Талғат ТЕМЕНОВ,Қазақстанның халық әртісі, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі: — Қазақ драма театрының қайда екенін білмейтін депутаттар, министрлер бар
– Жуырда Ақтауға Орта Азия елдерінің V халықаралық фестиваліне барып, екі бірдей олжа алып қайтыпсыздар. Құтты болсын!
– Рахмет! Расында, бұл халықаралық театрлар фестивалі жоғары деңгейде өтті. Оған Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан, Башқұртстаннан, Ресейден театр ұжымдары келіп қатысты. Қазақстанның атынан Астананың Жастар театры, Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театры, Маңғыстаудағы Н.Жантөрин атындағы академиялық драма театр, Алматыдағы Өнер академиясының студенттері өнер көрсетті. Осы үлкен додада ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков қойған «Жалын жұтқан Жанна Д`арк» атты драмасымен Қаллеки театры бас жүлдеге ие болды. Сонымен қатар, ең үздік әйел бейнесін сомдағаны үшін Айнұр Бекмағамбетова жүлделі болды. Бұл – осы театрдың тарихында қалатын үлкен абырой, зор қуаныш.
– Аталған фестивальге 9 шығармашылық ұжымы, ұзын саны 200-ден астам әртіс қатысқан екен. Фестивальден кейін не түйдіңіз? Театр өнері қайда бара жатыр екен?
– Бүгінгі күні өнердің басқа салаларымен, мысалы, балетпен, архитектурамен, бейнелеу өнерімен, музыка саласымен, соның ішінде классикалық музыка өнерімен салыстырғанда қазақ драма театры кенжелеу келе жатыр екен.
– Оның себебі неде деп ойлайсыз?
– Өйткені, осы уақытқа дейін драма өнері тек қана ұлттық дүние деп есептелді. Екінші жағынан, бұл сала өнердің екінші сорты деп қаралды. Қазірге дейін театрға үлкен шенеуніктер келмейді. Астанада тұрып қазақ драма театрының қайда екенін білмейтін депутаттар, министрлер бар. Бұл – еліміздегі осы бір өнер саласына немқұрайлы қараушылықтың бір көрсеткіші. Ал театрға осы күнге дейін бір ғимарат салып бермей, үлкен өнер ұжымын қуықтай жерде ұстап отырғанымызды айтудың өзі ұят. Алайда, жуырда Парламент қабырғасында үлкен өнер қайраткерлері – Әшірбек Сығайды, Есмұхан Обаевты, сол секілді кино майталманы Рашид Нұғмановты шақырып алып, біздің депутаттарымыздың олармен кәсіби маман ретінде сұхбаттасуы бүгінгі осы театрға деген көзқарастың өзгере бастағаны шығар деп ойлаймын. Бұл туралы осыдан бір жыл бұрын Мәжілістің әлеуметтік мәдени даму комитетін басқарған Дариға Назарбаеваның да жиын өткізгені есімізде. Мұның бәрі уақыт талабы екені түсінікті. Неге десеңіз, бүгінгі күні театрдың проблемалары жеткілікті.
