Ол кино әлеміне талантын ақ боз тұлпар етіп шауып кірді. «Қыз Жібек» фильмін түсіруге дайындалып жатқан режиссер Сұлтан Қожықов өнер институтының 3-курсына өткен жас жігітке Төлегеннің рөлін сеніп тапсырады. Сол кездегі қазақтың маңдайалды әртістері кинода Төлегеннің бейнесін жасауға құлшынғаны анық. Бірақ режиссер Құманды таңдады. Қызу пікірталаста ол фильмнің сценарийін жазған Ғабит Мүсіреповке де өз көзқарасын дәлелдеп отырды.
Режиссер мен Ғабең арасында Жібекті ойнайтын актриса жөнінде де қызу пікірталас туады. Ғабең Жібекті 30 жастағы келбетті де тәжірибелі актриса жасау керек десе, Сұлтекең: «Жібек пен Төлегеннің бейнесін өрімдей жастар жасауы қажет», – деп өз ұстанымында тұрып алады. Режиссер «Олардың көркі мен бойларындағы сүйіспеншілік жалындап тұруы керек» деген көзқарасынан тайқымайды.
Сондықтан 1968 жылы республикалық «Лениншіл жас» және «Ленинская смена» газеттеріне «Қазақфильм» киностудиясының Жібекті сомдайтын актриса іздестіретіні хабарланады. Ұзақ таңдаудан соң, бұл рөл 10-шы сыныпты жаңадан бітірген Меруерт Өтекешоваға бұйырады.
Фильмді тамашалаған көрермен ондағы Жібектің жырдағы Жібекпен үндесіп жатқанын аңғарады. Жырда:
Қыз Жібектің ақтығы
Наурыздың ақша қарындай,
Ақ бетінің қызылы
Ақ тауықтың қанындай,
Екі беттің ажары
Жазғы түскен сағымдай,
Білегінің шырайы
Айбалтаның сабындай – деген жолдар режиссердің Меруерт Өтекешованы да дәл таңдағанын көрсетеді. Меруерттің жан дүниесі мен көркі, жырмен сусындап өскен көрерменге жарқ еткен сұлулықтың символы болып көрінді.
Сонымен бірге қай бейнеге қарасаң да хас шеберді көресің! Сырлыбай, Бекежан, Шеге, Қаршыға, Базарбай, Қамқа, Айкөз, Кербез бейнелеріндегі актерлер мен актрисалар фильмнің мазмұнын байытып, образдарды сәтті ашқан. Кірпияз Ғабең байқау кезіндегі Асанәлі Әшімовтің ойынын көріп: «Мынау дап-дайын Бекежан ғой!», – депті риза болып. Сондықтан болар кейбір сыншылар «Төлеген Бекежанның көлеңкесінде қалып қояды» деген пікірді де айтты. Сондықтан Құманға эпизодтан эпизодқа Төлегеннің батырлығын, адамгершілігін яғни тұлғалық қасиеттерін ашу үшін іздену қажет еді. Ағалары Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков, Ыдырыс Ноғайбаев Құманды бауырларына тартып, камера алдында әбіржіп қалмауы үшін кеңес беріп, қолдап отырды.
Фильмде Бекежанның жауды жеңіп оралған сәтіне Төлеген мен Шегенің дөп келетіні бар. Екеуі Сырлыбай мен қалың көпшілікке сәлем береді. Сонда Сырлыбай Қаршығадан «Жағалбайлының әскері қайда?» – деп сұрайды. Қаршыға жағалбайлының келмегенін айтады. Сол кезде Бекежан қызбаланып: «Жағалбайлыға мені аттандырыңдар. Еркектерін алдыма салып, айдап әкелемін!» – дейді. Сырлыбай оны басып, келгендерге «қай рудан боласыңдар?» – деп сұрайды. «Бесікті дала төсінде сіздермен тең бөліскен руданбыз», – деп жауап қатады Шеге. Ол өздерінің жағалбайлы елінен екенін, алдарындағы жігіттің Базарбайдың ұлы Төлеген екенін айтады. Осы кезде көрермен Төлегеннің де тұлғалық қасиетінің ашыла бастағанын байқайды. Фильмде қарсы жақтың ойрандалғаны, жеңімпаздардан да шығын болғаны айтылады. Сол кезде Төлеген Сырлыбайға: «Алдияр! Бәрі қара жамылса, бұл қандай жеңіс? Күнде қантөгіс. Сонда бізге жетпейтіні не?! Жағалбайлы келмесе, оның өз себебі бар шығар? Маған хабар жеткенде келетін едім. Келіп, «ру араздық жанжалды тоқтатыңдар!» деп айтар едім. Біз бір-бірімізбен қырқысқанымызбен сыртқы жаудың оңай олжасына айналамыз», – дейді. Төлеген қазақтардың бір-бірімен араздаспай, сыртқы жауға бірлесіп қарсы тұру керектігін үндейді. Төлегеннің айтқан ащы шындығына Сырлыбай тоқтап, бұғаудағы ақсақалдар босатылып, оларға қошемет көрсетіледі.
