Біздің елде шылым шегуді азайту – «Саламатты Қазақстан» бағдарламасындағы негізгі міндеттің бірі. Өндірушінің өз мүддесі өзінде, ал мемлекет темекіден зардап шеккен сырқаттарды емдеуге жылына 76 млрд теңге жұмсайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінше, бүгінгі ахуал сақталса, алдағы 15 жылдың ішінде шылым шегудің кесірінен елімізде екі миллиондай адам қайтыс болуы мүмкін.
1. Акциз бағасын көтеру
Есепке сенсек, темекінің бір қорабына акциз бағасын 60 теңгеге дейін көтерсе, 182 мың адамның өмірін сақтап қалуға болады. Жастар арасында темекі шегетіндер саны 19 пайызға азаюы тиіс. Сондықтан 2014 жылы темекі акцизі 94 пайызға көтеріліп, 1000 талына 3000 теңге деп белгіленбек. Осы акциз бағасын Кеден одағы елдерімен салыстырса, Ресейдегі ең шекті акциз мөлшері 1000 данаға 1040 рубльге (5200 теңге), Беларусьте бұл сома 2010 теңгеге (қазір 576 теңге) көбеймек.
Қазақстан мен Ресей қаржы министрліктері арасындағы алдын ала келісімге (бірақ әлі құжат түрінде рәсімделмеген) сәйкес, 2020 жылға қарай темекінің 1000 данасына 50 евро көлемінде акциз (+/ — 20 пайыз) белгіленуі тиіс. Демек, Ресейдегі акциз құны 50 евроға жеткізілсе, бізде 40-45 евро деңгейінде болуы қажет.
Мамандар осы тұрғыда Кеден одағы аумағындағы келісімге 2020 жылға дейін нүкте қойғанды жөн санайды. Қайткенде де темекі өнімдері қолжетімді азық-түлік бағасындай арзан болмағаны дұрыс. Қазір Кеден одағы кеңістігіндегі ең төменгі баға – Беларусьте. Бізде маусымнан бастап фильтрі бар 20 сигаретке – 130 теңге, ал 2014 жылғы қаңтардан 150 теңге акциз белгілеу қарастырылған. Осылайша Үкімет темекі өнімдерін баға жағынан (әсіресе жасөспірімдерге) қолжетімді етпеудің қамын жасауда.
Осы акциз бағасындағы айырмашылық терістік көршіміздің наразылығын тудырған сыңайы бар. Жуырда Ресейдің темекі индустриясының өкілдері белорус сигаретінің «бағы жануына» байланысты 2012 жылы бюджеттің 2 млрд рубльден қағылғанын айтып шағымданды. Бізбен шекаралас аймақтарда да темекі өнімдерінің саудасынан көршімізге осындай мөлшерде шығын келген көрінеді. Себебі Ресейге қарағанда екі елде де темекінің бағасы арзандау. Ал сигарет контрабандасы Қазақстан мен Ресейде әзірге 1 пайыздан аспайды. Сондықтан әзірге алаңдауға негіз жоқ. Бірақ бұл нарықта қылмысқа жол бермеудің қамын бүгін бастау қажет.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының әсіресе Ресейде темекі акцизін жылдамдатып көтеруге неліктен ынтызар болып отырғанын кейбір сарапшылар өзінше түсіндіреді. Ұйымның артында Ресей мен ТМД елдерінен сигарет контрабандасының өсу қарқынына алаңдайтын еуропалық елдер тұруы мүмкін. Қайткенде де Еуроодақ ТМД-да темекінің қымбаттағанын қалайды. Сонда ғана оны заңсыз түрде Еуропаның қара базарына әкелу тиімсіз болар еді.
2. Үрей туғызу
Зиянды әдетке қарсы күрес акциз бағасын көтерумен шектелмейді. Енді темекі қорабының сыртына адамды үркітетін бейнелерді орналастыруға да ойыса бастадық. Дегенмен көпшіліктің пікірінше, зиянды әдетке қарсы күресте суреттің көмегіне жүгінудің пайдасы аз. Тіпті мынадай уәж де айтылады: мәселен, кеңес кезінде темекі қорабының сыртындағы Денсаулық сақтау министрлігінің ескертуі 1970 жылы пайда болған. Содан бері шылым шегетіндер саны көбеймесе, азайған жоқ.
Бізде де темекі қорабының сыртына қорқынышты суреттерді жайғастыруға қатысты қайшы пікір көп. Еліміз 2006 жылы ратификациялаған Денсаулық сақтау ұйымының темекіге қарсы күрес конвенциясы отандық темекі өндірушілерге қорап сыртындағы шылым шегудің зияны туралы жазуды графикалық бейнелермен ауыстыруға кеңес берді. Белгілі бір мерзімде өзгертілетін мұндай бейнелер Үкіметтің 2011 жылғы 22 қарашасындағы Қаулысымен бекітіліп қойған. Осы құжатқа сәйкес ел ішінде сатылатын бүкіл темекі өнімдері 2013 жылғы 4 шілдеден бастап шылымның зиянын насихаттайтын суреттермен шығарылады.
Бүгінде дүниежүзі бойынша 50 елде қораптағы графикалық суретке бөлінетін орын – 30 пайыздан 50 пайызға дейін. Ал бізде қораптың екі жағының да 40 пайызы суретке арналмақ.
Қаулының күшіне енуіне көп уақыт қалған жоқ. 4 шілдеден бастап дүкен сөрелерінде «Эмфизема», «Онкоаурулар», «Парадонтоз», «Қасірет», «Өзін-өзі жою», «Ампутация», «Қартаю», «Өлі туған», «Шала туған», «Тәуелділік», «Қатер» және «Импотенция» деп жазылған суреті бар темекі түрлері пайда болады.
Ресейде мұндай шара бізден сәл ертерек, яғни 12 маусымда басталып кетті. Бұл елдің денсаулық сақтау министрлігі өз есебін шығарып қойды: кәнігі шылым шегуші күніне орта есеппен бір қорап сигарет тартады деп есептегенде, ол әлгіндей үрейлі суретті тәулігіне шамамен 20 рет немесе жылына 7 мың рет «тамашалауы» тиіс. Көзі түскен сайын бойы түршігіп, ақырында шылым шегуден бас тартады.
Ал, шындығында, темекі қорабының сыртындағы қорқынышты сурет те, түрлі ескерту де шылым шегуге тоқтау боларына ешкім кепілдік бере алмайды. Delloittе компаниясы он жыл ішінде 27 елде зерттеу жүргізіп, ақырында осындай қорытындыға келген. Мәселен, Канадада мұндай темекі 2000 жылы шықты. 2001 мен 2007 жылға дейін темекі тарту 2,5 пайызға ғана төмендеген. Осы уақыт ішінде АҚШ-та еш графикалық суреті жоқ, ал ескертуі қораптың қырына жазылған темекі түрлері сатылса да, түтінді будақтататындар саны 3 пайызға азайған.
Сондай-ақ Маастрихт университетінің (Нидерланды) зерттеуіне қарағанда, графикалық суреттің керісінше әсері болуы мүмкін. Оған балама ретінде Маастрихт мамандары темекіні тастауға үгіттеп, рух беруге пайдаланған дұрыс дейді. Дегенмен суретке де, үгітке де қарап тұрған ештеңе жоқ. Бәрі де адамның ерік-жігеріне байланысты.
Автор: Гүлнар АХМЕТОВА
http://alashainasy.kz/economica/43595/