Бүгін Алматы қаласында Қазақстандағы және Орталық Азия елдеріндегі аса ірі KIOGE мұнай-газ көрмесі өз жұмысын бастады. Алда KAZENERGY-дің VIII Еуразиялық форумы.
Өзінің 20 жылдығын үстіміздегі жылдың сәуір айында атап өткен «Теңізшевройл» да айтулы шараларға елеулі жетістікпен келгені сөзсіз. Ең бастысы, өндірістік көрсеткішін ұдайы арттыру арқылы ел экономикасына сүбелі үлес қосып келе жатқан кәсіпорын қоршаған ортаны қорғау және қауіпсіздік техникасы саласында көшбасы болуға ұмтылып келеді. Біздің өндірісті оңтайландыру, техника қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау бөлімі бас менеджерінің орынбасары Нұртас Кенғановпен әңгімеміз кәсіпорынның осы бағыттағы жұмысы төңірегінде өрбімек.
– Нұртас Аманжолұлы, табиғат және оның байлығы Қазақстан Республикасы халықтарының өмірі мен қызметінің, олардың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы мен әл-ауқатын арттырудың табиғи негізі болып табылады. Осы ретте Қазақстандағы мұнайдың үштен бірін өндіретін, жылдық өндіріс көлемі 25 миллион тоннадан асатын республикадағы ірі мұнай компаниясының ел экономикасына тигізіп отырған пайдасы да зор. Әйтсе де, өндіріс көлемі ұдайы артып отырған мекеменің қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмысының көп көкейіндегі көп сауалдың кілтін ашқаны дұрыс.
– Алдымен «Теңізшевройлдың» төрт стратегиялық мақсатқа негізделген мұнай жəне газ саласында əлемдегі ең қауіпсіз, тиімді жəне пайдалы кəсіпорын болуды міндет санайтындығын баса айтқым келеді. Соның бірі – Қазақстан Республикасында қауіпсіздік техникасы жəне қоршаған ортаны қорғау саласында көшбасшы болу. 2000 жылдан бері біз қоршаған ортаны қорғауға қатысты жобаларға 363 миллиардтан астам теңге (2,6 миллиард АҚШ доллары) қаржы бөлдік. Соңғы алты айда осындай жобаларға 15 миллиард теңге қаржы салынды, бұл қаржы күннен-күнге ұлғаюда.
– Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шаралар негізінен, қай саланы қамтиды?
– Табиғат – баршамызға ортақ үй. Оны экологиялық тұрғыда сақтау керек десе сауықтыру – күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Кәсіпорынның бұл бағыттағы жоспары су қорларын сақтау, күкірт өндірісін басқару, ауаны қорғау және көгалдандыру сияқты айтулы жобалардан тұрады. Мәселен, 2013 жылғы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жоспарлы бюджеттің шамамен 80 пайызы су қорлары мен сарқын суларды қайта игеру жобаларына арналды. Баршаға мәлім, ТШО-ға су ҚазТрансОйлдың су желісі арқылы жеткізіледі. Саны жағынан ұлғайып келе жатқан тұрғындар мен өндірістік нысандар осы желі арқылы жеткізілген суды тұтынады. Соңғы бес жыл бойы ТШО суды жалпы тұтынудың көлемі мен үлесті тұтыну (өндірістің жалпы көлеміне шаққандағы судың жалпы пайдаланылуы) көлемін едәуір қысқартты. 2012 жылы бір тонна мұнай өндірісіне пайдаланылған судың көлемі 2007 жылы пайдаланылған судың көлемімен салыстырғанда шамамен 56 пайызға азайды. Сайып келгенде, өнім деңгейі қаншалықты артса да, суды пайдаланудың жалпы көлемі азайып келеді. Мұндай жетістікке бүгінде жүзеге асып жатқан жобалардың ең ірісі – «Сарқын суды өңдеу қондырғысы» мен «Сарқын суды кәдеге жарату нысаны» деп аталатын біріккен жобаның септігі тиді. Біз сарқын суды өңдеу қондырғысында қолданылатын биологиялық өңдеудің соны технологиясының Қазақстан Республикасында кеңінен тарайтынына сенімдіміз. Бұл зауыт ТШО-ға жалпы серіктестік территориясында шығарылатын барлық сарқын суды төкпес бұрын толығымен санитарлық өңдеуден өткізуге мүмкіндік береді. Екі жылдан бері осы жоба шеңберінде салынып жатқан кәдеге жарату нысаны алдағы жылы іске қосылады деп күтілуде. Сарқын суды өңдеу қондырғысынан келген су суды кәдеге жарату нысанында кері осмос технологиясын пайдалану арқылы өңделеді. Бұнда ТШО-ның өндірістік кәдесіне қайта жарату үшін күніне орта есеппен 3,600 текше метр су шығарылатын болады. Әрине, су қорларын қорғауға бөлінетін қаржы мұнымен шектелмейді. Бүгінгі таңда ТШО су қорларын басқару бойынша екі ауқымды зерттеу жүргізуде. Оның бірі – суды кәдеге жаратудың қосымша мүмкіндіктерін қамтитын жергілікті су көздерін анықтау. Ал екіншісі – аудан көлеміндегі сумен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін қарастыру болып табылады. Аталған екі зерттеу жобасы келесі жылы аяқталады деп күтілуде. ТШО өндірістік сарқын суды өңдеу сенімділігін арттыруда тағы да бірнеше жоба шеңберінде жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда, олар – K-3 өндірістік сарқын су өңдеу қондырғысын жетілдіру, (бір жылға жоспарланған қаржының 67 пайызы 30-маусымға дейін жұмсалды), екінші буын зауытындағы сарқын су өңдеу қондырғысын және су айдау жүйесін жетілдіру (WISU) жобалары. Бұлар айдау жүйесінің сенімділігі мен қуатын арттырады және өз кезегінде сарқын су тоғандарына құйылатын су көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, ТШО-ның Құлсары әкімдігімен бірлесе отырып, Қамыскөл көлінің жағдайын да қарастыруда.
