Қазақстандағы экстремистік, террористік әрекеттердің бас себептерінің бірі не? Оларды жасап жатқан кімдер? Такфир жамағаттарының адасуындағы басты ақау қандай?
«Намаз оқымайтын адам – кәпір!»
Даудың басы осы бір дүрбелең боп тұр қазір. Жоғарыдағыдай пәтуа беретін топтар бар екен дегенді бұрыннан-ақ еститінбіз. Дегенмен, аса мән бермедік. Залалын болжамадық. Содан да шығар, жылт еткен бірді-екілі мақала жазылғаны болмаса, бұл қате түсінікпен күрескен пенде болмады. Қайта керісінше, әлгі «кәпір іздегіштердің» қарекеті қарымды еді. Діннің исі мұрнына әлі бара қоймаған, ықыласынан гөрі эйфориясы басым, оның үстіне негізінен орыстілді келетін жастар жағы әлгі идеяны көптеп сіңірді.
Ақиқаты басқа болатын. Өзін мұсылман санаған адамды кәпір атауға ешкімнің де қақысы жоқ-тын. Мұсылман болудың басты шарты намаз емес, кәлима еді. Тілімен куәлік берген адамды иман келтірді деп қабылдауымыз тиіс болатын. Өйткені, оның жүрегін жарып, ішіндегі сенімін көре алмайтынымызды Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ескерткен-тін.
Құранын оқу білмесе де әспеттеп төрге қоятын, Мұхаммедті (с.ғ.с.) пайғамбарым дейтін, мешітті қастерлейтін, құбыланы құрметтейтін, әрбірінің үйінде бір-бір жайнамаз тұратын, тағы толып жатқан мұсылманшылығы бар қазақты кәпірсің деп кеудеден итеру қаншалықты қорлық екенін бағамдай беріңіз. Тіпті, көшедегі масына кәпірсің десең, тұмсығыңды бұзар. Неге? Өйткені, кәпір дегеннің қандай жаман, қандай жиіркенішті сөз екенін кез-келген қазақ біледі.
Хош, енді кәпір кім дегенді бір пысықтап көрелік. Кәпір – Алланың ақиқатынан ашық бас тартқан адам. Кәпір – жаратқанның жақсылығына көз жұматын зұлым. Кәпір – мәңгілік жазаға лайық пенде. «Бәийнә» сүресінде кәпір туралы: «Сөз жоқ, сондай кітап иелерінен, мүшріктерден қарсы шыққандар, мүлде тозақ отында қалады. Міне солар, жаратылғандардың жауызы» делінеді.
Енді осыншама ауыр сөзді, ауыр үкімді өзінің қандасына, бауырына, тіпті, туған ата-анасына қию… үшін қаншалықты қатігездік керек десеңізші. Қала берді, «Егер бір адам бір адамды кәпір десе, екеуінің бірі кәпір болады» деген мағынадағы хадис бар. Яғни, айтылған сөз жүйесін таппаса – айыпталған адам кәпір болмай шықса, сөз иесін табады – айыптаушының өзі кәпір болады.
«Егер бір адам ораза ұстаса да, қажыға барса да, зекет берсе де, егер намаз оқымаса, онда ол – кәпір». Бұл осы күнгі өзгені кәпірлікпен айыптаушы (такфир) топтардың бас идеологтарының бірі Абдухалил Абдужаппаровтың беріп жүрген пәтуасы. Халил есімімен таныс бұл адам қазір шетелде қашып жүр. Такфир жамағаттарының осы ұстанымға тастай жабысқаны сондай, арасында болған куәгерлердің айтуынша, олар кішкене балаларына да осылай үйрететін көрінеді. «Раббың кім, дінің не…» деген сауалдардың жалғасы, «намаз оқымайтын адам кім?» деп өрбиді екен. Қаршадай бала «намаз оқымайтын адам – кәпір» деп жауап береді. Осылайша, такфирлер арасында қауіпті ұрпақ сабақтастығы жалғасын тауып келе жатқанға ұқсайды.
Балалайтын жамандық
Расында, жамандықтан жамандық туады, жақсылықтан жақсылық туады. Жоғарыдағы ұстанымның жамандығы сондай – осы күнге қазақ қоғамын шайқап тұрған радикалды, экстремистік әрекеттердің бәрі содан туындап жатыр.
Әуелі, бір адамға такфир жасалған соң, онымен байланыс үзіледі. Мысалы, ата-анамен, туған-туыспен. Құранның ата-ананы құрметтеу туралы бұйрығы бұзылған соң, отбасынан береке кетеді. Туған-туыс «кәпір» болса, олар сойған малдың етін жеуге, той-томалағына, ас-садақасына қатысуға болмайды. Осылайша, қоғамнан бөлінудің алғашқы сатысы жүзеге асады.
Қоғамнан оқшауланған жандар енді өзара топтаса бастайды. Араларынан әмір сайлайды. Әмірге қалтқысыз бағынады.
Келесі кезекте қоғамды, мемлекетті кәпірлікпен айыптау тұр. Сөйтіп, кезіндегі араб мүшіріктері, дін дұшпандары туралы түскен Құран аяттарының өздеріне керек жерлерін жұлып-жұлып алады да, өздері кәпір санаған мұсылмандарға қолдана бастайды. «Олардың малын тартып алуға болады» деп санап, қарақшылықты заңдастырады. «Барлық билік Аллаға ғана тән» дегенді бұрмалап, мемлекетті, заңдарды жоққа шығарады. Мемлекеттің мүлкін де заңсыз қолдану қалыпты қарекетке айналады. Мұнай ұрлау, банктен несие алып, «лақтырып» кетуді «сауап» жасап жүрміз деп ойлайды.
Такфир жасаудан туатын тағы бір үлкен жамандық – талақ мәселесі. Осы сенімдегі қыз бала тұрмысқа шығатын болса, оған намаз оқымайтын әкесі уәли бола алмайды. Жамағаттың әмірі уәли болады. Тиісінше, мың жылдық құдалық жасалмайды, қалың берілмейді, құда күтіспейді. Есесіне, екі тарапта да, екі жаста да жауапкершілік деген атымен жоғалады. Қайын жұрт үшін үнсіз, төркін үшін құнсыз неке «талақ» деген жалғыз сөзбен тарс айырып кете барады. Панасыз қалған қарындасты тағы бірі некелеп алады. Келесі талаққа дейін… Осылайша, отбасылар ортасына түсіп, талай тірі жетім өгей боп күн кешіп жатыр. Әкелері оларға кәпір кім екенін үйреткеннен басқа не жақсылық қылып жатқанын кім білсін…
Жә, «кәпір үкімнен» балалаған жамандықтардың тізімін жасап жатыр ек қой. Батыста бұрын бандит болғанның бәрі қазір такфир деген әңгіме бар. Намаз оқымайтын саудагерден үлес тартып алып тұрсаң – сауап. Түгел алып қойсаң да – еркің. Бастысы, бір бөлігін жиһадқа жөнелтсең болғаны. Яғни, Кавказға, Ауғанстанға. Бұл дегеніміз – экстремизмді қаржыландыру. Заң бойынша да, дін бойынша да үлкен қылмыс!
Қылмыс істегенге жаза бар, заң бұзғанға жауапкершілік бар. Біздің мемлекетте де солай. Жоғарыдағы лаңдарға құқық қорғау органдары көз жұмсын ба? Көз жұмбақ түгіл, білек сыбанып күреседі. Осыдан соң жаңа тақырып – жиһад. Әсілі, жиһад елді, жерді қорғау үшін, діннің абыройын көтеру үшін жасалса, бұлардікі елді, жерді бүлікке батырып, діннің абыройын айрандай ету үшін жасалып жатыр. Жиһад дегені – полиция қызметкерін өлтіру екен. Тәртіп қызметкері – адам. Тіпті, көбі мұсылман. Оларға қасақана шабуыл жасау арқылы қандай зұлымдықты жүзеге асырып жатқанын шамалап көріңіз.
Осылай кете береді. Бұл жамандықтың балалауының шегі әзірге көрінбейтін сияқты. «Күшке – күш, қаруға – қару» деп қарап отыр. «Қандай қысыммен келсең, сондай қысыммен кері атыламыз» дейді. Бұл қазір біздің ғана емес, күллі әлемнің проблемасы. Олар күшейіп алған өйткені. Бәріне үкімет кінәлі, бәріне мүпти кінәлі, бәріне ашық қалған ақпараттық кеңістік кінәлі, бәріне тәуелсіздік кінәлі (!) (өз көзіммен көрдім, осы бәлекетке тәуелсіздікті айыптайтын адамдар да бар екен) деп қара мысықты іздей бергеннен түк шықпасы белгілі болды. «Күл болмасаң, бүл бол» деп басты бүркеп қашу да тығырықтан шығар жол емес екен. «Намаз оқымайтын адам – кәпір» деген ойдың таралғаны қаншама зардап әкелді. Ескермедік, білмедік, түсінбедік. Түсіндіре алмадық. Ендеше, жалғыз жол – жаппай ақпараттану, сауаттану болып тұрған жайы бар.
P.S. Жазбамыз мұнымен біткен жоқ. Келесі жолы адасқан ағымдардың өзге де белгілері туралы сөз етеміз…
http://www.jaqsy.kz/article/view?id=250