Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың жетекшілігімен кеше биылғы жылдың алғашқы Үкімет сағаты «Еліміздегі құқықтық тәртіптің жай-күйі және ішкі істер органдары қызметінің басым бағыттары туралы» деген тақырыппен өтті.
Күн тәртібінде қаралатын мәселе өте маңызды екендігін тілге тиек еткен вице-спикер өткен жылы ішкі істер саласына қатысты 8 заң қабылданғанын жеткізді. Сондай-ақ, соңғы кезде ішкі істер жүйесінде реформа өтіп, бірқатар құрылымдық және функциялық өзгерістер болғандығы да айтылды. «Автокөлікті техникалық байқаудан өткізу және күзет қызметі саласы бәсекелестік ортаға берілді; халықты құжаттандыру, тіркеу жұмыстары және қылмыстық-атқару жүйесі қайтарылды; көші-қон саласындағы көптеген функциялар жүктелді; жол және патрульдік полиция қызметтері реформаланды; қылмыстарды есепке алу және тіркеу тәртібі өзгерді, тағы басқалар», деді С.Дьяченко.
Бұдан кейін сөз баяндама жасау үшін Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа берілді. Министр өз баяндамасында Ішкі істер министрлігі жүйесін реформалау, еліміздегі криминалдық ахуалдың жай-күйі, аса ауыр қылмыстар мен ұрлықтың алдын алуға бағытталған бағдарламаның нәтижесі туралы айтып берді.
Келтірілген мәліметтерге қарағанда, 2011 жылы полицияға 800 мыңға жуық қылмыс туралы арыз бен хабарлама келіп түскен болса, 2012 жылы оның көлемі 1,6 миллионға, ал былтыр 2 миллионға жетіпті. Азаматтар арызының 94 пайызы 3 күндік мерзімде қаралуы жүзеге асырылған. Керісінше, аса ауыр қылмыстар саны 15 пайызға (2394-ке дейін), кісі өлтіру 12 пайызға (1118-ге дейін), тонау 7 пайызға (18,8 мыңға дейін), ал қарақшылық 18 пайызға (1358-ге дейін) қысқарғаны ерекше аталды. Ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету (52), бандитизм (1) фактілері бойынша 53 қылмыстық іс қозғалған. Бұл ретте ұйымдасқан криминалдық құрылымдардың 50-ден аса жетекшісі мен 230 қатысушысы жауапкершілікке тартылып, олардан көптеген қару мен есірткі тәркіленіп алынған. Тағы бір белгілі болғаны, экстремистік сипаттағы қылмыстар бойынша 28 қылмыстық іс қозғалып, Астана мен Атырау қалаларында 3 террористік топ әрекетінің жолы кесіліпті. Экстремистік сипаттағы ақпараттан тұратын 11,4 мың бірлік баспа өнімі, 1,2 мың бірлік электрондық тасымалдағыш және 13 бірлік компьютерлік техника тәркіленген.
Министрдің айтуынша, 2013 жылы шетелдік еңбек күшін заңсыз пайдаланудың 2,3 мың фактісі анықталыпты. Бұл ретте бір жыл ішінде 3,2 мың есірткі қылмысы, соның ішінде есірткі өткізудің 2 мыңға жуық фактісі, есірткі контрабандасының жүзден астам дерегі анықталса, заңсыз айналымнан 23,3 тонна есірткі заттары (136,3 кг героин) тәркіленіп алыныпты. Сөз реті келгенде министр ресейлік әріптестерінің героинның негізгі бөлігі Қазақстан аумағы арқылы жеткізілетіні туралы байламдарының негізсіз еместігін де мойындады. Халықаралық сарапшылар пікірінше, қарулы контингенттің шағырылуына байланысты Ауғанстаннан аймаққа және Еуропа елдеріне есірткі тасымалы мәселелері шиеленісуі де мүмкіндігі айтылмай қалмады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына орай ұсақ құқық бұзушылықтардың 2,6 миллион фактісі анықталса, құқық бұзушыларға салынған айыппұл көлемі 17 миллиард теңгені құрапты. Әсіресе «Қауіпсіз аула» жобасы бойынша қала көшелері мен адамдар көп жүретін орындарда 2,7 мың бейнебақылау қондырғылары орнатылған. Олардың көмегімен 290 мың құқық бұзушылық анықталып, 1,7 мыңнан астам қылмыс ашылыпты. Осы ретте Астана қаласында ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық және оны өткізу шеңберінде 2,5 мың бейнебақылау камерасын қосымша орнату жоспарлануда екен.
