Абай ОМАРОВ (коллаж)
Ғылыми фантастика жеке жанр ретінде XX ғасырда қарастырыла бастады. Нақты айдары сол кезде тағылды демесеңіз, бұл саланың тамыры тереңде. Тарихы әріден бастау алады. Оған бала күнімізден тыңдап өскен қиял-ғажайып ертегілері дәлел бола алады. Әлем әдебиетінде ғылыми-фантастика ғылыми поэзия, ғылыми проза болып екі тарапта дамыды. Ғылыми поэзия терминін әдебиеттану саласында алғаш француз поэзиясының теоретигі Рене Гиль «Сөз туралы трактат» атты еңбегінде қолданды. Ол ежелгі дәуір әдебиетінің белді өкілі Лукреций Кардың «Заттың табиғаты» атты еңбегінде осы ғылыми поэзияның белгілері бар деп көрсеткен.
Ғылыми фантастика жанры қазақ әдебиетінде өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қалыптасты. Ғылыми футурологияны әдебиетке енгізген қазақтың белгілі ғалымы Ақжан Машани болатын. Оның дәлелі ретінде ғалымның 1957 жылы жарық көрген «Жер астына саяхат» кітабын айта аламыз. Одан кейінгі уақыттарда Талап Сұлтанбеков, Төлеш Сүлейменов, Шоқан Әлімбаев сынды қаламгерлер бірқатар шығарма тудырды. Бүгінде осы ғылыми фантастиканың жүгін арқалап жүргендер ретінде Абдул-Хамит Мархабаев, Медеу Сәрсеке, Жүніс Сахиев, Шәмшиден Абдраман сынды бірқатар қаламгердің атын атаумен шектелеміз. Адамзат санасын алдыға жетелеуде үлкен рөл атқаратын бұл жанр қазіргі уақытта кенжелеп тұр. Жас қаламгерлер проза, поэзия саласына көптеп келіп жатқанымен, ғылыми фантастикаға ат ізін салғандары жоқ. Мұның бірінші себебі – жанрдың қиындығы болса, екінші себебі осы жанрға деген оқырмандардың қызығушылығының төмендігінде жатса керек.
Сонымен, әдебиетіміздегі ғылыми фантастика жанры бүгінгі күні Медеу Сәрсекенің «Ғажайып сәуле», Талап Сұлтанбековтің «Көшпелі алтын», Шоқан Әлімбаевтың «Данышпандық альфасы», Төлеш Сүлейменовтің «Әл-Фараби көпірі», «Жұлдыз адамы», Т. Шахановтың «Көгілдір мұнаралар», Ә.Мархабаевтың «Ғарыштағы қымыз», Н.Кенжеғұлованың «Қиын шешім», М.Гумеровтің «Жұмбақ сәуле», С.Ғаббасовтың «Кәусар», Р.Бектібаевтың «Ионосферадағы алаң» атты повестері мен романдары сынды шығармалармен шектеліп тұр.
Бұл жанрға, бәлкім, жаңа бетбұрыс керек шығар. Өйткені ғылыми-техника дамып кеткен бүгінгі заманның оқырманына көп нәрсе таңсық емес. Осындай сұрақтармен біз сөз етіп отырған жанрымыздың белді өкілдеріне хабарласқан едік.
Шәмшиден АБДРАМАН, фантаст-жазушы:
– Ұлтымызда бұрыннан бар фантастика жанры кейін келе ғылыми негіздермен байытылғаннан кейін, ғылыми фантастика болып қалыптасты. Ғылыми фантастиканы қалыптастырғандар – жазба әдебиетінің өкілдері. Біз оны Ақжан Машаниден бері қарай тартамыз. Мен қазақ әдебиетіндегі ғылыми фантастиканың дамуына әсер еткен бірден-бір фактор ретінде «Білім және еңбек» сынды басылымды атар едім. Сол журналдар фантастарды тәрбиеледі. Жазғандарын жариялады. Осындай жолдармен қазақ әдебиетіндегі ғылыми фантастиканың өсуіне елеулі үлес қосты.
Бүгінгі күнге оралатын болсақ, қазір бізде жастарды тәрбиелейтін, олардың қызығушылығын оятып, білімін жетілдіретін ғылыми-техникалық, танымдық, қызғылықты басылымдар жоқ. Негізінде, осындай журналдар бізге өте қажет.
Ал ғылыми фантастикаңыз біржола жоғалды, тұралады деп айта алмаймын. Кешегідей қарқын жоқ екені рас. Кешегі қарқын, меніңше, әдебиеттің басқа да жанрларында жоқ. Енді екінші себебіне келсек, тағы да сол таралым мәселесі алдымыздан шығады. Қазір ғылыми фантастикалық шығармалар жазылып жатыр. Бірақ олардың халыққа жетуі қиын. Баспаның шығарған мың дана кітабын кімге жеткіземіз?
Бұл жанрға жастардың келмей, жаңа есімдердің шықпай жатуына оралатын болсақ, бұның барлығы да – жанрдың қиындығында. Бойында таланты бар жас қаламгер отыра қалып өлең жазуына, проза жазуына болады. Ал ғылыми фантастика жазу үшін оның міндетті түрде ғылымнан хабары болуы керек. Мен осындай себептермен байланыстырар едім. Бұл жанрда аты-жөні қалыптасқан, тұрақты жазып жүргендердің ең жасы дегенде менің ойыма Жүніс Сахиевтің есімі оралады. Оның өзі – жерортасы жасындағы адам. Сол Жүніс – бір ғана сериямен 11 том жазған қаламгер. Үлкен еңбек қой. Менің өзім үш роман бердім. Бірақ таралымның аздығынан елге толық жетті деп айта алмаймын.
Абдул-Хамит МАРХАБАЕВ, фантаст-жазушы:
– Егер мойындай алсақ, дәл қазіргі уақытта жазушының жағдайы қиын. Кітабының таралымы аз. Қаламақының жағдайы мәз емес. Тіпті кейде қаламақы алмақ түгіл, кітабыңның жарық көргеніне қуанасың. Мұндай жағдайда оқырманның да жай-күйі белгілі. Осыдан кейін кім туралы жазасың, кімге арнап жазасың? Міне, жазушылардың ішінде осындай қыжыл бар. Ал Жапонияда бір кітап жазған жазушы бірнеше жыл алаңсыз өмір сүреді. Ғылыми фантастика жанры жазушының жан сөлін сығып алады. Ал төккен тердің өтеуі болмаған жерде сүбелі дүние туады деу қиын.
Бүгінгі ғылыми фантастика дегенге келсек, өтірік мақтап, жалаң ұранға салғым келмейді. Жоғарыдағы себептердің барлығы осындай жағдайға әкеліп тіреді.
Автор: Бейбіт САРЫБАЙ