Кеңес Одағының құрамында болған кезімізде ұлт мүддесін айтқандардың бәрі «ұлтшыл» атанып, қуғын-сүргінге түскенін әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Ал бүгін, Құдайға шүкір, тәуелсіз елміз, өз еркіміз өзімізге тиді. Ұлт тағдырын айтсақ та, тіл, діл, дін мәселесін көтерсек те ешкім тілімізге тұсау салып жатқан жоқ. Сөйте тұра ана тілінде сөйлеуге, ұлт мүддесін көтеруге құлықсыз азаматтардың азаймай тұрғаны көңілге қаяу түсіреді. Міне, осындайда менің есіме елімізге белгілі геолог, картограф, қоғам қайраткері, ұлтжанды азамат Молдияр Серікбаев түседі. Осы бір ықшам денелі, жүрісі ширақ тұрымтайдай сары шал ұлт мүддесі үшін жүгіруден, күресуден бір танған емес. Бүгінде Қазақстанда бұл кісінің есімін білмейтін адам кемде-кем.
Еліміздегі жер-су, елді мекен, қала, кент атауларын қалпына келтіру, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің абырой-беделін көтеру, тарихи әділеттілікті орнықтыру жөніндегі Молдияр Серікбаев ағамыздың әр жерде сөйлеген сөздері, жоғары орындарға жазған хаттары, нақтылы іс-әрекеттері, мерзімді басылымдарда жарияланып жатқан мақалалары көзі қарақты әрбір азаматқа жақсы таныс.
Геолог, картограф Молдияр Серікбаев 1933 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданындағы Жаңаталап-Шетбұлақ ауылында дүниеге келген. 1956 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің геология-география факультетін тәмамдаған соң қазақтың геология-барлау экспедициясында асбест, тальк және қазба байлықтарды барлау жұмыстарында, Қ.И.Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институтында, Оңтүстік Қазақстандағы жерді картаға түсіру және қазба байлықтарды іздеу экспедициясында табысты қызмет етіп, қазақтың геологиялық қорында геолог және бас маман болды.
Сонау 1964 жылы Қазақ КСР Геология министрлігі Қазақстан геология ғылымдары институтына республиканың геологиялық картасын дайындауды тапсырады. Бұл жауапты міндет институттың ғылыми жетекшісі Вениамин Федорович Беспалов пен оның шәкірті Молдияр Серікбаевқа жүктеледі. В.Ф.Беспалов – күллі Кеңес Одағы геологиясының танымал тұлға. Қазақстанның аймақтық геологиясы мен геологиялық картографиясының негізін қалаған ғалым, ұлы ұстаз. Осылайша М.Серікбаев еліміздің геологиялық картасын жасайтын топтың құрамында болады. Олардың үш жыл бойғы жасаған қажырлы еңбектерінің арқасында су жаңа карта жарыққа шығады. Ол 1968 жыл еді.
Бұл карта Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Оңтүстік Орал, Оңтүстік Сібір, Таулы Алтай, Батыс Сібір, Түркменстан, т.б. өлкелерді қамтыған іргелі еңбекке айналды.
Бұдан кейін М.Серікбаев Қазақстанның тектоникалық картасының Оңтүстік Қазақстан тарауы бойынша жұмысты қолға алды. Тектоникалық картаның ерекшелігі сол, онда Қазақстанның, Оралдың тектоникалық геологиялық байланысы тұңғыш рет ашып көрсетілген еді. Бұған дейін ешкім де мұндай күрделі әрі ауқымды жұмысты атқармаған еді. Осындай жанқиярлық еңбектің арқасында 1972 жылы «Қазақ КСР-нің және оған таяу одақтас республикалардың тектоникалық картасы» жарыққа шықты. Осы еңбектің негізінде Ленинград ғалымдары Қазақстан мен Орта Азияның геологиялық картасын жасап, кейіннен бұл жұмысты осы аймақтың тектоникалық картасында қайтадан пайдаланды.
1983 жылы қазақстандық картографтар тобы (құрамында М.Серікбаев та бар) «Қазбабайлық» атты үшінші картаны өмірге әкелді. Ал 1995 жылы М.Серікбаевтың қатысуымен картографиялық кәсіпорында тұңғыш рет қазақ тілінде «Қазақстанның әкімшілік-аумақтық картасы» (екі миллиондық масштабпен), Қазақстанның 14 облысын түгел қамтыған «Әкімшілік-аумақтық картасын» және «Қазақстанның топографиялық картасы» құрастырылды.