– Атап айтқанда…
– Ең алдымен, театрларда заманауи драматургиялардың аздығы байқалады. Екіншіден, театрларға жаңа буын, жас режиссерлердің барғысы келмейді. Әсіресе, жас мамандар облыстарға, аймақтарға баруға құлықты емес. Кезінде режиссер мамандығын бітіргендердің барлығы облыстарға жіберілетін. Сонда біраз еңбек сіңіріп, талантын ұштап, өз кәсіби келбетін қалыптастырып бастайтын еді. Мысалы, Жанат Хаджиев алғашқы қадамын Арқалық театрында жасады. Әлімбек Оразбеков Талдықорған театрында, Ерсайын Тәпенов Қарағанды, содан кейін Павлодардағы Маман Байсеркенов, Қызылордадағы Есмұхан Обаев Семей қаласындағы театрда қызмет етті. Солардың барлығы өз кезінде облыстық театрлардың деңгейін көтерді. Әрі өздері де сонда шеберлігін шыңдады. Ал бүгінгі күні жас режиссерлердің барлығы Алматы мен Астананы маңайлайды. Оның да өзіндік себептері бар. Біріншіден, бұл екі қалада ақпарат құралдары, телеарналар бар, танылу оңай. Екінші жағынан, облыстарда бұрынғыдай баспанамен қамтамасыз етіп, жас мамандарға қарайласып жатқан ешкім жоқ. Актерларға, режиссерларға қамқор болып, театр қызметкерлеріне жағдай жасау қазір ұмытылып кетті. Облыс әкімдіктерінде өздерінің театрларында кімдер қызмет етіп, қойылымдарында қандай актерлер ойнайтынын да білмейтін қызметкерлер отыр. Сондықтан, жалпы көзқарасты өзгерту керек. Өнер адамдарын көзден таса қылмауға тырысуымыз қажет. Біз ел боламыз десек, өнерді, соның бір саласы театрды көтеруге тиіспіз. Өйткені, Чехов айтқандай, «тобырдан халық жасайтын – театр». Ал Ғабең бұл жайында «қас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» дейді. Сол мөлдір өнер – театрға біз қазір алакөзбен қарап отырмыз.
Театр-бесікке өмір бақи бөленеді
– Жуырда әлеуметтік желілерде бәзбіреудің «газет өледі» деген сөзі үшін журналистер қауымы шыныменен шамданып, тіпті пікір таластырып, екіге жарылып жатты. Алайда, велосипедтен кейін неше түрлі көлік, пойыз, тіпті ұшақ пайда болса да, алғашқы көлік құралдары қолданыстан кетпегені баршаға мәлім. Тіпті, Астанада соңғы жылдары велосипедпен жүретіндер қатары көбейіп келе жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды…
– Кезінде кино өнері пайда болғанда «театр енді болмайды» деп міңгірлегендер болған. Кейін телевидение дамып, кең тарала бастағанда киноны да өледі деп сәуегейсігендер табылды… Бірақ қазақта сөз бар: «Исаның жолы бір басқа, Мұсаның жолы бір басқа». Адамның қолындағы он саусақтың әрқайсысының өзінің орны, өз қызметі болатыны секілді, өнердің де әр саласының өз жолы, өз қызметі бар. Табиғат өлер, адам да өлер, бірақ өнер өлмейді. Өйткені, өнер – халықтың руханияты, халықтың жаны, халықтың жады.
– Дулат Исабековтің бір шығармасын Англияның театры сахналамақ болғанда «Актриса» пьесасы ұсынылған екен. Бірақ пьесадағы «қазақ театрының болашағы жоқ», «қазақ театрының ең соңғы көрермені болса, соған спектакль қойып беретін ең соңғы актер мен боламын» деп келетін жолдары үшін ағылшын театры бұл қойылымды сахналауды дұрыс деп таппапты. «Бұл спектакльде қазақтың ұлттық мәселесі қозғалыпты, оны біздің көрсеткеніміз жөн емес» десе керек. Сұрайын дегенім, осы шынымен қазақтың ғана ұлттық мәселесі ме? Театрдың болашағы туралы қауіп қазаққа ғана тән бе?
– Театр – тек қана өнер ордасы, өнер ошағы емес. Бұл тек қана қойылымын тамашалап, көңілді сергітіп, дем алып кететін жер емес. Театр – бұл бесік. Әсіресе, жастардың руханият бесігі. Кәдімгі бесікке сәби бір жасқа дейін ғана бөленетін болса, театр-бесікке өмір бақи бөленеді. Театр адамды өмір бақи тәрбиелейді. Өмір бақи адамды комедиямен күлдіріп, трагедиямен жылатады. Театр мешіт сияқты. Адам мешітке барған кезде рухани тазарып шығатын болса, театрда да тазарады. Яғни, бұл серпілетін, тазаратын, жаңаратын орын. Сонымен қатар, ол – саясат орны. Театр – идеология. Ондағы қойылымдар арқылы халықтың тағдыры, мінез-құлқы, образы, жағдайы танылады. Белгілі бір халық туралы, ел туралы пікір қалыптасады. Бірақ біз осы жағын қазір ұмытып жүрміз.
