Жылқы жылы басталғалы бері, яғни күнтізбелік ауысым бойынша, Жылқы жылы кірді деп есептесек, әлеуметтік желілерде «жылт» еткен жаңалықтың бірі – қазақтың сүйікті әншісі Мәдина Сәдуақасаваның тұрмысқа шыққан-шықпағандығы болды. Елдің сүйіктісіне айналған сүйкімді бойжеткеннің тұрмысқашыққаны оқырман үшін жағымды жаңалыққа айналғаны рас.
Бірақ, бізді таңқалдырғаны, Мәдинаның тұрмысқа шыққаны емес, оқырманның бұл жаңалыққа соншалықты ықылас танытқаны. Әйтпесе, қазақтың бойжеткен қызының әйтеуір бір күні бір ер азаматтың етегін ұстайтыны белгілі ғой. Әлде, елдің алдында жүрген сүйкімді бойжеткеннің тұрмыс құрғаны оқырманға қызық па?
Айтпақшы, Мәдинаның өзі жеке өміріне қатысты 2012 жылы баспасөз беттеріне берген сұхбаттарының бірінде: «Ренжімеңіз, кім екенін құпияда қалдырайын. Ал тойдың күнін көктемге қарай жоспарлап қойдық. Амандық болса, наурыз немесе сәуір айында тұрмысқа шығамын», – деп жауап берген екен.
Көктемде, яғни наурыз бен сәуірдің бірінде отбасылы болатындығын жеткізген бикештің араға екі жыл салып, жаңа жылдың басында тұрмыс құрғаны туралы ақпарат құлағымызға жетті. Әлеуметтік желідегі «жағымды жаңалыққа» сүйенсек, Мәдина «Еларнада» көптеген бағдарламалардың қоюшы-режиссері Олжас Смағұлов есімді азаматтың етегін ұстапты.
Бұл ақпаратты ең алғаш «Еларна» телеарнасының директоры Серік Абас-Шах фейсбук әлеуметтік желісіндегі өз парақшасында бөліскен екен. Бұдан соң, интернет-сайттары осы бір ақпаратты жерден жеті қоян тапқандай аспандатып әкетті. www.aynaline.kzсайты Мәдинаның өзіне соққан телефон қоңырауына көмекшісімін деп таныстырған Азамат есімді жігіттің жауап бергенін айта отырып, бұл ақпараттың жалған екенін тәптіштейді. Әрі ол Мәдина Сәдуақасованы өзі таппай жүргенін жеткізген. «Жас қазақ үні» газетінің сайты www.qazaquni.kzпорталында «Мәдина келін атанды» деген ақпарат жылт етті. Онда Мәдинаның тұрмысқа шыққаны «Инстаграм» әлеуметтік желісі арқылы расталғаны жазылған. Мәдинаның жақын құрбылары белгілі әнші Қарақат Әбілдина мен айтыскер-ақын Айнұр Тұрсынбаевалар құрбыларын ақ жаулығымен құттықтап, үбірлі-шүбірлі болуын тілеген. Осы ақпараттарды негізге алған «Жас қазақ үні» «Мәдина Сәдуақасованың келін атанғаны рас» деп түйін түйеді.
Ақпараттың рас-өтірігін анықтау үшін, әнші қызымыздың телефон нөмірін бірнеше рет тергенбіз. Мәдина Алматыдан алыста жүр ме, әлде, тілшілерден мезі болды ма, кім білсін, әйтеуір «байланыс аясынан тыс жерде».
Сонымен, Мәдина тұрмысқа шықты ма, шықпады ма? Әзірге, бар қолымыздан келері, түймедақты бір-бірлеп жұлып, «сүйе ме, сүймей ме?» деген сияқты, құр болжам жасау ғана…
Айна Хасанова
http://www.turkystan.kz/