Намибия мен Анголдың шетсіз-шексіз даласынан өте ерекше құбылысты көруге болады: жер бетін саны жоқ дөңгелек дақтар басып жатыр. Бұл құбылыс негізінен 1971 жылы ашылып, ғылымға енгізілген болатын.
Дақтардың диаметрі 2-15 метр аралығында, ал олардың саны туралы нақты деректер жоқ. Және бір айта кетерлігі мұндай құбылысты тек қана адам тұрмайтын жапан даладан, қараусыз қалған аймақтардан кезіктіре аласыз.
Енді әдетімізше жоғарыдағы таңғажайып құбылыстың себебін іздеп көрейік! Химба жерінің тұрғындарының айтуынша, бұл дөңгелектер жер астын мекендейтін айдаһардың демінен пайда болған. Ал ғалымдар мұны құмырсқалардың немесе өсімдіктердің әрекеттерімен байланыстырады. Тіпті, химиялық қалдықтар мен токсиндердің әсері деген тұжырымдар жоқ емес.
Ең сенімді пайымдауды неміс биологы, профессор Норберт Юргенсу айтып отыр. Оның айтуынша, дақтар құм темиттерінің қозғалысынан туындап отыр екен. Яғни, жәндіктер белігілі бір аймақтағы өсімдіктерді қорек етіп болғаннан кейін жердің астына көміледі.
Биолог Уолтер Щинкель осы тұжырым бойынша «тәуелсіз зерттеу»жүргізіп көреді де, нәтижесінде бұл жерден ешқандай термиттерді таппағандығын мәлім етеді.
Жалпы, бұл жұмбақ құбылыс туралы болжамдардың ешбірі де дәлелсіз. Сондықтан, әзірге сіздер мен біздер мына бір суретке қарап, таңырқап қана отыра аламыз.
Суреттер:byaki.net
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева