![]() Сұлулыққа сұқтана қараған жақсы, бірақ оның реңін бұзуға болмайды. Табиғатта жүрек бар, бірақ оны жаралауға болмайды. Әлемнің әр шалғай жеріндегі Жаратқан ием өзі берген көріністер мен ғажайыптар ғибрат алуға тұрарлық. Ендеше… …сіз де сұлулыққа бір сәт көз тоқтатып көріңізші. «Ат – ер қанаты». Жеті қазынаның бірі. Атбегілер қасиетті жануардың өте сезімтал екенін айтады. Жаугершілік заманда ерін далаға тастамаған жүйріктің маңдайында жүректің суреті болуы бекер емес. Төрт түліктің төресі атанған жылқыға қазақтың ынтасы бөлек. Жылқының дүбіріне елең етпейтін қазақ жоқ. Тайбурыл, Шалқұйрық, Керқұла, Құлагер қазақ ертегілері мен жырларының алтын арқауына айналған. Батырларымыздың бес қаруының бірі болған, жаумен алысқанда ерінің серігі болған жылқы– ұлтымыздың тарихы. Қазақтың өмір салты, таным-түсінігі, салт-санасы мен бүкіл мәдениеті жылқымен байланысты. Тарихи дерек бойынша жылқының негізгі отаны–Шығыс Еуропаның далалық аймағы, Орталық Азия мен Қазақстан болып есептеледі. Ғалымдар қолға үйретілген тұлпарлардың арғы тегі жабайы жылқылар Тарпаң мен Керқұлан дегенді айтады. «Бір жүрек бір жүрекке керек екен». Әсем әуеннің ырғағында тербеліп, сүйгеніңе сүйіспеншілігіңді білдіргенге не жетсін?! Сұлулық символына айналған аққудың қатар жүзуін талай көрдік. Бірақ қос мойынын жүрек тәрізді иіп, махаббаттың шексіз екенін паш ететін кезін түсіру оңай емес. Бұл қас-қағым сәт қана болуы мүмкін. Бірақ мәңгілік сурет… Жерінің басым бөлігі ну орманнан тұратын Австралия да ғажайыптарға толы. Елдің Квинсленде мекеніндегі Нуса аралындағы өзен де өзіндік айшықты көріністері-мен ерекшеленеді. Терең ағынды судың ортасынан қолмен жасағандай етіп қойып кеткен арал да жүректің пішінін көз алдыңызға елестетеді. Аралда біршама халық тұрады. «Жүрек» аралындағы жұрт бұл жерді шын жүрекпен сүйеді. Енді ше…аралында да, адамында да жүрек болса… Канаданың Mulvey көліндегі тауға шығуға кез келгеннің жүрегі дауалай қоймас. Бірақ құзар шыңның басындағы көлдің құдіреті бар. Бұл да жүрек тәріздес. Көлді көктен ғана көрсең, табиғаттың жүрегі барына иланасыз. Таза мөлдір қалпын сақтап келе жатқан көл алайда сан ғасырдан өтсе де, жүрек пішінін жойған жоқ. АҚШ-тың Канзас-Сити елді мекеніндегі орманның айналасын отап қойғандай. Жүрек тәріздес суреттің сыртқы пішіні жасыл шыршалардан тұрады. Бәлкім, мұны ондаған, жүздеген жылдар бұрын біреулер осылай айналдыра еккен шығар. Бірақ сол бұрынғы қалпын сақтаған суретте сырын бүккен қандай тарих жатыр? Бұл жайлы дерек жоқ. Бірақ табиғатта «жүрек» барына кәміл сенесіз. Үндістанның Керала жерінде қалың ну орманның шетінде Chembra тауында өзен бар. Жағалауынан аспайды, буырқанып таспайды. Жаймашуақ қалпында жататын көлге келіп бір сәт тыныстап қайтатындар жетерлік. Сан тараудан келетін шұбатылған жолдардың бірсыпырасы осы көлге келіп түйіседі. Экотуризмі дамыған аймақта осындай «алабөтен» жүректің барын жергілікті халық мақтанышпен айтады. Берік БЕЙСЕНҰЛЫ |
http://www.aikyn.kz