Төлегенді сомдағанда Құманның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – экранда Төлегеннің бітім-болмысын шынайы көрсету болды. Көрсетіп қана қоймай, Бекежан секілді хас батырмен бәсекеде асқақтығын ашу қажет еді. Асанәлі Әшімов секілді дарабоз актердің сомдауындағы Бекежан халыққа сұм адам емес, ол да өз елін, жерін қорғаушы ретінде танылды. Рас, ол қызба. Кейде ұр да жық мінезі бар. Дегенмен Жібек үшін таласта Бекежан өзінің қара ниетті екенін көрсетеді.
Ал, Төлегеннің Бекежаннан биік тұрғанын мына бір эпизодтан байқауға болады. Екеуінің жекпе-жекке шығар кезінде, Төлеген сауытын шешіп тастайды. Төлегеннің мұнысына бір сәт мүдіріп қарап қалған Бекежан да еріксіз сауытын шешеді. Осы бір қас-қағым сәтті камера жақсы ұстап, кейіпкерлер психологиясын дәл бере білген. Екі батырдың жекпе-жегі көрерменді бей-жай қалдырмайды. Ал екеуін тоқтату үшін орталарына Жібек келіп тұра қалғанда, Төлегенің бірінші болып сырыққа жебесін қадауы, Жібектің отауында ортаға тасталған белбеуден аттамауы оның арлы, өз сезімін аялайтын адам екенін дәлелдейді. Еліне барып, әкесі Базарбайдың ризашылығын ала алмай келе жатқанда Бекежанға кездесіп, одан әрі қалмақтармен соғысуы Төлегеннің батырлық болмысын аша түседі.
1970 жылы фильмді түсіру аяқталып, көркемдік кеңесте оны көрген Ғабең: «Жарайсың, Сұлтан! Сенің айтқаның да, жасағаның да керемет дүние болып шыққан», – деп алғысын білдіріп, құшақтайды. Бұл ретте қаншама айтыс-тартыс болса да, жақсы мен жайсаңдардың бір-біріне өкпе артпағаны, тек ортақ мүдде үшін күрескені анық. «Қыз Жібек» фильмін экранға шығаруда Сұлтан Қожықов, Асхат Ашрапов, Ғабит Мүсірепов, Нұрғиса Тілендиев, Олжас және Асқар Сүлейменовтер, Гүлфайрус Исмаилова, Камал Смаилов, Ілияс Омаров, тағы басқалардың еңбегі ерекше. Сондықтан «Қыз Жібек» қазақ киносының інжу-маржанына айналды. «Экраннан ғажайып бір эпикалық үн, леп есіп тұрды. Батырлық пен ерліктің, намыс пен жігердің асқақ әлемі салтанат құрды», – деп жазды көрнекті театр сыншысы Әшірбек Сығай фильм туралы. Ал «Қыз Жібек» фильмін көрген орыстың әйгілі кинорежиссері В. Шукшин Сұлтан Қожықовтың қолын қысып тұрып: «Сұлтан, сен сондай көркем туынды жасадың. Сенің ұлтың осындай әдемі екен ғой», – деп ықыласын танытқан екен.
«Қыз Жібек» еліміздің кинотеатрларында үлкен аншлагпен жүрді. Арада аз уақыт өткенде Құман мен Меруерт отбасын құрып, шаңырақ көтереді. Фильмдегі махаббаттың шынайы өмірде салтанат құрғанына жүрегі жарыла қуанған көрермен, игі тілегін жолдап жатты.