– Саясат демекші, соңғы жылдары қазақ театрларында тарихи драмалар жиі қойылып жүр. Түркістандағы театр қойған «Хан Кененің соңғы күндері», Алматыдағы М.Әуезов театры сахналаған «Қазақтар», Қуанышбаев театрында сахналанып жүрген «Кенесары-Күнімжан», «Абылай ханның арманы», тағы басқа ел асыға күтетін туындыларды атауға болады. Осы жайлы не дейсіз?
– Бұл жаңағы сөзімнің жалғасы деп түсініңіз. Театр – тарихты жаңғыртатын, көрерменді, әсіресе жастарды ұлттық сезімге баулитын, патриотизмге тәрбиелейтін жер. Қазір көпшілік кітап оқымайды. Баяғыдай ұзақ-ұзақ романдар оқып, эпос жаттап жүрген жастарды көрмейсің. Журналистика, әдебиет, тіл саласының мамандары болмаса, көпшіліктің жалпы кітап оқитын уақыты да шектеулі. Алайда, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» мен «Ләйлі- Мәжнүнді», «Қобыланды» мен «Алпамыс батырды», «Ер Тарғын» мен «Едігені» оқымай, «Қырық өтірікті» білмей, Қожанасыр мен Алдаркөсені, Сүгір Ахметті білмей, жастардың ұлтжанды азамат болуы неғайбыл. Ал театр осы дүниелерді аз уақыттың ішінде көптің санасына сіңіре алады. Театр сол жетіспей тұрған білім мен танымның орнын толтырады. Бүгінгі музыканың, сахнаны безендіру тәсілдерінің, әртүрлі техникалық әрлеу мен монтаждау құралдарының арқасында жаңағы ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды қайтадан халықпен қауыштырады. Сондықтан, театрлардың тарихи тақырыптарға баруы – заңдылық. Әлемде өз тарихын, өз мәдениетін, өз әдебиетін білмеген ұлт ұлт болып қалыптаса алмайды. Біз әлемнің дамыған отыз мемлекетінің қатарына кіреміз десек, міндетті түрде тарихымызды жаңғыртып, оны театр арқылы да насихаттай түсуіміз қажет. Жалпы, менің ойымша, біздің экономикамыз, біздің байлығымыз мәдениетіміз бен өнерімізбен қатар дамуы керек. Алда «ЭКСПО-2017» көрмесін өткіземіз деп отырмыз, сол шарада шет елдерден келген қонақтарға өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды көрсетуіміз керек.
Қолымда екі тарихи фильмнің сценарийі тұр
– Сіз «Көшпенділер» фильмі түсіріліп жатқанда: «Болашақта қазақ киносының тарихы «Көшпенділерге» дейін және «Көшпенділерден» кейін болып бөлінеді. Мен соған сенімдімін» деген едіңіз.
– Ол рас. «Көшпенділер» түсірілгенге дейін кино түсірудің жағдайы бізде басқаша болатын. Түсіру алаңындағы адамдарға жағдай жасау, оларға дұрыс тамақ беру мәселесін ешкім ойламайтын. Сонда қаланың сыртындағы кино түсіру алаңына баратын 200-300 адам таңертең өзінің бір құты айраны мен нанын ала жүретін еді. Әйтпесе кешке дейін аш қалатын. Ал, бүгін олай емес. Әрбір кино түсіру алаңында түскі асы, кешкі асы, күндізгі тіскебасары – бәрі қамтамасыз етіліп жүр. Одан басқа «Көшпенділерге» дейін «Қазақфильмнің» түсіру аппараттары басқаша болса, бүгінгі күні бәрі цифрға көшкен. Өркениетті елдер секілді барлық кино түсіру алаңында жақсы жағдай жасалған. Енді солай болып қалады. Демек, менің сол тұстағы айтқаным келді.
– Демек, сіз әлгі сөзіңізді материалдық, әлеуметтік мәселеге қарата айттыңыз ба?
– Иә, әлеуметтік жағынан осылай болып отыр. Екінші жағы актерлер қауымына бұрын немқұрайлы қарайтын. Қазір олай емес. Әртістерге арнайы көлік дайындап, қошеметтеп алып жүруді үйрендік. Тіпті, «Көшпенділер» түсіріліп жатқанда актерлердің бетіне күн түспесін деп, жанында қолшатыр ұстап жүргендер болды. Осы актерге деген құрмет, актерге деген қошемет қазір жалғасып отыр.
– Осы игіліктер өнердің дамуына септігін тигізе алды ма?
– Әрине. Қазіргі күні сол «Көшпенділердің» арқасында ғана «Жаужүрек мың бала» дүниеге келді. «Біржан сал» түсіріліп бітті. Досхан Жолжақсынов енді «Құнанбайды» түсіруді қолға алып отыр. Бұл да біздің тарихымызға, кешегі өткен тұлғаларымызға басқаша көзқарас. Осы уақытқа дейін, мысалы Құнанбайға бай-феодалдық таптың өкілі ретінде ғана қарап келдік. Қазір қазақ қоғамына үлкен өркениет, оқу-білім, мәдениет алып келген тұлға, ағартушы ретінде қарап отырмыз. Бұл да сол «Көшпенділерден» кейінгі жетістік.
– Елбасы тарихи фильмдер түсіруді тапсырып отыр. Сіздің қолыңызға ерік берсе, не істер едіңіз?
– Қазір менің қолымда «Томирис» және «Зарина патшайым» деген екі сценарий тұр. Әрине, қаражат мәселесі шешілсе, мен бүгін-ақ сол киноны түсірер едім. Жалпы мен кез келген кезде дайынмын. Өйткені, ол сценарийлер өз қаламымнан туған және олардың деңгейі биік екеніне өзім сенімдімін.
– «Бізде тарихи фильм түсірілсе, жоқ жоңғармен шабысып жатамыз» деп сынап жүргелі біраз болды. Сіз не дейсіз?
– Ол кино тақырыбына байланысты. Біз үш ғасырға дейін жоңғар империясының табанында, солардың езгісінде болдық. «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы сол тұста өтті. Қазақ хандығы да сондай қиын кезеңде құрылды. Біздің талай батырларымыз сол тұста қалыптасты. Талай тұлғалар сол күрес үстінде танылды. Ал сол тұлғалар, батырларымыз болмаса біз Алтайдан Атырауға дейінгі осынау кең -байтақ жерді алып қала алар ма едік? Ал сол ерлік, сол жауынгерлік болмаса біз 10 миллион ғана халқымызбен осылай мемлекет бола алар ма едік? Жер бетінде 40 миллион халқы бар, бірақ өз мемлекеті жоқ, өз туы, өз әнұраны, өз еркі жоқ, бодан халықтар аз емес қой. Біз бүгін сол ерлікті, ата-бабаларымыздың артықшылықтарын бағалай білуіміз керек. Сонда ғана ертеңге нық сеніммен қарайтын боламыз.
– Жаңа театрдың да ағартушылық, идеологиялық қызметі барын айттық қой. Ал кино арқылы рухты көтеруге бола ма?
– Елбасының тапсырмасы бойынша, Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланғалы отыр. Жәнібек пен Керей қазақтың алғашқы хандары болғанын, «Жеті жарғы» біздің ата заңымыз болғанын айқындап, әлемге паш етуіміз керек. Әйтпесе, осы уақытқа дейін «қазақ мемлекеті болмаған, қазақ ел болмаған, хандығы болмаған» деген қауесет таратуға тырысып жүргендер бар. Егер қазақ бұрыннан ел болмаса, біз қайдан пайда болдық? Физика заңы бойынша: «бар зат жоғалмайды, жоқтан пайда болмайды». Ендеше, біз сонау сақ дәуірінен келе жатқан ұлы ұрпақтың өкіліміз. Ғұндар мен сақтардың ұрпағымыз. Осы жерді мекендеген, осы жерде әдебиеті мен мәдениеті қалыптасқан елміз біз. Соны күллі әлемге жеткізуіміз керек. Оның бірден-бір жолы – кино өнері.
