Отандық телеарналар телехикаяға тұнып-ақ тұр. Тәуелсіздік алғалы бері көк жәшік арысы Аргентина мен Бразилия, берісі Үндістан мен Түркияның, Кореяның телехикаяларынан босамай-ақ қойды.
Қызығы сол, телеарнаның негізгі рейтингісін де аталмыш телехикаялар құрайды. Телехикаяның бір бөлімінің құны 5 мың еуроны құрайды екен. Әрине, рейтинг телеарнаның негізгі табыс көзі болғандықтан, артық сөз айтуға тағы болмас. Дегенмен, 5 мың еуроға сапалы бағдарлама шығарып, халықтың көзайымына да айналдыруға болар еді…
Апта басында Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысы өтті. Келелі жиында БАҚ өкілдерін толғантқан бірнеше мәселелер қозғалды. Мемлекетттік телеарна қызметкерлерінің жалақасыны көтеру, жағдайын жасау жайы да біраз сөз болды. Сондай-ақ, жиын барысында ел ішінде жоғары рейтинг жинаған телехикаяларды да тілге тиек етті жиналғандар. «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы Айдос Үкібаевтың айтуынша, шетелдік өнімдерді сатып алу үшін телеарна тарапынан 1 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсалады екен. Мәселен, көптің сүйікті телехикаясына айналған «Сұлтан Сүлеймен» телетуындысының бір сериясының құны 5 еуроға тең. «Сұлтан Сүлеймен» телехикаясы рейтингісі ең жоғары және қымбат сериал болды», – деді Айдос Үкібай. «Хабар» агенттігі 2012 жылы 1 миллиард 242 мың теңге көлемінде коммерциялық табыс тапқан. Аталмыш қаражат дивидент түрінде мемлекетке қайтарылады екен. Ал «Қазақстан» РТРК шетелдік туындыларды сатып алуға бюджеттің 5,4 пайызын жұмсайды. 2012 1 миллиард 452 миллион теңгені жарнамадан түсірген телеарна 2013 жылы 1 миллирд 450 миллион теңге көлемінде қаржы табуды көздеп отыр екен.
Арна басшыларының шетелдік өнімге жұмсайтын қаржыны жариялағаны мұң екен, телекөрермендер бірден пікірін ортаға тастады. Тіпті, Осман империясының тарихын баяндайтын телехикаяны жақтаушылар да, даттаушылар да табылды. Мәселен, «Nur.kz» ақпараттық порталында пікір білдірген көрермен былай дейді: «Жалпы сериалдардың көбін (тіпті барлығын) көрсетуге тыйым салатын кез келді ғой деп ойлаймын. Көреалмаушылық, зұлымдық, бірінің әйелін бірі алдау, арбау, көздеріне шөп салу тағысын тағылар. Ешқандай тәрбиелік мағына, мазмұн жоқ. Бір жаманы, сол келеңсіз жайттарды біздің халық тез бойларына сіңдіріп жатыр. Ауылдағы адамдардың сериал көруден қолдары босамайды, бірі бітсе екіншісі басталады, жұмыс қалған. Бала-шаға қараң қалған. Не бақшада жұмыс істемейді, не мал ұстамайды. Уақыт жоқ қой! Сол сериалды көріп алып бір-біріне қайталап айтып, қайдағы бір кейіпкерлердің жағдайларына қабырғалары қайысып жүрген халық. Ал өз бауырларына өйтіп жұректері езілмейді, олар не болып жатыр, қалдары қалай дегендей. 5 мың еуроға сериал емес қасірет сатып алдық». «Мен қарсымын оданда ол қаражатты өзіміде қолдануға болареді ғой» дейді екінші көрермен.
Расында отандық телеарналардың өкілдерінің сапалы өнім шығару үшін қаражат жетіспейді, маман тапшы деген пікірлерін жиі естиміз. Бірақ өзіміз қаржыны түріктің һәм кәрістің өніміне жұмсап отырмыз. Әзірге, «Сұлтан Сүлеймін» телехикаясы отандық телеэкрандардан көрсетілетін ең қымбат өнім. Дегенмен, бір телехикая шамамен кем дегенде 16, ары кетсе 200 бөлімді құрайды. Әрбір бөлімге теңге көлемінде емес, доллар, тіпті еуро валютасымен ақша төлейміз. Бұл тек телехикая ғана, ал шетелден кәдімгі бағдарламаларды да сатып алып отырған жайымыз бар. Бәлкім, қыруар қаржыны шетелге жібергенше өз елімізде сапалы һәм қызықты бағдарлама, көруге тұрарлық телехикая түсіргеніміз жөн болар…
Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