Қара теңізде, Стамбулға жақын маңда катер аударылып, онымен Еуропаға жетпек болған босқындар суға батып кеткен. Түркияның жағалау күзетінің хабарлауынша, суға батқан катерден алты адам құтқарылып, қаза тапқан 24 адамның денесі судан шығарылған. Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Құзырлы орындардың хабарлауынша, қаза тапқандар негізінен Ауғанстаннан шыққандар, арасында 12 бала бар. Түркиялық ақпарат құралдары Босфор бұғазына кіреберістен солтүстікке қарай үш миль қашықтықта суға батқан катердің бортында сириялықтар мен түркімендер де болғанын айтады.
Кейбір ақпараттар бойынша, Еуропа елдеріне жарқын өмір іздеп бармақ болғандар тиісті жеріне жеткізу үшін контрабандалық жолмен тасымалдаушыларға әрқайсысы бірнеше мың еуродан төлеген.
Суға батқан катер бортында 40-қа жуық адам, яғни оның сыйымдылығы шегінен төрт есе көп болғаны айтылады.
http://www.azattyq.org/archive/news/20141104/330/330.html?id=26673188