Театрда еңбек ете жүріп, Құман Тастанбеков 30-ға жуық фильмге түсті. Солардың ішінде тағы бір ерекше аталатыны «Махаббат жаңғырығы» («Эхо любви») кинотуындысы. Оны 1974 жылы режиссер Болот Шамшиев заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Байдамтал өзенінде» атты шығармасының негізінде телефильм етіп түсірді.
«Менің партнерім Қырғызстанның өте талантты актрисаларының бірі – Тәттібүбі Тұрсынбаева болды. Мен жас ғалым, аспирант Нұрбекті, Тәттібүбі метеостанция қызметкері Әсияны сомдады. Нұрбек «тәжірибе жасаймын» деп алқаптағы комбайнды аударып, астықты өртеп алады. Оны өшіруге қаншама жанталасса да түк шығара алмайды. Ақыры ол жерден қашып кетеді. Әбден қалжырап, есінен танып қалған оны метеостанция адамдары тауып алады», – деді Құман ағамыз бізбен әңгімесінде.
Метеостанцияда адам көп емес. Осы адамдар бір-бірімен бауырлардай аралас-құралас болып кеткен. Жаралы Нұрбекті Әсия өз бөлмесіне кіргізіп, күтеді. Ол айналадағылардың не айтып жатқанына да құлақ аспайды. Көрермен Әсияның жігітке бей-жай қарамайтынын аңғара бастайды. Есін жиып, өз-өзіне келген Нұрбек: «Әсияның, мұндағы адамдардың құрақ ұшып, емдеп-күткеніне лайықты емеспін», – деп ойлайды. Ақыры жігіт өзінің кім екенін, осындай жағдайға қалай тап болғанын жазып, хат қалдырып кетеді. Фильмнің соңында Әсия Нұрбексіз тіршілік ете алмайтынын түсінеді. Соған көзі жеткен ол жігіттің соңынан кетеді.
«Құман Тастанбеков зиялы актер. Сол қасиеті фильмнің өн-бойында сезіліп тұрды. Ол өзіне тапсырылған рөлді өте жақсы орындап шықты», – деді бізбен әңгімесінде фильм режиссері Болот Шамшиев. Ал, қырғыздың тұңғыш кәсіби кинотанушысы Каарман Ашимов: «Махаббат жаңғырығы» фильміндегі кейіпкерлер көрерменге жақын. Олардың бейнесі айқын әрі шыншыл», – деп жазды «Қырғыз киносы» атты зерттеу еңбегінде.
Тәттібүбі Тұрсынбаева қырғыз киносындағы ерекше құбылыс еді. Ол Т.Өкеевтің «Отқа табын», «Қызыл алма», М.Убукеевтің «Ақ-Меер» фильмдерінде жарқырап көрінді. Өкінішке қарай, талантты актриса 1981 жылы өмірден ерте озды.
«Махаббат жаңғырығы» фильмі Болот Шамшиевтің «Ақ кеме» кинотуындысын түсіруге дайындық жұмысы болды.
1972 жылы «Қазақфильм» киностудиясында режиссер Абдолла Қарсақбаев «Біздің Ғани» фильмін түсірді. Мұнда Құман Тастанбеков XX ғасырдың басындағы Қазақстан жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевтың бейнесін сомдады. Өнер тақырыбына қалам тартатын С. Лоскутова «Романтиканың қатал шындығы» мақаласында: «Біздің Ғани» фильмінде актер Құман Тастанбеков режиссермен шығармашылық тұрғыда одақтаса отырып, Ғани Мұратбаевтың тұлғалық бейнесін жасаған. Ғанидың қысқа, бірақ ірі оқиғалармен кестеленген өмірі, Н.К.Крупскаямен, достарымен кездесуі, Мәскеудегі қызметі, жауларымен күресі шынайы берілген. Қазақ халқының жалынды ұлының тұлғасын Қарсақбаев кино тілімен жарқыратып ашып көрсеткен», – деп баға берді.
1980 жылы «Қырғызфильм» киностудиясында режиссер Мелис Убукеев «Провинциальный роман» фильмін түсіреді. Мұнда Құман Тастанбеков Эркиннің, Меруерт Өтекешева Токонның бейнелерін жасайды. Кинотуындыда отбасы, адамдар арасындағы қарым-қатынас, достық, махаббат, сатқындық мәселелері қозғалады. Фильмге Талғат және Венера Нигматулиндер, Советбек Джумадылов, Наталья Орынбасарова т.б. тартылды. Ал «Өрнек» фильмінде Құман мен Меруерт ерлі-зайыпты адамдар бейнесін сомдады. Фильмге олардың балалары да түсті.