– Қазақ киносы тоқыраудан бас көтеріп келеді. Бірақ қазіргі ізденіс, қалыптасу кезеңі қанша уақытқа дейін созылуы мүмкін?
– Кино өнері өткен ғасырдың 90-шы жлыдарынан кейін тоқырап қалған болатын. Қаржының жетіспеуі, жұмысшыларға жалақы берілмеуі салдарынан «байтал түгіл бас қайғы» болып, кино жетімсіреп қалды. Бүгін бірақ еңсеміз көтерілді. Сондықтан ЭКСПО көрмесі алдында тарихи фильмдерімізді, сериалдарымызды көптеп шығаруымыз қажет болып отыр. Оған бүгінгі техникалық, шығармашылық мүмкіндігіміз жетеді. Бізге тек әрекет қана керек.
Менен мықты министр бола алатындар табылады, бірақ ол министрлер мен түсіретін фильмдерді түсіре алмайды
– Сіздің «Қайырлы таң», «Гүлнәз», «Ой жасын» атты повестер жазғаныңыз көпшілікке мәлім. Бірақ сіз ылғи да өзіңізді «жазушымын деп есептемеймін» дейсіз. Неге?
– Жазушы болу үшін басқа мамандықты қойып, жазушылықпен айналысу керек. Рас, мен осы режиссураға келгенге дейін поэзия, проза жаздым. Қазір де ара-тұра қолыма қалам алып, өлең жазып тұрамын. Бірақ кино мен прозаның айырмашылығын бағалай келгенде, кино – өте ауқымды, қанаты кең өнер. Киноны бүгін түсірсең, оны ертең бүкіл әлемге көрсете аласың. Ал проза жанры – инемен құдық қазғандай дүние. Қандай құрбандықтарға барып, көз майыңды тауысып, шығармаңды жазғанменен оны шығарып, тарату оңай шаруа емес. Баспадан жарық көруі үшін қаражатын табасың. Оны басқа тілге аудару одан да үлкен еңбекті, уақытты, шығынды талап етеді. Одан да бөлек мәселе, бүгінгі Жазушылар одағында жеті жүзден астам жазушы бар. Олар менсіз де қазақ руханиятына өз үлесін қосып, менсіз де қазақ әдебиетін дамытып жатыр. Ал мен жазушы болмасам да қазақ өнеріне, қазақ руханияты мен мәдениетіне өзіндік үлесімді қосып жүрмін деп ойлаймын. Және солай екені хақ. Өйткені, менің бүгінгі баққан малым да, еккен егінім де, кәсібім де, нәсібім де – өнер. Соның ішіндегі кино және театр өнері.
– Сіз ректор да болдыңыз. Директор да болдыңыз. Өнер ордаларын басқардыңыз. Шығармашылық ұжымды басқарған ұнай ма, әлде таза шығармашылықпен айналысқан ұнай ма?
– Әрине, таза шығармашылықпен айналысқанға не жетсін?! Өйткені, директорларды, көркемдік жетекшілерді былай қойғанның өзінде, облыстарда, басқа жерлерде қызмет еткен үлкен-үлкен шенеуніктерді ел ұмытады. Өйткені, ол краннан аққан су сияқты. Бүгін бар, ертең жоқ. Бірақ әкімнің өзінің басқару қабілетіне, талантына, халыққа еткен қызметіне қарай өз абыройы, өз бағасы беріледі. Әрине, әкімдерде де әкім бар. Ақындарда да ақын бар. Сол секілді, мен де 90-шы жылдары, қиын-қыстау кезеңдерде Өнер академиясында ректор болдым. Сол тұста бұрын Қазақстанда болмаған он үш мамандықты аштым. Бүгінгі күнгі кинооператорлар, кинорежиссерлар, дыбыс операторлары, гриммерлер, кино сыншы мамандығы – осының бәрі бұрын Қазақстанда даярланбаған мамандықтар. Оларды бұрын Мәскеуде, сосын Ленинградта ғана дайындайтын. Сондықтан, мен сол қиын кезде бүгінгі күнмен шектелмей, ертеңді ойладым. Ертең кино өркендейді, қазақ киносы да көшке ілесетін болады, сол кезде мамандар тапшылығы тумасын деп ашқан мамандықтардың бүгінде ел жемісін жеп жатыр. Қазір Қазақстанда қаншама телеарналар бар, солардың бәрінде дарынды жастар қызмет етіп жүр. Сондықтан, мен өзім басшылықта болғанда да қазақ еліне қызмет еттім деп білемін.
