Биылғы қыркүйектен бастап, 1-сынып оқушылары үш тілді меңгеруге көшеді, яғни үш тілде «білім алуға» кіріседі. Оның білім болатыны-болмайтынын тереңдемей-ақ талдап көрейік.
Әдетте баланың тілі 3 жаста шығады, ол ана тілінде 5 жаста толық сөйлеуді меңгереді. 12 жаста баланың ойлау жүйесі толық орнығып болады, одан әрі даму сатысы жүреді. Бұл тек қана біртілді балдырғандардың бойынан кешетін үдерісі.
Енді осы үдерісті үшке бөліңіз, сонда 12 жасқа дейін қазақ баласы қандай азап көретінін сіз де кешесіз. Жалпы, Адам баласы өмірді бір тілмен сөйлеп бастайды, ал біз балабақшада үш тілде сайратуды жоспарлап қолға алып отырмыз. Бұл қай ғылымның тұжырымы екен? Авторы бар ма екен? Техникалық прогресс бойынша әлемнің алдында келе жатқан жапондар балаларына 12 жасқа толмай неге басқа тілді жолатпайды? Әлде қазақ балалары тәжірибеге салынған үйқоянның рөлінде ме?
Осыдан он жыл бұрын үштілді аурумен «ауырған» мектептер сынақтан өтті. Солардың нәтижесі не болды? Қанша бала қалай меңгерді? Оны қай ғалым сараптады, тәжірибені сүйемелдеді ме?
Мәселе елдегі тілдік былықтың салдарынан екенін жақсы білеміз. Сол былықты тағы да қазақтың есебінен шешу қарастырылып отырғанын да аңдаймыз. Айналамыз ың-шыңсыз орта мектепті бір тілде оқытуда, ал біз көрінген тілде оқулық шығарып, көрінген тілде баланың мыйын ашытып отырмыз. Дұрысы — топас саясатқа балаларымыздың мыйы мен санасын құрбан етудеміз. Білім және ғылым министрлігін талай адам 2-3 жыл сайын «бітіріп» кетуде.
Қор болып отырған қазақ баласы ғана: не өз тілін білмейді, білсе — шамадан тыс санасы жүктеледі, ол аз болғандай қырым мен қытайдың тілін міндеттейді. Бұның бәрі — мемлекеттік саясаттың есебінен шешілуге тиісті мәселенің қазақтың есебінен шешілуі кесірінен. Бұның бәрі — біздің мемлекетте салтанат құрған кешегі кепңестік кембағалдықтың әлі сеңі бұзылмағандығынан. Кембағалдық болмаса, іске аспайтын нәрсені неге саясатқа айналдырып тықпалайды? Неге ол саясатсымақ тағы да қазақтың есебінен жүруі керек?!
Жуырда ағылшын тілінің бір мықты маманымен кездесіп, осы тақырыпқа сөйлескенімізде, оның мұндай масқараның ешбір елде жоқтығын, «маман-сарапшы ретінде министрге жеткізгенімде, кейін соңымнан шам алып қудалады» деді. Бұл бұған дейінгі болған басқа министрдің, қазақ тіліне жанашыр болады деген адамның қылығы екен. Сонда қазақтың тағдыры қайдағы бір қырттардың тағына тұғыр болғаны ма?
Мәселе ушығып барады, мәңгүрттердің көкесін енді көретін жағдайға келе жатырмыз. Тілі шықпаған балаға басқа елдің тілін тықпалап, онымен бірге олардың құндылығы мен бізден көш ілгері видеоөнімдерін ұсынғанда, қазақтың да, қазақ тілінің де өз балаларымызға түкке керексіз болатынын, әдейі алдын ала жоспарланған жолмен осы бағдарлама ұсынылып отыр.
Бәрін құрбан етуге болар, ал балаларымыздың болашағын көрер көзге құрбан еткеніміз, құрметті ата-аналар, не масқара болмақ? Бұған өз сөзімізді, айтпасақ, Жаратқан сыйлаған ұрпағымыз үшін Алланың алдында не айтамыз? Ауру баланы шетелге сатып, сауларын санасыз кемтар ету бізге қажет пе?!
Бұл мәселені бір жағына шығару керек. Болмайды! Бізге нақты ұсынылған бағдарлама, оның нақты күтілетін нәтижелері мен ғылыми сараптамасы болмаса, балаларымызды, немерелерімізді қор қылудан бас тартатын мезгіл жетті. Ойланайық! Ақылдасайық! Зер салайық! Балаларымыздың тағдыры үшін белсенейік! Қоғамдық тыңдау шараларын ұйымдастырайық! Келешек ұрпақтың болашағын дүбәрә, дүдамал саясаттан қорғайық!
Abai.kz