Фильм авторлары – Дарья Виолина және Сергей Павловский. Дарья Виолина АЛЖИР лагерінде ашылған мұражайға алғаш рет барған соң «Біз өмір сүреміз» атты фильм түсірген еді. Мына фильмі де алдыңғы туындысымен үндес.
АЛЖИР ТУРАЛЫ ҒАНА ЕМЕС…
АЛЖИР – «отанын сатқандардың» әйелдеріне арналған Ақмола лагерінің қысқаша атауы. Қазіргі Астана қаласына таяу маңда, 1938-1953 жылдары жұмыс істеген АЛЖИР-де «отанын сатқандардың» отбасы мүшелері (оларды ЧСИР – «члены семей изменников родины» деп атаған) отырған. Лагерьдің қапас лашықтарында өлместің күнін кешкен тұтқын әйелдер ауыр жұмысқа салынған. 1939 жылдың мамырына дейін тұтқын әйелдердің хат алуына, мамандығы бойынша жұмыс істеуіне, сәлемдеме алуына тыйым салынды.
Ол заманда репрессияға ұшырағандардың балаларын әке-шешесінен айырып, жетімдер үйіне өткізетін тәртіп болған. Бірақ кейбір балалар шешесімен бірге АЛЖИР-де тұрды. Фильмде тұтқын балалардың қасіретті жылдар туралы естеліктерге көп орын берілген. Олардың бірі – Майя Плисецкаяның ағасы, хоеограф Азарий Плисецкий. Бір жасар Азарий сәби шағын анасымен бірге АЛЖИР-де өткізген. АЛЖИР тозағын бастан кешкендердің бірі — репрессияға ұшыраған белорус ақыны Тодор Кляшторныйдың қызы.
Репрессияға ұшыраған әке-шешесінен балаларды күштеп айырған. Тоталитарлық режим олардан «нағыз лениншіл» патриоттарды тәрбиелеп шығаруға күш салды. Олар туған әке-шешесін «халық жауы» санап, айыптауға тиіс болды.
Фильмде Шыңғыс Айтматов енгізген «мәңгүрт» сөзінің мән-мағынасы осы тұрғыда қолданылған. Жазушының әкесі де халық жауы ретінде жазаланған. Шыңғыс Айтматов пен оның қарындасы Розаның әкесі жерленген зиратты қалай іздеп, тапқандарын баяндайтын эпизодтар бар. Қазір ол жерде мемориалдық кешен ашылған.
Бірақ фильмде репрессияға ұшыраған жандардың ұрпақтарының АЛЖИР лагері ғана емес, бүкіл ГУЛАГ түрмелері туралы естеліктері бар. Фильмде 1939-1953 жылдары АЛЖИР директоры болған Сергей Бариновтың адамгершілік қасиеттері де көрсетілген. Ол лагерь тұрғындарының жағдайын жеңілдетуге тырысып, мыңдаған адамның өмірін құтқарған.
2013 жылдың желтоқсанында «Дольше жизни» («Ғұмырдан да ұзақ естелік») фильмі адам құқығы туралы фильмдердің 19-халықаралық «Сталкер» фестивалінде (Мәскеу қаласында өтетін) «ең үздік деректі фильм» ретінде лауреат атанды.
Биыл Ресей қалаларында «Сталкер» фестивалінде үздік деп танылған фильмдердің көрсетілімі өтеді. Қазақстандықтар бұл фильммен интернет арқылы немесе адам құқығы жөніндегі киномектеп ұйымдастыруымен өтетін көрсетілім арқылы таныса алады.
ПІКІРЛЕР ЕКІГЕ ЖАРЫЛДЫ
Фильм көрсетілімі Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтында (КИМЭП) өтті. Сталиндік қуғын-сүргін туралы фильмді бұрынғы партия мектебінде көрсетудің өзіндік символдық нышаны бар сияқты. Фильмді көруге 30-40 шақты ғана адам жиналды, оның көбі — университет студенттері. Фильм көрсетілімін АҚШ-тың USAID халықаралық даму агенттігінің қолдауымен Freedom House құқық қорғау ұйымы ұйымдастырды.
Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов «фильмде Сталин режимі абстарктілік тұрғыдан көрсетілген, нақтылық жоқ деп» есептейді. Ол «Сталин дәуірінің жендеттері жайында да айту керек еді немесе мұны басқаша қырынан көрсету керек еді» дейді.
— Миллиондаған адам өз қандастарының қолынан қаза тапты. Фильмде бұған акцент жасалып, мән берілмеген. Фильм — қазіргі жағдайдың проекциясы. Қазір жұрттың 70 пайызы «Совет Одағында бәрі тамаша болып еді» деп санайды. Олар репрессияны «ол кезде жан-жақтан жаудың қыспағында болдық ғой» деп ақтағысы келеді, — дейді ол.
Газет сыншысы әрі құқық қорғаушы Андрей Свиридов журналистпен келіспейді.
— Тамаша фильм. Артық-ауыс ештеңесі жоқ. Меніңше, маңызы зор фильм. Мұндай фильмдерді тауып, бүгінгі жағдаймен салыстырып, өткен өмір мен бүгінгі күннің ұқсастығы мен айырмасын саралау қажет. Жендеттердің ұрпағы табылса да, олардың камера алдына шығып, бірдеңе айтуға келісуі екіталай еді, — дейді Андрей Свиридов.
Андрей Свиридовтің айтуынша, «фильмді көргеннен кейін адамды екіұдай сезім билеуі мүмкін». Фильмде ГУЛАГ құрбандарына арналған қазақстандық екі мұражай көрсетілген. Олардың бірі – ТМД елдеріндегі мұражайлардың ең ірісі.
Андрей Свиридовтың айтуынша, «Алматы қаласында саяси репрессия құрбандарына тағзым етуге жеткілікті мән берілмейді. Мысалы, бұрынғы әкімдердің бірі сатып жіберген соң, тоталитарлық режим құрбандарына арналған мұражай бұрынғы ғимаратынан айырылып қалған. «Мұнда 1930 жылдардағы аштық құрбандарына арналған ескерткіш орнатылады» деген жазуы бар тастың тұрғанына көп болды, бірақ ескерткіш әлі жоқ. Неге екені белгісіз, онда аштық және репрессия құрбандарына емес, аштық құрбандары деп қана жазылған».
Фильмдегі оқиғалар мен қазіргі жағдайларды салыстыру мәселесіне қатысты Андрей Свиридов «ол замандағы жеке басқа табыну проблемасы қазір де бар, бірақ ол кездегідей жаппай репрессия жоқ»
ҚҰСТАРДЫҢ БАҒЫТЫ ҚАНДАЙ?
Залда отырған жастар көбі фильмді талқылауға қатысқан жоқ. Тәжікстаннан келген бір бойжеткен тарихта мұндай жағдай болғанын естімегенін айтып, «менің елімде де жаппай қуғын-сүргін құрбандары бар ма, білгім келеді» деді.
Бір жас жігіт «Сталин тұсындағы қатал шаралар сол заманда қажет болды. Сталиннің қаһары болмағанда, қазір бәріміз неміс тілінде сөйлер ме едік» деп пайымдайды. Сталин тұсында оның бірнеше атасы репрессияға ұшыраған. Бірақ, оның айтуынша, «кулак» деп айыпталып, атылып кеткен күйеуінен айырылған әжесі де, басқа туыстары да Сталинді сөкпейді».
Экранда бейнеленген логотипте жоғарғы жағы біртіндеп кеміріліп бара жатқан Рабица торының құстарға айналған кесектеріне байланысты Сергей Дуванов залда отырған көрермендерден «Қалай ойлайсыздар, мына құстар келіп жатыр ма, әлде кетіп жатыр ма? Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда, Қазақстанда адам еркіндігін шектеу көбейді ме, әлде азайды ма?» деп сұрады.
Қазіргі Қазақстандағы адам еркіндігін жұрт әрқалай бағалайтын болып шықты. Кейбір көрермендер Дуванов сияқты «құстар келіп жатыр» десе, кейбірі «керісінше, кетіп жатыр» деген пікір айтты. «Құстар бір орында айналып тұр» дегендер де болды.
http://www.azattyq.org/content/kazakhstan_film_longer_than_life/25282131.html