– ТШО үшін өзекті мәселенің бірі – күкірт өңдеуді басқару. Соңғы кезде күкірт карталардағы өнімнің күрт азайғандығы байқалуда. Бұған қандай іс-шаралар, нақты жобалар септігін тигізді?
– Ең алдымен, біз үшін күкіртті өңдеу қуаттылығын арттыру жобасына қатысты шаралардың қайтарымы мол болғанын атап өту керек. Бұл жоба негізінен үш сатыдан тұрды: күкіртті түйіршіктеу, күкіртті газдан ажырату және күкіртті еріту қондырғыларының құрылысы. Аталған үш құрылыс жобасы осы жылы аяқталып, мемлекеттік қабылдаудан өтті. Қазір үшеуі де жұмыс істеп тұр. Енді ТШО жоғары сапалы түйіршіктелген күкірт өндіре алады және жарамсыз күкіртті қайта өңдеуді бастайды. Бір қуанарлығы, бұдан бірнеше жыл бұрынғы күкірт карталарындағы күкірт көлемі 8 миллионнан 1,6 миллион (1,591,708) текше тоннаға дейін қысқарды. Сонымен қатар күкіртті сақтау әдістерін зерттейтін сынақ карталарының құрылысы да аяқталды. Келесі үш жыл көлемінде ведмоствоаралық күкіртті үйлестіру кеңесімен бірлесе отырып, кесектелген күкіртті қауіпсіз әрі табиғатқа зиянсыз жолмен сақтау жолдарын қарастырамыз. Келесі айдан бастап зерттеу деректерін жинақтау басталады. Бұған қоса, кәсіпорынның алғашқы тұжырымдаманы іске асыру тобы Канададағы Альберта күкірт зерттеу институтымен бірлесе отырып, күкірт өндірісін басқарудың жаңа әдіс-тәсілдерін қолдану жолдарын анықтауды бастайды.
– Жасыратыны жоқ, қандай да өндіріс болмасын, оның жетістігімен қатар ауаға жіберілетін шығарындылар туралы әңгіме қатар жүретіні бар…
– Дұрыс айтасыз. Кәсіпорын өзі құрылған алғашқы күннен бастап, бұл проблеманы ауыздықтаудың жолын қарастырды. Осы бағытта кәсіпорын нысандарының ластау көздерінен ауаға тарайтын шығарындыларды қысқартуға бағытталған көптеген жобалар жүзеге асты. Нәтижесінде, бір тонна мұнай өндірілгенде ауаға тарайтын шығарынды көлемі 74 пайызға қысқарды. Шығарындылардың азаюы кәсіпорында мұнай өндірісі ұлғайған уақытпен қатар келді. Ағымдағы жылдың басында технологиялық желілер кешеніндегі күрделі жөндеу жұмыстары кезінде орындалған жанарғы модификациясы бізге СО (көміртек тотығы) шығарындыларын едәуір қысқартуға мүмкіндік берді. Ал қалған үш технологиялық желіде осындай модификациялар алдағы 2-3 жыл ішінде жүргізіледі.
ТШО SO2 (күкірттің қос тотығы) шығарындыларын қысқартудың техникалық мүмкіншіліктері мен балама жолдарын қарастыруда, жоспарға сай бұл жобалар 2014-2015 жылдары жалғастырылатын болады.
Ауа сапасын қорғаудағы екінші мақсат – алауда жағылатын газ көлемін азайту болатын. Бұл да өз нәтижесін берді. Соңғы он жылда ТШО газды кәдеге жарату көлемін 99 пайызға жеткізді, ілеспе газды алауда дағдылы жағуды тоқтатты және газды алауда жаққанда тарайтын шығарындылар көлемін едәуір қысқартты. Осы жетістіктерге қол жеткізу үшін ТШО 75 миллиард теңгеден (500 миллион АҚШ доллары) астам қаржы жұмсады.
