Мансұр ХАМИТ (фотолар)
Қазақстанда ешкімді де қуантпайтын, әйтсе де соны айналып өте алмайтын бір мәселе бар. Бұл – тариф. Тұтынушылар тарифті арттырмай қордаланған, қақыраған мәселені шешу мүмкін еместігін де түсініп қалды-ау. Алайда бағаға сай қызмет қайда? Ең аяғы тарифті көтеруден түскен табыс қайда жұмсалып жатыр? Кеше Мәжіліс алдына есеп беруге келген Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының осы мәселеге қатысты біршама терлеуіне тура келді.
Аты дардай агенттіктің басты қызметі тұтынушылар құқығын қорғауды қамтамасыз ететін монополиялық секторларды реттеу болып табылады. Бұл мақсатта ведомство 1194 табиғи монополия субъектілерінің қызметіне тарифтік реттеуді, сондай-ақ 130-ға жуық доминант субъектіге баға белгілеуді қадағалайды. Соған орай, елдегі тарифтік саясатты қалыпты ұстау арқылы өмір сапасын жақсарту үшін үш негізгі бағытқа агенттік баса назар аударуды жөн санапты. Олар: бірінші – тұтынушылар құқығын қорғау, екінші – реттелетін секторды жаңа әдістемелер арқылы жаңғырту, үшінші – «жасыл» экономикаға көшу һәм ЕХРО-2017-ге дайындалу. Мәжілісмендер алдында төраға Мұрат Оспанов былтырғы атқарылған шаралармен сабақтастыра отырып, осы үш бағыт туралы әңгіме өрбіткен болатын.
Агенттік ақпаратқа назар салмайтын азаматтарға өкпелі
Тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесіне келсек, соңғы кезде тым нәзік болып бара жатқан тариф мәселесіне қатысты жыл сайын қызмет көрсетуші субъектілер ел алдында есеп бере бастаған. Тарифті өзгерту керек болса, бұқараны жинап, жария тыңдау шаралары да қолға алынады. Сосын тарифтік смета мәселесі де коммерциялық құпия болудан қалған.
Оған тыйым салынғанға ұқсайды. Бір қарасақ, бәрі жария, бәрі – халықтың көз алдында. Алайда өкініштісі, агенттік төрағасы Мұрат Оспанов мұндай жариялылықтан еш нәтиже байқамапты. «Тұтынушылар құқының қорғалуына қатысты жария жұмыстар ойдағыдай нәтиже бермеді, – деп кейіді Мұрат Мағауияұлы, – өйткені тұтынушылар да бұқаралық ақпарат құралдары да бұндай шараларға қызығушылық танытпай отыр. «Енді қайтпек керек» дегенге белсене кіріскен агенттік өз жұмысын қоғамдық ұйымдармен өтетін шараларды жандандыру арқылы күшейтуге арнамақ. «Осыған байланысты тұтынушылар құқық қорғау кезінде қоғамдық ұйымдардың рөлін арттыру қажет деп білеміз», – дейді Мұрат Оспанов. Сөйтіп, тұтынушылар монополистерді, ал монополистер басқаны кінәламас үшін алдағы уақытта жариялылықтың жұмысы одан әрі ілгерілейді, мәселенің мәнісін аша түсуге қоғамның өзі белсене араласатын болады. Әлбетте, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі заңның орындалуына бақылауды да назардан еш қалдырмайды. Айтпақшы, тұтынушылардың құқығын бұзуға жол бермеу мақсатында былтыр агенттік 471 тексеру өткізген. Соған орай, әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты 382 қаулы қабылданып, 205 млн теңгеден астам айыппұл өндіріліпті. Агенттік төрағасы жылу беретін ұйымдардың тұтынушы құқын аяққа таптаған кезін де байқап қалғанға ұқсайды. Әлгілер сыртқы ауа температурасына байланысты жылуды «ұқыпты» түрде азайтып не көбейтіп отырғанымен, оның ақысын есептегенде «жүрісінен жаңылып», жоғары тарифті төмендетуді ұмытып кетеді екен. Яғни күн райының жылы болғанына тиісінше жылудың да төмен мөлшермен берілгеніне қарамастан, жылу беру кәсіпорындары бағаны өзгертпей ұстап келген. Соған орай сыртқы ауа температурасының өзгеруіне байланысты 2011-2012 жылдардағы жылу беру маусымындағы төлемақылар қайта есептеліп, халыққа 907 млн теңге қайтарылыпты. Осындай олқылықтардың орын алмауы үшін агенттік төрағасы Мұрат Мағауияұлы сапа мониторингі мен бақылау жүйесін енгізу қажеттігін меңзейді.
Тұтынушы үшін екінші бір маңызды дүние – есептегіш құралдарын орнату. Осыдан аттай алты жыл бұрын көтерілген осы мәселе әлі де толық шешімін таппаған. Мәселен, елімізде ортақ су есептеу құралдарымен қамту шамамен 40 пайызды құраса, жеке тұтынушылардың су есептеу жабдығымен орташа алғанда 85 пайызға орнатылған. Тұтынушылардың тұтастай есептеу құралына міндеттейтін заңның 2006 жылы қабылданғанына қарамастан, елдегі жеке тұтынушылардың әлі 15 пайызы құралды орнатпапты.
