АЛТЫНОРДА
Новости

Тайлақтың тақиясы қайда?

Астана. 18 ақпан. Baq.kz — Қазақ киносының алтын қорына қо­сылған «Тақиялы періште» көркем фильмі туралы айтылар әңгіме көп. Өйткені бұл фильм экранға шыққан күннен бері жұрт­тың жүрегін жаулап алған.

Әсіресе, Тай­лақтың рөлін тамаша сомдаған танымал актер, Мәдениет қайраткері, Алматы об­лысының Құрметті азаматы Әлімғазы Райымбековтің іс-әрекеті, қимылы, сөз саптасы көрерменін қызықтырмай қой­майды. Әсіресе, Тайлақтың тақиясы оны өзгелерден ерекшелендіріп қана қоймай, киноға ұлттық бояу берген.

Тақия демекші, редакцияға телефон шалған бір азамат дәл осы тақия туралы сұ­рады. «Әлімғазы Райымбеков ағамыз кинода басына киген тақияны бәссаудаға қойса, бірнеше миллион теңге болса да сатып аламын» деді бейтаныс азамат.

– Тақияма таңғалатындар көп еді! – дейді Әлімғазы аға. – Оны киіп, рөлімді барынша тиянақты ойнап шыққан секіл­дімін. Алғашында кино маған ерсі көрінді. Қимылым, әрекетім біртүрлі, өзімнен өзім ұялып жүрдім. Бірақ кейіннен…45 жылдан соң жақсы көріне бастады. Жұрттың пі­кі­рін естіп, киноға деген көзқарасым өзгерді. Халық сүйген соң, мен де сүйдім. Ал әлгі ала тақия мені өзге кейіпкерлерден өзгеше етіп көрсеткен құнды баскиім болды.

Айта берсек, Тайлақтың пәтерін ізде­ген­дер де болыпты. Қызығы сол, ол шын үй емес, қолдан құрастырылған пәтер бо­лып шықты. Шешесімен қонаққа баратын үй де декорация, Атакентте түсірілген.

– Сіздерді таңғалдырған тақияны бір суретші жігіт арнайы тіккізді. Оның сон­шалықты құнды дүниеге айналарын біл­меппін. Шәкен аға – Шәкен Аймановтың 80 жылдық мерейтойы Алматыда өтті. Сонда белгілі актер Ыдырыс Ноғайбаев «тақияң қайда, кимейсің бе?» деді. Тақияға көздері түскен Ли және Ким деген суретші екі қыз жалынып жүріп, «өзіңіз киіп жүр­генше, халық та көрсін, көрмеге қоямыз» деп қоярда қоймай алып кетті. Қыздар та­қияны музейге қойды ма, әлде қоймады ма, ол жағын білмедім.

Тақияның мөлшері 62 болатын.

Бойым – 190. 58 размерлі костюмдерді «Қазақфильм» арнайы тіктірді. Тіпті оның жартысы Шәкен ағаның жеке киімі еді. Аспалы жолда үстімдегі киімдер есіңде ме? Соның бәрі, құндыз бөрік те Шәкен аға­ның киімдері еді. Шолпан екеуміз қы­дырып жүретін жерімізде киген былғары куртканы арнайы тіккен.

Ал фильмнің соңындағы той көрі­ніс­тері Алматы мейрамханасында түсіріл­ген. Оның өзі мейрамхана қонақтары түгел кетіп, ғимарат іші босаған соң, түнгі 12 шамасында фильмнің соңғы сәттері түсірілді. Ол таңға дейін жалғасты. Бұл енді нағыз есте қалатын дүние, – дейді Әлімғазы аға.

Бұл тойдың қанша қаражатқа түскені белгісіз. Алайда массовкаға түскендер тү­гел риза болған шығар. Қазір өнер адамда­ры­нан «қанша шебер болсақ та, «Тақиялы періштені» қайта дәл осылай етіп түсіре алмаймыз» деген пікірді естіген аға­мыз өнердің өз өкілі болған тау тұлғалы Шәкен Аймановтың рухына мәңгі риза.

Жақында интернетте «Тақиялы пе­ріш­те» фильмінің жалғасы түсіріледі» деген ақпарат пайда болды. Оның сце­нарийі-мен танысқан Әлімғазы аға Алматыға барып, киноны түсіруге қызығушылық біл­дірген азаматтарға ақыл-кеңесін беріп қайтыпты. Өкінішке қарай, бұл киномыз «Менің атым Қожаның» жаңа түсірілімі секілді көңілден шықпай қалмаса болғаны.

Қысқасы, 13 фильмге түскен Әлім­-ғазы Райымбековке айтар алғыс мол. «Неге сол фильмде бас кейіпкерге тақия кигізілді? Әлде сол кездегі ұлттық ұста­ным­дарға қырын қарайтын саясат кезінде оның қандайда бір астары болды ма? Қазақтың тақиясын үлкен экраннан басты рөлде көрсету дегендей… Ол жағын біл­ме­дім. Дегенмен «Тақиялы періште» та­қия­мен сәтті түсірілген» дейді белгілі ак­тер.

Иә, тамаша тақияның «тағдыры» ойлан­дырғандар да бар екен. Сондықтан оны табуды жалғастырғанымыз жөн.

http://baq.kz/kk/news/60976