АЛТЫНОРДА
Новости

Сыздықованың жаңа қарызы туралы хабар тарады

Қазақстан парламентінің бұрынғы депутаты Бақыт Сыздықова. Астана, 5 қазан 2009 жыл.19 ақпанда Астанада парламенттің экс-депутаты Бақыт Сыздықованың соты басталмақ. «Нұр Отан» партиясы одан 7 миллион теңге даулаған. Енді «Сыздықова тағы ақша қарыз екен» деген сөз тарады.

Қазақстан парламентінің бұрынғы депутаты Бақыт Сыздықова. Астана, 5 қазан 2009 жыл.

Қазақстан парламентінің бұрынғы депутаты Бақыт Сыздықова. Астана, 5 қазан 2009 жыл.

«Мүшелік жарнаны төлемеді, партбилетті бүлдірді және 15 миллион теңге қарызын қайтармады» деген айыптармен Бақыт Сыздықова былтыр қыркүйек айында «Нұр Отан» партиясынан қуылған болатын. Мұның 8 миллион теңгесі — қарыздың үстіне қосылған өсімпұл.

«НҰР-ОТАН» ӨСІМПҰЛЫН ҒАНА КЕШТІ

Бақыт Сыздықова 7 миллион теңгені 2008 жылдың қараша айында КВН жастар телевизиялық жобасына көмек көрсету үшін алған. Бұл ақшаға Қазақстанның «көңілді әрі тапқырлар» командасы жұртқа совет заманынан танымал КВН ойындарының түсіріліміне барып-қайтқан. Жастар ұйымына қаржылық көмек көрсету туралы«Нұр Отан» партиясымен екі ай мерзімге келісім-шарт жасалған.

Бірақ партияның мәлімдеуінше, арада біраз жыл өткенімен және талай ескертілгеніне қарамастан, Бақыт Сыздықова қарызды қайтаруға тырыспаған.

Бақыт Сыздықова (ортада) мүмкіндігі шектеулі адамдардың спартакиадасында волонтер жастармен бірге тұр.Бақыт Сыздықова (ортада) мүмкіндігі шектеулі адамдардың спартакиадасында волонтер жастармен бірге тұр.

«Партияның ескерту хаттарынан кейін де қарызын қайтаруға әрекет жасамады, әрі 2014 жылдың наурыз айында партия өзінің қаржылық есебін жариялауы тиіс. Сондықтан сот органдарына жүгіну туралы шешім қабылдаған «Нұр Отан» партиясы 7 миллион теңге қарыз ақшаны өндіріп беруді өтініп, 2013 жылдың желтоқсан айында сотқа талап-арыз берді» деп жазады Tengrinews.kz сайты.

Бірақ биыл ақпанда партия аяқ астынан «несиені уақытында қайтармағаны үшін Бақыт Сыздықоваға салынған 8 миллион теңге айыппұлды кешірді. Экс-депутаттың енді 7 миллион теңге негізгі қарызы ғана қалды» деген хабар тарады.

КВН ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚАРЖЫЛЫҚ МЕХАНИЗМІ

Бақыт Сыздықова билік партиясынан қарыз ақша алуға қатысты жайттарды былтыр Астанада өткізген  баспасөз жиынында түсіндірген еді. Оның айтуынша, Астана әкімдігі 2008 жылдың сәуірінде КВН командасын қала бюджетінен қаржыландыруды тоқтатқан. Бұл кезде команда КВН халықаралық одағының жоғарғы лигасы чемпионатының ақтық мәресіне шыққан. Демеуші табылмаған соң, ақыры «туған» партиядан 7 миллион теңге қарыз ала тұру туралы шешім қабылданған.

«Партия мен біздің ұйым арасында келісім-шарт бекітілді. Оның шарттарына сәйкес, ақшаны 2009 жылдың қаңтарында қайтару жоспарланды. 2008 жыл маусымында өнер көрсеткеннен кейін алған қарызымызды демеуші тауып немесе концерт өткізіп қайтарамыз деп ойладық. Бірақ КВН жоғарғы лигасының финалы Мәскеу қаласында 2008 жылдың 18 желтосқанында өтті де,  аталған соманы жинауға уақыт тығыз болды. Команданың 2008 жыл маусымындағы жетістіктерін ескере отырып, қарызды қайтару шарттарын өзгертуді және бөлінген қаржыны демеушілік көмек ретінде жауып тастауды партия басшылығынан талай рет өтіндім», — деді Бақыт Сыздықова баспасөз жиынында.

Ол өзін партиядан шығаруды «кейбір жекелеген партия функционерлерінің әрекетіне» балайды. Бақылаушылар Сыздықоваға қатысты жанжалды «Нұр Отан» орталық аппаратына жаңа басшылар келуімен байланыстырған еді.

ЖАҢА АЙЫПТАУ

Бірақ кейбір ақпарат құралдары «бұрынғы депутаттың бұл қарыздан өзге де қарызы бар екен» деген әлі расталмаған хабар таратты. Сот басталардан бірер күн бұрын ҚазТАГ агенттігі белгісіз дереккөзге сілтеме жасап, «Бақыт Сыздықова Қазақстанның паралимпиада комитетіне бірнеше миллион теңге қарыз» деп хабарлады.

Сыздықоваға ескерту-хат жолдап, қарызын жабу үшін ақпанның 26-сына дейін бір ай мерзім беріпті, әйтпесе оны тағы сотқа береді-мыс.

Бақыт Сыздықова қарағандылық студенттерді қолдауға арналған флеш-моб кезінде. Астана, 14 наурыз 2013 жыл.Бақыт Сыздықова қарағандылық студенттерді қолдауға арналған флеш-моб кезінде. Астана, 14 наурыз 2013 жыл.

Бұл хабар тарағаннан кейін Сыздықова Twitter желісіндегі парақшасында «Арандату әрекеттері болатынын ескерткен… Тағы да түсініксіз айыптаулар пайда болды…. Басталды…» деп жазады.

39 жастағы Бақыт Сыздықованың кейбір қылықтарын Астана жұрты ерсі санайды. Мысалы, ол көп әйел алуды заңдастыруды ұсынғандарға жауап ретінде бірнеше күйеуге тиюді қолдаған. Президентшіл әр түрлі жастар ұйымдарын басқарған.  Кезінде білім және ғылым министрлігінің балалар құқығын қорғау комитеті төрайымы  болған.  2007-2011 жылдары «Нұр Отан» партиясының тізімі бойынша Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты болған еді.

http://www.azattyq.org/content/kazakhstan_bakyt_syzdykova_nur_otan_/25268771.html