Қашанда жаңалыққа құштар «Forbes» журналы жуырда Ресей миллиардерлерінің рейтингін жария етті. Сол тізімге көз жүгіртсек, көршілес мемлекеттің азаматы саналатын ауқаттылардың дені спорт десе, ішкен астарын жерге қоятынына анық көз жеткіздік.
Олар бұл салаға қыруар қаржы құюда. Орыс байлары тек отандық спортты дамытумен шектеліп қана қоймай, Еуропаның өзге елдеріндегі алпауыт командаларды да өз қоластына алуда.«Forbes» журналындағы дерекке сүйенсек, Ресейдің ең бай азаматы – 60 жастағы Алишер Усманов. Өзбекстанның Наманған облысында туып-өскен ол Отанында түрлі қызмет атқарды. Кейіннен Ресейге қоныс аударып, бизнес жолын полиэтилендік пакет шығаратын цех ашудан бастады. Бірте-бірте басқа да тірлік жасады. Көп ұзамай ірі-ірі кәсіпорындарды сатып алатындай жағдайға жетті. «USM Holdings» және «Газпроминвестхолдинг» деп аталатын ірі компаниялардың іргетасын қалады. Қазіргі кезде Алишер аканың байлығы 18,6 миллиард АҚШ долларын құрайды. Сонымен қатар Усманов мырза спорт десе, елеңдеп тұратын жан. Ол бірер жылдан бері Халықаралық семсерлесу федерациясын басқарады. Және де Англия премьер-лигасында өнер көрсетіп жүрген Лондонның «Арсенал» клубының біраз акциялар пакетін сатып алды.
Ресей миллиардерлері рейтингінде екінші және үшін орындағы Михаил Фридман (17,6 миллиард) мен Виктор Вексельбергтің (17,2) спорттан гөрі басқа салаларға аңсары ауып
отыр. Алғашқысы медицинаға жақын болса, екіншісі көне құндылықтарды жиып-теруде.
Есесіне, бай-ауқаттылар тізімінде 4-орында тұрған 57 жастағы Владимир Лисин Ресейдің нысана көздеу одағының президенті және айтулы спорт түрі бойынша Халықаралық федерацияның атқару комитетінің мүшесі. Оның байлығы 16,6 миллиард доллар. Бесінші орындағы 58 жастағы Леонид Михельсон – Ресей футбол одағының бас демеушісі. Аяқдоп өнерімен қатар ол баскетболға да қаржы құюда. Михельсонның байлығы – 16,5 миллиард доллар. Алтыншы орында – Геннадий Тимченко. 61 жастағы айтулы азамат Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) директорлар кеңесінің төрағасы және Санкт-Петерборды СКА клубының қожайыны. Оның байлығы – 15,3 миллиард доллар.
Жетінші орындағы Вагит Алекперовтің де жомарттығы жайында көп әңгімелеуге болады. «Лукойлдың» басшысы Сочи Олимпиадасының ойдағыдай өтуіне сүбелі үлес қосты. 63 жастағы Баку қаласының тумасы бірқатар футбол командаларына көмек көрсетуде. Вагит Юсуфұлының байлығы – 13,6 миллиард доллар. Сегізінші сатыға жайғасқан «Норильский никель» компаниясының қожайыны Владимир Потаниннің осы күнге дейін жиған-терген қаржысы –16,6 миллиард долларды құрап отыр. Ол Сочи Олимпиадасы қарсаңында өз қалтасынан 700 миллион доллар шығарып, «Роза Хутор» тау шаңғысы курортын салды. Ал Ресейдегі байлардың алғашқы ондығының қатарына еніп отырған Андрей Мельниченко (11,4) мен Герман Ханның (11,3) спортқа қолдау көрсетуге аса құлқы жоқ көрінеді.
Есесіне, одан кейінгі сатыларға табан тіреген миллиардерлердің дені спортты жан-тәнімен сүйетіндерін сөзбен емес, іс жүзінде дәлелдеуде. Есепшотында 10,9 миллион доллары бар Михаил Прохоров Ресейдің биатлоншылар одағының президенті және Ұлттық баскетбол лигасында өнер көрсетіп жүрген «Бруклин Нетс» клубының президенті.
10,3 миллиард доллары бар Сергей Галицкий Ресей чемпионатында күш сынасып жүрген «Краснодар» клубын өз қамқорлығына алды. Сонымен қоса ол аталмыш аймақтағы балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту мақсатында 60 миллион доллар жұмсады. Кезіндегі Чукотканың губернаторы Роман Абрамовичтің есімі көпшілікке жақсы таныс. 47 жастағы орыс олигархы 2003 жылы Лондонның «Челсиін» сатып алды. Содан бергі уақытта олар 3 рет Англия чемпионы, Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының жеңімпазы атанды. Басқа да көптеген жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілді. Қазіргі кезде аталмыш футбол клубы әлемдегі ең белді командалар санатында. «Челсиді» осындай деңгейге жеткізу үшін Роман Аркадьевич 1,5 миллиард доллар сарп етті. Абрамовичтің байлығы – 9,1 миллиард доллар.