Қ.Қасымов әрбір облыс орталықтарында жедел басқару орталықтары (ЖБО) жұмыс істеп тұрғандығын да алға тартты. Оның айтуынша, қазіргі таңда Рудный, Щучье, Семей және Хромтау қалаларында ЖБО құрылысы аяқталған. Сондай-ақ, министр жол-көлік оқиғасы туралы деректі де алға тарта кетті. Одан мәлім болғандай, 2013 жылы 20,3 мың жол-көлік оқиғасы тіркелсе, онда 2793 адам қаза болған және 26,1 мыңы жарақат алған. Негізінен ЖКО-ның 90 пайызынан астамы жүргізушілер кінәсінен жасалады (18501, +69 пайызы) – жылдамдық режімін, айналып өту ережесін бұзуда, көбінесе автокөлікті мас күйінде басқару фактілері. Тек өткен жылдың өзінде 42,8 мың мас жүргізуші ұсталса, олардың 5,3 мыңнан астамы әкімшілік қамауға алынған.
Министр елімізде сотталғандар санының әлі де жоғары екендігінен де хабардар ете кетті. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық құқық қорғау жүйесінің қызметі, сот практикасы сотталушылар санын азайтуға бағытталуы тиіс. Қамауға алынғандардың саны жағынан еліміз әлем елдерінің алдыңғы қатарында келеді. Қазақстан қазір 35 орында, біз бұл көшбасындағы көрсеткіштер қатарынан шығуымыз керек», деді Қ.Қасымов. Оның пайымынша, Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалдық кодекс жобаларындағы ұсыныстар (бас бостандығынан айыруға қатысы жоқ жазаларды арттыру, медиацияны кең көлемде қолдану және т.б.) колонияларда отырған адамдардың санын азайтуға мүмкіндік беруі тиіс. Өкінішке қарай, бас бостандығынан айырылғандар саны қазірдің өзінде 49 мың адамға жеткен. Қылмыстық-атқару жүйесі қазіргі уақытта кәсіби, білікті кадрларға мұқтаж болып тұр. Осы жүйедегі қызмет те, сондай-ақ, оның қызметкерлерінің жалақысы да жоғары деп есептелмейді. ҚАЖ жеке құрамының біліктілігін, кәсіби даярлығын арттыру және ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету елеулі жетілдіруді қажет етеді (ҚАЖ-дің жалпы штаттық саны – 15936 бірлік, оның ішінде 9600 – бірлік аттестацияланған құрам және 6200 астам бірлік еркін жалданған құрам). Көрсетілген барлық бағыттар бойынша іс-шаралар 2012-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Қылмыстық атқару жүйесін дамыту үкіметтік бағдарламасында көзделген, оның шеңберінде бірқатар жобалар мен іс-шаралар жүзеге асырылды.
Қосымша баяндама жасаған Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев саладағы бірқатар кемшіліктерге назар аударта кетті. Ал палата депутаттары құқық бұзушылықтың алдын алу, полиция қызметін бағалаудың критерийлері, қайта құрылған жол-патрульдік қызметтерінің, учаскелік инспекторлардың, криминалистік құрылымдардың дамуы мен тергеу процедураларының жеңілдеуі, сонымен қатар, ішкі істер органдарына инновациялық техникалық құралдарды енгізге қатысты сауалдарын қайып, өз ойларын ортаға салды.
Үкімет сағатын Мәжіліс Төрағасының орынбасары қорыта келіп, өткен жылы осы салаға байланысты 8 заң қабылданғанын, Мәжіліс қарауындағы «Жол қозғалысы туралы» және «Ішкі істер органдары туралы (жаңа редакциясы)» заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданғанын қаперге салды. Қазіргі таңда «Қылмыстық-атқару», «Қылмыстық», «Қылмыстық іс жүргізу» кодекстерінің жаңа редакциялары Парламент қарауында жатыр. Үкімет сағатының қорытындысы бойынша, депутаттар пікірі ескеріліп, Үкіметке бірқатар ұсыныстар жобасы дайындалды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».