Тариф көтеруден түскен 2,7 млрд теңге той-томалақ пен сыйақы төлеуге кетіпті
Жиын барысында сайлаушылардың басым бөлігі наразы болып жүрген сапалы ауызсумен, жылумен, электрмен қамтамасыз етудегі көлденең кедергілер жайында да әңгіме өрбіді. Мәселен, Сейітсұлтан Әйімбетов: «Тариф мәселесінің экономикаға да, әлеуметтік мәселеге де қатысы бар. Ал сайлаушылар тарифтер үнемі өскенімен, коммуналдық қызмет сапасы жақсармай отырғанына алаңдайды. Өкінішке қарай, бұл – ащы да болса шындық», – дегенді алға тартты. Оның айтуынша, табиғи монополиялар саласы – азаматтық бастамаларды белсенді түрде қолдауды талап ететін сала. Өйткені табиғи монополия субъектілері ең қажетті қызметтерді көрсететіндіктен, ол азаматтық бақылаудың тұрақты әрі жіті назарында болуға тиіс. «Осыған орай және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында табиғи монополия субъектілерінің барлық міндеттемелерін, әсіресе инвестициялық міндеттемелерін орындауын, коммуналдық тарифтердің қалыптасуын, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау үшін үкіметтік емес ұйымдарды, ең дұрысы, тұрғындарды белсенді түрде тарту қажет», – дейді депутат Әйімбетов. Бұдан бөлек, қалаулылар тозығы әбден жеткен энергетика мен жеткізу желілеріне салынатын инвестицияға да баса назар аударды. Халықтың қалтасынан жиналатын инвестиция айдалаға ағылып жатса, одан не пайда? Түптеп келгенде, тұтынушыларға «ескіні жаңартамыз» деп тариф көтеруден түсетін табыстың қайда сіңетініне де депутаттар алаңдаулы екенін білдірді. Шындығында, монополистер тарифті арттырмай, ескірген инфрақұрылымды жаңартудың мүмкін еместігін ұдайы алға тартып келеді. Осыдан барып мынадай заңды сұрақ туындайды: олар инвестицияны құрайтын баптар бойынша алған табыстар тыныс-тіршілік объектілерін жаңғыртып, жаңартуға жұмсала ма? «Депутаттарды алаңдатқан мәселенің негізі бар екенін Бас прокуратура мен Табиғи монополияларды реттеу агенттігі жүргізген тексерулер дәлелдеп берді. Энергия өндіруші ұйымдардың тарифті көтеруден түскен 2,7 млрд теңге мөлшеріндегі табысы өздерінің құрылтайшыларына дивидендтер төлеуге және мерекелік-мәдени іс-шараларға бөлінгені анықталды. Ал біздің пікірімізше, бұл қаражат негізгі құралдарды жаңғыртуға жұмсалуы тиіс болатын. Өкінішке қарай, практикада кездесетін осындай олқылықтың салдарынан жылу, су шаруашылығы мен электр желілерін, сондай-ақ жылу көздерін қоса алғанда, активтерді жаңғырту бюджеттен, яғни тағы да салық төлейтін тұтынушының қалтасынан төленуде», – дейді Сейітсұлтан Сүлейменұлы.
Сейітсұлтан ӘЙІМБЕТОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– «Бәсекелестікті қорғаймыз» деген желеумен бірқатар тауар мен көрсетілетін қызметтердің, мысалы, мазут пен көмірдің бағасы тұрақты түрде өсіп тұр. Бұл ретте электр және жылу энергиясы өндірісі бойынша көрсетілетін қызметтерге арналған тарифтердегі көмір мен мазуттың бағасы шамамен 70 пайызды құрайды. Сондықтан олардың қымбаттауы реттеліп көрсетілетін қызметтер тарифтерінің айтарлықтай өсуіне алып келеді. Мұның өзі, түптеп келгенде, тұтынушылардың материалдық жағдайына теріс әсерін тигізеді. Сондықтан мемлекет реттейтін бағалар қолданылатын өнімдердің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің номенклатурасы бойынша ұсыныстарды Үкіметке енгізу жөніндегі функцияларды агенттікке беруі қажет. Жалпы, тұтынушылардың құқықтарын қорғау – бұл табиғи монополиялар субъектілерімен текетіресу емес. Бұл – тең азаматтық-құқықтық қатынастар. Алайда мұндай қатынастарда тұтынушы, әдетте, неғұрлым әлсіз тарап болғандықтан, үнемі ұтылып отырады. Сондықтан біз тұтынушылар мен табиғи монополия субъектілерінің мүдделері теңгерімін қамтамасыз ететіндей құқықтық тетіктер жасауымыз керек.
Ұласбек СӘДІБЕКОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Әлбетте, тұтынушыларды тариф қана емес, коммуналдық қызмет сапасы да, жылу мәселесі де, электр жарығының сапасы да алаңдатады. Ал енді осыған байланысты тұтынушылар құқығын қорғау үшін сапаның барлық параметрін пайдалану үшін нақты режимде мониторинг жүргізу мүмкін емес. Сондықтан сапа мониторингі және оны бақылау жүйесін енгізу тұтынушылар құқығын қорғауда негізгі құрал болады деп сенемін. Сондай-ақ сервистік және коммуналдық қызмет көрсетуде арнайы стандарттардың жоқтығы тұтынушылар наразылығын тудырып отыр. Тұтынушылар сағат бойы телефон шалып, монополист кәсіпорындарға қол жеткізе алмайды. Бұл – шындық! Сондықтан тиісті заңнама және нормативтік-техникалық негіз құру мәселесі күн тәртібінде тұр деп есептеймін.
Автор: Қанат ҚАЗЫ
http://alashainasy.kz/main/41272/