Роман Абрамовичпен түйдей құрдас Дмитрий Рыболовлев – Ресейдегі бірқатар ірі компаниялардың қожайыны. Оның байлығы 8,8 миллиард долларды құрайды. 2013 жылы ол Францияның «Монако» клубын 60 миллион евроға сатып алды. Ұлттық біріншіліктің екінші дивизио-нында ойнап жүрген «Монако» сол маусымда мықтылармен күш сынасу мүмкіндігіне ие болды. Биылғы доп додасында аталмыш клуб тек ПСЖ-дан ғана қалып қойып, екінші орында келеді.
Роман Абрамович және Дмитрий Рыболовлевпен бір жылда туған Андрей Скоч та – Ресейдің шалқыған байларының бірі. Ол – Ресей Думасының депутаты. Байлығы 8,2 миллиард долларды құрайды. Андрей кезінде самбо және дзюдомен айналысқан. Осы күрес түрлері бойынша РФ Еңбек сіңірген жаттықтырушы деген атақтары бар. Бизнеске бет бұрғаннан кейін «Поколение» деп аталатын қор құрды. Бұл қор денсаулық, дене шынықтыру және спорт саласындағы жобаларға қолдау көрсетуде.
6,9 миллиард доллар байлыққа ие Сулейман Керимовтің де спорттың шынайы жанкүйері екенін жамағат жақсы біледі. Дағыстанның Дербент қаласының тумасы жоғарыда есімдері аталған өз құрдастарынан қалыспай, осы салаға барынша қамқорлық көрсетіп келеді. Ол Ресейдің спорттық күрес федерациясының қамқорлық кеңесінің төрағасы. Грек-рим және еркін күрестің дамуына сүбелі үлес қосқаны үшін Сулейман ФИЛА-ның «Алтын орденімен» марапатталды. 2011 жылдың қаңтар айында Керимов Махачкаланың «Анжи» клубын сатып алды.
46 жастағы орыс олигархы Олег Дерипасканың да ел қызығарлықтай байлағы бар. Бұл қаражат 6,5 миллиард доллар шамасында. Сочи Олимпиадасы қарсаңында орыс бизнесмендерінің барлығы да бір адамдай жұмылып, байрақты бәсекені ойдағыдай өткізу үшін барынша күш салды. Солардың қатарында айтулы азамат та бар. Олег Владимирович Олимпиада қалашығы, теңіз порты және халықаралық әуежай инфрақұрылымын жаңарту үшін қалтасынан 1,4 миллиард доллар шығарды.
Міне, біз жоғырыда сөз еткендер – Ресейдің ең бай 20 азаматы. Көршілес мемлекетте басқа да миллиардерлер мен миллионерлер жетіп-артылады. Сол үлде мен бүлдеге оранып отырғандардың дені спорт саласына барынша қамқорлық көрсетуде. Ал біздің елдегі жағдай қалай деген сауал туындаса, жанарымызбен жер шұқып қалатынымыз анық. Мәселен, «Forbes» журналының тізімінде Қазақстанның бірнеше азаматы бар. Бірақ солардың барлығы бірдей ел спортынын өркендетуіне атсалысып жатыр деп айта алмаймыз. Кейбіреулері тіптен «үнсіз». Десек те «бәрі жаман» деп айтуға да болмайды.
Мәселен, миллиардерлер тізіміндегі Тимур Құлыбаев Қазақстан бокс федерациясының президенті. Отандық бокстың дамуына ол азамат үлкен үлес қосуда. Былтыр Алматыда әлем чемпионатының ұйымдастырылуы тікелей Құлыбаев мырзаның беделі екенін ешкім жоққа шығармайды. Болат Өтемұратов тізгінді ұстағалы бері Қазақстан теннисінің тасы өрге домалады. Қысқа ғана мерзім аралығында бірнеше отандасымыз «Топ-100» ойыншының қатарына кіріп, ұлттық командамыз үш рет Дэвис кубогының ширек финалына дейін жетті. Сондай-ақ тағы бірқатар бай-ауқатты қазақ азаматтары түрлі спорт түрлерін басқарып, сол саланы дамыту үшін барынша күш салуда.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН
http://www.aikyn.kz/articles/view/48351