Шекара қызметіндегілер де солай ойлады. Мұнан түсінеріміз — Сирияға аттанғандар өздерінің пейілдерін былайғы жұрт біліп қоймасы үшін кішкентай жәудір көздерді бүркеніш ретінде пайдаланған.
Хош, сонымен Шам жеріне қалай кетіп қалғанын? Қандай жолдар арқылы жеткенін түсіндіргендей болдық. Ендігі сұрақ — не үшін кетті? Бұларды кім арбады? Қалай құрыққа түсірді?!
Не үшін кетті? Не себеп — деген сұраққа, кей кісілер — әлеуметтік жағдайдың төмендігін алға тартады. Алайда Сирияға кеткендердің көбі — орта тап, ал енді бірі — бақуатты отбасынан шыққаны анықталды.
Мұнан бөлек, бұл топтың Сирияға дейінгі жол шығынын қандайда бір шейх не әмір көтермеген. Өздері қалтасынан төлеген.
Ешмұрат Аймаханов, Сирияға кеткен М. Аймахановтың әкесі:
Бірнеше көлік алып, сатып жүрген. 4-қаңтар ұлым жоғалған күні қалтасында 11 мың АҚШ долларындай ақшасы болды.
Арбауға қалай түсті? Осы сұраққа жауап таппақ болып, Сирияға аттанғандардың әр қайсысын жеке-жеке зерттеп көргенбіз. Ешқандай діни оқу орнын бітірмеген. Керек десеңіз, көбісінің намаз бастағанына жыл да толмаған.
Бұл кісілерге ең алғашқы ұстаз — интернет еді. Сол жерден намазды қалай оқу керек, оразаны қалай ұстау керек дегендерді үйреніп жүрді. Сосын…
Сосын жылтың етіп шыға келетін сілтемені басып көрді. Сұмдық осы жерден басталды. Ауғанстан, Шешенстан, Дағыстан… Соңғысы Сирия.
Мұсылмандарды қырып жатыр, жойып жатыр, деген сарындағы «сюжеттерді» көреді. Одан кейін чат арқылы бұған біреулер жазады, жолығады. Улы уағызға еліту осы кезден басталады.
Мұндай уағыздар бір күнмен бітсе жақсы ғой. Таңды-таңға ұрып, тек осындай желіктіретін, еліртетін тақырыптар айтылады. Тозақ, кәпірді қырып-жою мәселесі ғана сөз болады. Апта бойы осындай әңгімені ғана тыңдай берген адамнан ес кетеді, дейді.
Лимана Қайырбекқызы, деструктивті ағымдардан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету орталығының маманы, психолог:
Үш күнде адамның санасын түгелімен өзгертіп, басқа адам болуына әсер ететін жолдар бар. Мұны кодтар дейді.
Еркінбек Шоқай, дінтанушы:
Олардың берген сұхбаттарынан, сөздерінен, аятты оқығандарынан байқауға болады. Сауатсыз жастар. Дінді терең түсінбейді. Тек қана сол — жиһадқа қатысты, қаруға қатысты немесе басқа мұсылмандарды жоққа шығаруға қатысты белгілі Құран аяттарын, пайғамбар хадистерін жаттап алған, соларды ғана әбден басына тығып алған. Сонымен белгілі бір жолдарды тауып кеткен.
Сирияда жүргендердің екі сөзінің бірі — жиһад. Осы сөзді естігенде көз алдыңызға не елестейді? Қару, соғыс… Бұл жастарда солай түсінеді. Алайда түпкі мағынасы басқа еді мұның. Дұрыс түсініктегі жиһад – ол ең алдымен өзіңмен күрес. Бойыңдағы қызғаншақтық, қанағатсыздық, сабырсыздық, жалқаулық, тәкаппарлық деген жаман қасиеттермен күреседі.
Балғабек Мырзаев, Дін Істері агенттігінің бас сарапшысы:
Жиһад деп елдің ішінде билікке қарсы қару қолдану, өзге елдің заң жүйесін өзгертеміз деп қару қолдану – бұл Исламда жоқ нәрсе. Біз Исламның тарихын оқыған кезімізде мұндай деректерді кездестірмедік. Өкінішке қарай, біздің кейбір діндар адамдардың Исламды дұрыс түсінбегені, олардың қате жолда жүргені – осындай шешімге алып келуде.
«Шектен шықпаңдар, соғыс кезінде жауларыңның өлі денелерін тілгілеп, көздерін ойып, мұрындарын кеспеңдер. Балаларды, әйелдерді, қарт кісілерді, ғибадатханалардағы адамдарды өлтірмеңдер». Пайғамбардың осы бір өсиеті Сирияда орындалып жатыр ма?! Жоқ. Сөзімізге мынау содырдың, Асад әскерінің жүрегін жұлып алып, жеп жатқаны дәлел бола алады.
26 қазан. Францияның «Allain Jules» басылымы Сирияның Үкіметтік әскері Түркиямен шекарадағы Латакия қаласын басып алған содырлардың көзін жойды, деген ақпарат таратты. Террористердің арасында қазақстандық азаматтар көп, деген дерек айтылуда.
Қазақстаннан барған топ түгелдей қырылып қалды, деуден аулақпыз. Алайда тірі қалғандарын қайтеміз?
Кендебай Адамбеков, Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті антитеррорлық штабтың басшысы:
Біз Сирияға кеткендердің ата-анасы арқылы, жақын туыстары арқылы, оларды туған еліне қайтару жұмыстарымен айналысудамыз. Елге келгенде олардың мәселесі жеке-жеке қаралады. Егер қандайда бір террорлық ұйымға кіріп үлгермеген және де ешқандай қылмыс жасамаған отбасылар болса, оларға рақымшылық жасалады.
Жиһад деді де, өмірінде көрмеген, осыған дейін атын естіп-білмеген елге аттанды да кетті. Ал соңында аңырап ата-анасы, шұрқырап бала-шағасы қалды. Біреуі — әкесі, енді біреуі — баласыз, бауырсыз… Олардың ендігі өмірі қандай болмақ?!
Ешмұрат Аймаханов, Сирияға кеткен М. Аймахановтың әкесі:
Балам, Мақсат. Естіп отырсаң, елге қайтшы. Кішкентай балаң ауруханаға түсіп қалды. Қиналып қалды. Қателескен балалар болса, елдеріңе қайтыңдар.
Орынбала Тілеубаева, көп балалы ана:
Намаз оқып бастаған соң, жақсы жолға түсті, деп ойладым. Жақсы жолға түсті, деп… Аман-есен оралса, деймін. Мені асырайды деген азаматтарым ғой.
Әлі де Сирия жерінде қалып қойғандарды Сыртқы істер министрлігі бар, Ұлттық Қауіпсіздік комитеті бар Ливан, Түркия арқылы қайтарып алуға тырысуда. Иә, олар елге оралар. Бірақ бір мәселе бар. Сергелдеңде жүрген жерлестеріміз үшін бастысы — Сириядан шығу емес, соқыр сенімнен шығу болып тұр.
Нұрбек БЕКБАУ