Әрине, шығармашылықпен айналысу, ол – бақыт. Оның қуанышы да, жауапкершілігі де басқаша. Бірақ күнде бәйге бола бермейтіні, күнде шаба бермейтінің секілді, күнде кино түсіріле бермейді. Ол – қаржыға тірелетін мәселе. Сондықтан, мен кино түсірудің ортасында ұжымдарды басқардым. Қай басшылықта отырсам да, күйреп қалған мекемені түзеп, күйзеліске түскен шығармашылық ұжымының еңсесін көтеруге тырыстым. Мысалы, Ғабит Мүсірепов атындағы жастар және жасөспірімдер театрын тоғыз жылдай басқардым. Сонда сыртқа шықпаған, шет елдерге гастрольге барып көрмеген театр ұжымын Мәскеу қаласына, Түркменстанға, Түркияға, Кореяға, Қырғызстанға апардым. Сонымен бірге, еліміздің барлық жерін аралаттым. Бұл керек нәрсе болатын. Өйткені, әртістердің көкжиегі кеңейеді. Әрі қазақ өнерін ел-жұртқа таныстыру болатын.
– Кейбір ағаларымыз шенеунік болғанда жазуды саябырсытады. Кейде шығармашылық бос кезде ғана айналысатын ермегіміз сияқтанады. Бұл әдебиетке адалдық саналмайтын сияқты. Ал сіз үшін шығармашылық бірінші кезекті ме?
– Бірінші кезекте.
– Бүгін, мысалы, министрліктің портфелін ұсынар болса…
– Жоқ, бармаймын. Неге десеңіз, менен де жақсы министр болатын, менен де дарынды, менен де үлкен құлшыныспен қызмет ете алатын адам табылады. Бірақ мен түсіретін киноларды ол министрлер түсіре алмайды. Әрине, менің алдымда тұрған бірінші мәселе – ол тек қана шығармашылық. Мен осы жұмыстың үстінде отырып, өзімнің сценарилерімді жазып отырмын. Осы жұмыс үстінде отырып, болашақ қойылатын спектакльдерімнің қалай боларын ойластырып отырмын. Мен тек қана шығармашылықпен айналысқанда ғана өмір сүремін. Өйткені, шығармашылық елдің руханиятына, елдің көңіліне, елдің өміріне арналған дүние. Құдайдың кез келген адамға талант бермейтіні анық болса, кез келген қабілет иесі бойындағыны сарқып, еліне жұмсауға міндетті. Олардың миссиясы да сондай.
– Астананың театрына көркемдік жетекші болып келгеніңізге көп болған жоқ. Ең үлкен мақсатыңыз қандай?
– Мақсатым емес, арманым шығар: осы жерден қазақ театрына жаңа ғимараттың іргетасы қаланса, сол театрда алғашқылардың бірі болып спектакль қойсам деймін. Одан кейін осы театрды Қазақстандағы ғана емес, Еуразиялық кеңістіктегі ең алдыңғы театрға айналдырсам деймін.
Түпнұқсқадағы тақырып: «БАҚҚАН МАЛЫМ ДА, ЕККЕН ЕГІНІМ ДЕ, КӘСІБІМ ДЕ, НӘСІБІМ ДЕ – ӨНЕР»
Әңгімелескен: Нәзира БАЙЫРБЕК
«Астана ақшамы» №132 (3189).