Құман Тастанбеков Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының шаңырағын көтерген алғашқы толқын өкілдерінің шапағатын көрді. Серке Қожамқұловпен сахнаға бірге шықса, Елубай Өмірзақовпен киноға бірге түсті. Құрманбек Жандарбековтің ғибратты әңгімелерін тыңдады.
Осы театрда Оралхан Бөкеевтің «Құлыным менің» драмасындағы Жан бейнесін сомдаған актер көрерменнің ыстық ілтипатына бөленеді. Осы рөлі үшін Құман Тастанбеков Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын алады.
Сарабдал сыншы Әшірбек Сығай «Сахна саңлақтары» атты кітабында: «…Барын қанағат тұтқан биязы өнерпаз жоғын іздеп өрекпуде өркөкіректік танытып алмауды өзіне мақсат еткендей. Жалпы жетпісінші жылдары Құман қатарлы театрға келген жас артистердің режиссура жөніндегі көрген қамқорлықтары пәлендей сүбелі емес. Әзірбайжан Мәмбетов көбінше аға, орта буын артистерімен «алысып» жүріп, бұлардың буынына анау айтқандай көңіл бөле алмады. Олар кездейсоқ ауысу, алмасу процестерін бастан кеше жүріп, ілгеріледі, ізденді», – деп жазды.
Актер өмірлік серігі Меруерт Өтекешовамен 45 жылдан астам уақыт театрда бірге еңбек етіп келеді. Ол жүзден астам спектакльде сахнаға шықты. «Құман екеуміз көптеген рөлдер ойнадық. Мұхтар Әуезовтің «Қаракөзінде» – ол Арша, мен Қаракөз, Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер Анасында» ол Қасым, мен Әлиман болып шықтық сахнаға. Бұдан бөлек «Жоғалған дос» деген жақсы спектакль болған. Біз бір-бірімізге көмектескенімізге, бір сахнада рөл ойнағанымызға ризамыз. Неге десеңіз, мен оның ойнаған барлық рөлдерін жақсы білем. Кей-кейде ол «қалай ойнадым?» деп сұрайды. Мен оған жақсы ойнағанын айтып, қолдап отырамын. Себебі мен оның барлық рөлін бірнеше қайталап көрген шығармын. Жаттап алдым десем де болады. Барлық бейнесі көз алдымда тұрады. Оның сыншысы, қадағалаушысы менмін. …Құман екеуміздің сахнадағы, өнердегі өмірімізге арнап кітап жазғым келеді», – деген болатын Меруерт Өтекешова бір сұхбатында.
Көптеген мемлекеттерде кино, кітап, ауыз әдебиетінің кейіпкерлеріне арнап ескерткіш тұрғызу дәстүрі бар. Сондай бір ескерткіш Жібек пен Төлегенге арналып Тараз қаласында орнатылған. Жұртшылық Құманды – Төлеген, Меруертті – Жібек деп қабылдайды. «Қыз Жібек» фильмі жастардың махаббат сезімін аялауға көмектескені, өмірге, өнерге деген құштарлықтарын арттырғаны анық. Бізбен көршілес мемлекеттерде аға актерлер киноға жиі тартылады. Оларға арнайы сценарийлер де жазылады. Бізде де өнер шеберлерінің тәжірибесі қасиетті өнерді дамытуға пайдаланылса дейсің. Аға буын өкілдерінің шеберлігі, кәсібилігі, өнерге деген адалдығы жастарға құндылық болары даусыз.
Актермен әңгімелескенде оның Сұлтан Қожықов, Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков, Болот Шамшиев, Тәттібүбі Тұрсынбаева, Талғат Нигматуллин, жалпы қасиетті өнерге қызмет етушілер туралы пікірін ерекше сүйінішпен жеткізетінін аңғарасың. Олар өнер әлемінде жұлдыздарын жаққан тұлғалар. Сол шоғырдың ішінде Құман Тастанбековтің де жұлдызы жарқырап тұр. Оның экрандағы бейнелері мұхит пен тау асып, бүкіл әлемге қазақ халқының, қазақ жігітінің тұлғасын, ізгі қасиетін, сезімі мен батырлығын паш етті.
Нұрлан Есенов,
тарих ғылымдарының
кандидаты
http://www.turkystan.kz/