Өткен жылы Лондонда өткен газды алауда жағуды қысқартуға арналған Х жаһандық форумда осы саладағы жетістіктері үшін ТШО айрықша марапатқа ие болды. Қазақстан Әлемдік банкінің газды алауда жағуды қысқарту жөніндегі жаһандық серіктестігіне (GGFR) қатысатын 19 елдің бірі болып саналады. Бұл марапат кәдеге жаратылатын газ көлемін ұлғайту және алауда жағылатын газ көлемін қысқартудағы Қазақстан Республикасы мен ТШО-ның бірлесе орындаған міндеттемелері мен жауапкершілігінің нәтижесі. Тағы бір жетістік – ТШО қышқыл газ жағуды қысқарту мақсатында қолданылатын жаңа жапондық YOKOGAWA EXAPILOT компьютерлік бағдарламасының Қазақстан Республикасындағы бірінші лицензияланған пайдаланушысы болып табылады.
Биылғы өткен күрделі жөндеу барысында шикі газ айдау нысанында сұйықтықтарды басқару жобасы іске асырылды. Бұл жоба – аталған нысанды іске қосу барысында алауда шикі газды жағудың алдын алуға бағытталған болатын. Бүгінде біз үздіксіз жетілдіру қағидасына сүйене отырып, алауда жағылатын газ көлемін қысқартудың басқа да балама жолдарын іздестірудеміз.
– Жұртшылықпен болған басқосулардың бірінде Жылыой ауданында жергілікті ауа сапасын бақылау торабын құружөнінде ұсыныс түскенін білеміз. Кәсіпорын жылыойлықтардың бұл ұсынысын қалай қабылдады?
– Біз үшін кәсіпорын өз өндірісін жүргізіп отырған аймақ жұртшылығының ұсынысына құрметпен қарап, қолдаудан асқан мәртебе жоқ. Ауа сапасына бақылау торабын орнату да сондай қолдауға тұратын басты ұсыныстың бірі болды. Ұсыныс аяқсыз қалмады. Ауа сапасын бақылауды модернизациялау жобасын жүзеге асырдық. Бұл жоба ТШО-да 10 жыл бойы қолданыста болған ауа шығарындыларын бақылайтын жабдықтарды жаңа заманауи жабдықтармен ауыстыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, бақылау деректерінің дәлдігі мен сенімділігі қамтамасыз етілді. Жобалау жұмыстары аяқталды, барлық сатылып алынған жабдықтар Теңіз аймағында. Кәсіпорынның ағымдағы жылдың соңғы тоқсанына арналған жоспарында осы жабдықтарды қондыру және жүйені іске қосу толықтай көрсетілген.
– Қоршаған ортаны қорғау бағытындағы ауқымды шаралардың атқарылып жатқанын білдік. Ал табиғаты қатал аймақтың жасыл желекке зәру екендігі жасырын емес. Кәсіпорынның жоспарлы шараларында өзі орналасқан аймақты көгалдандыру, абаттандыру мәселесі қамтылған ба?
Әрине, біздің қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобаларымыздың арасында Жылыой ауданын көгалдандыру мен абаттандырудың алар орны ерекше. Кәсіпорын 2007 жылы көшет отырғызу бағдарламасын қолға алды. Көшеттерді елді мекендерде отырғызбас бұрын ағаштардың жергілікті жағдайларға бейімделуі үшін ағаш тәлімбағын аштық. Осы жылдың басында жалпы көлемі 9,5 гектар жерге 16245 көшет отырғызылды. Ал өткен жылы ТШО-ның экология тобы Құлсары аумағына 2000 көшет отырғызды. Бүгінгі таңда Құлсары қаласына қарағаш, үйеңкі және шаған ағаштарының 786 көшеті егілді. Біз қалған көшеттерді отырғызуды осы жылдың ІІІ тоқсанында жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Cондай-ақ Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерешинов мырза өз сапарында санитарлық қорғау аймағына бөлінген қаржының Жылыой ауданын көгалдандыру жобасына аударуға қарсылық білдірмегенін атап өткім келеді. Алда да Теңізшевройл қоршаған ортаны қорғаудағы жаңа мүмкіндіктер мен соны шешімдерді іздестіре отырып, бұл бағыттағы жетістіктерін жалғастыратын болады. Біз дұрыс тәсілдерді қолдана отырып, өзіміздің де, өзгелердің де бізге артқан сенімінен шығуды көздейміз. Өйткені біздің мақсат – барлық істе де үздіктер қатарынан көріну.
– Әңгімеңізге рақмет! Табиғат – ортақ үйіміз. Оны қорғау – баршаға ортақ іс. Олай болса бұл жолдағы оңды қадам жалғасын таба бергей.
Светлана ҚАЙЫРҒАЛИЕВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
http://www.aikyn.kz/articles/view/31440