АЛТЫНОРДА
Новости

Соқыр солдат кімге керек?

Бозбалалардың арасында әскери борышын өтей алмайтындар, сапта тұра алмайтындар бар. Көктемде қатарға ша­қырылған ер-азаматтардың 20 пайызы денсаулығына байланысты кері қай­та­рылды. Басым бөлігінің көзі көрмейді, алысты ажырата алмайды. Бұған ком­пьютер, ұялы телефон себеп. Тағы бір тобы – майтабандар. Олар да Отан ал­дындағы борышын өтей алмайды. Ал 10 пайызы отбасы жағдайына байланысты уақытын кейін шегеріп жатыр. 


Біз дүниеге ер бала келсе, «шаңырақ иесі», «елін қорғайтын азамат болады» деп өсіреміз. Оларды қиындыққа мо­йымай, адал еңбек етуге тәрбиелейміз. Мектепте оқып жүргенде де «қатарың­ның алды бол» деп тілек айтамыз. Бәрі жақ­сы. Қазір сол мектепте алғашқы әскери дайындық сабағы тиісінше қыздарға, ер балаларға қатар өткізіліп келеді. Олар сапта тұруды, қару асынып, оқ атуды осы жерден үйренеді. Қыздар медбике болуға машықтанады. Бұрын қыздар бос отырып, жігіттер бір ав­томатты ша­шып, жинайтын. Қазір бәрі өзгерді. Бұл әскерге деген талап-тілектің өскенін көрсетеді.

Ақтөбеде 1000 бозбала Отан ал­дын­дағы борышын өтеуге жолдама алды. Олар еліміздің оңтүстік, солтүстік бөлі­гінде қызмет етеді. Бұл жердегі өкініш – жастардың денсаулығында. Көбі ау­рушаң. Әсіресе, қала балалары көзден қалған. Алыстағыны көрмейді. Себебін дәрігерлер компьютермен, ұялы теле­фонмен байланыстырады. Иә, күндіз-түні бір тынбай агентте отырады, ин­тернет арқылы түрлі ойындардың қы­зы­ғы­на батады. Ал бұл жағынан ауыл балалары таза. Олардың көзі қырағы, денесі шымыр. Тағы бір сынақ азамат­тың моральдық-психологиялық жағ­дайын қарайды. Ақтөбе облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Мирбек Сан­сызбаевтың айтуынша, үйленемін, несие төлеймін деген жігіттерге де же­ңілдік бар екен. Қарызы бар ер-азамат­тардың әскерге алынуы кейінге ше­геріліп жатады. Бұл мүмкіндікті тек сәтті пайдалану керек. Себебі келесі мау­сымда тағы да шақырылады, ден­саулығы жараса, әскерге алынады. Жылдың тағы бір жаңалығы – енді әскерге бармай-ақ, бір айда әскери би­летке қол жеткізуге болады. Бірақ бәрі бірдей қатардағы жауынгер атанып шығады. Ал әскери билет әр салаға жа­рамды. Тек қалтада кемі 210 мың теңге болуы керек.

– Биыл екінші жолды таңдауға мүм­кіндік берілді. Соған орай әскери-тех­никалық мектепте күрделі жөндеу жұ­мыстары басталды. Қазір казарма, ас­хана, спорт алаңы жөнге келтіріліп жа­тыр. Тіпті жылу жүйесі мен су құбыр­ларын тарту жоспарланған. Бұл мек­тептің ашылуы жүздеген ақтөбеліктің жұмысқа орналасуына, әскери маман болуына септігін тигізеді. Қыркүйек айында алғашқы 30 бозбала әскерге алы­нады. Олар бір ай бойы жауынгер­дің әдіс-тәсілдерін үйреніп, осы жерден әскери билет алады. Әскери оқытушы­лар тамыз айында жұмысқа қабылдана­ды. Олар зейнетке шыққан, әскери бі­лімді маман болуы қажет. Сарбаздар бір ай бойы казармада қамалмайды, оқу-жаттығу полигонына барып, экскур­сия да жасайды, – дейді облыстық әске­ритехникалық мектеп директоры Абду­рашит Саттаров. Мектептегі жөндеу жұмыстарын «GSM-Ақтөбе» серіктестігі жүргізіп жа­тыр. Сонымен қатар бұл білім орда­сын­да 3 жарым айлық механик-жүр­гізуші мамандығы оқытылады. Олар бұл уа­қытта әскери техниканы жүргізуге, жөн­деуге машықтанады. Кейін 1 жыл бойы Отан алдындағы азаматтық бо­рышын өтейді.

Бүгінде жастардың бірі әскер­ден қашады, енді бірі әскерге барамын деп құлшынады. Алғашқылары қиындық­­ты еңсере алмаймын деп жүрексінсе ке­рек. Әйтпесе азаматты ер-азамат ететін сол – әскер. Бұл бұрыннан айтылып келеді. Ал кейінгілері тұрақты, салмақты жұ­мысқа тұрамын деп талпынатын болар. Бұл жолда қара бастың емес, елдің шекарасын, әуе күштерін, теңіз флотын, ішкі әскерін мықты етемін деген пат­риоттық сезім керек-ақ.

Алтынай САҒЫНДЫҚОВА
Ақтөбе

http://www.aikyn.kz