Әрине, карта сызу кабинетте отырып атқара салатын жеңіл-желпі шаруа емес. Ол үшін картаға түсірілетін жер бедерін, аумақтарды, тауларды, төбелерді, өзен-көлдерді және басқа да табиғи нысандарды көзбен көру, табиғи ерекшеліктерін зерттеу, онан қорытынды шығарып, ой түю аса қажет. Осы тұрғыдан алғанда, Молдияр Серікбаевтың еңбегі ерен. Жоғары оқу орнын бітіріп геолог, картограф қызметімен айналысқан 57 жыл уақытында Қазақстанда, Россияда, Орта Азияда, Қытай жағында ол бармаған, ол араламаған жер жоқ десе де болады. Қаншама өмірі тау-тасты, өзен-көлдерді шарлап, тау шатқалдарында, орман-тоғайларда, көл жағалауларында түнеумен, Алтайдың қарлы борандарында, Сібірдің қақаған сарышұнақ аяздарында тоңып, Орта Азия аймағының жан шыдатпас аптап ыстықтарында күйгені өзіне ғана аян. Құм дала, жапан түздерде, тау аңғарларында жабайы жыртқыш аңдармен бетпе-бет келіп, қаншама қауіп-қатерді басынан өткергенін де ол әркімге айта бермейді.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында патшалы Россияның төңірегіндегі ұлттық аймақтарға үстемділігін күшейту, оларды бір уыста ұстап отыру, былайша айтқанда, отарлау саясатымен жері жоқ шаруаларын Қазақстан мен Орта Азияға қоныстандыру жөніндегі іс-әрекеті өршіп, 1864 жылғы реформадан кейін миллиондаған орыс шаруаларын осылай қарай ағыл-тегіл көшіруі салдарынан жер-су, тау-тас, елді мекен атаулары жаппай орысшаланып кеткені белгілі. Орыс переселендерінің бізге қарай үдере көшуі 1914 жылға дейін аса үлкен қарқынмен жүргізілді. 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін, Кеңес өкіметі орнаған соң да бұл үрдіс жалғаса берді. Айталық, Кеңес өкіметінің елді индустрияландыру, жаңадан кен орындарын ашып, зауыт-фабрикалар салу үшін ішкі Россиядан «жиырмамыңшылар», «елумыңшылар», «отызмыңшылар» деген ұранмен біздің аймаққа 20-30-50 мың, 100 мың, тіпті миллиондаған орыс жұмысшыларын көшіруі, 1954 жылғы тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде қазақ даласында тың жерлерді жаппай жыртып, жаңадан тың совхоздарын ашу, елді мекендер салу үрдісі өрши түскен кезде де орыстардың көшіп келуі күшейе түсті. Осының салдарынан қазақ жерінде «Московский», «Ленинградский», «Харьковский» сияқты жаңа шаруашылықтар топан судай қаптағаны белгілі. Қазақ сахарасының орыстануы, жергілікті халықтың тілін, ділін, дінін, ұлттық сипатын тұншықтырумен бірге жер-су, қоныс атауларын да жаппай өзгерістерге түсірді. Дер кезінде тәуелсіздік алмасақ, ұлт ретінде жойылып кетуіміз ғажап емес еді.
Молдияр Серікбаевтың азаматтығы, қайраткерлігі Россия отаршылдарының тегеурінімен орысшаланып кеткен нысандардың тарихи атауларын қалпына келтіру жолындағы іс-әрекеттерімен толыға түсті…
Ол кісіні сонымен қатар тұнып тұрған энциклопедия дер едім. Қазақстанның шығысы, батысы, оңтүстігі, солтүстігі дейсіз бе, сонау Сібір, Алтай аймағы дейсіз бе, ол білмейтін тау-тас, шоқы, төбе, сай-жыра, елді мекен жоқтың қасы. Көп жылдан бері осылардың тарихи атауларын қалпына келтіруге атсалысып келеді.
Молдияр ағаны мен өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғынан бастап білемін. КСРО-ны М.С.Горбачев басқарған тұста Россияда үлкен қалалардың тарихи атауларын қалпына келтіру жөнінде жаңа науқан басталды. Ленинград Санкт-Петербург болып және басқа да қалалар бұрынғы атауларын алып жатты. Бұл кезде мен қызмет істеп жүрген Жуалы ауданындағы 52 елді мекеннің 4-5-інен басқасының бәрі Самсоновка, Петровка, Алексеевка, Некрасовка және т.б. болып орысша аталатын. Ауылдық округтердің, шаруашылықтардың, мектептердің, көшелердің бәрі де орысша. Бір күні мен аудандық газетте осы атауларды қалпына келтіру жөнінде мәселе көтеріп, әрбір елді мекеннің, жер-судың бұрынғы аттары қалай болғанын сұрастырып, оқырманды әңгімеге тартқан едім. Сонан кейін көп ұзамай редакцияға оқырман хаттары жауып кетті. Бір хат: «Самсоновка селосының бұрынғы атауы Күреңбел болатын. Бұл аймақты Самсонов деген кулак жергілікті болыстан сатып алып, иеленіп кеткен. Елді мекен кейін соның атымен аталған» деп сыр шертсе, келесі хаттар «Евгеньевка селосының бұрынғы атауы – Көлбастау, Некрасовка – Ақтасты, Луначарка – Шұбарағаш, Кантемировка – Қошқарата, Габаевка – Ақтөбе… болатын» деп ақиқатын ашып берді. Бұл мәселеге көнексөз қариялар белсене атсалысты. Бұл хаттардың бәрі аудандық газетте жарияланды. Сондай күндердің бірінде мені аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сағынхан Әміреқұлов шақыртты.
Мырзахан, газетіңде жақсы мәселе көтеріп жатырсың ғой, мұның дұрыс. Ал енді маған келген мына бір хатты өзіңе берейін. Алматыдан Молдияр Серікбаев деген аға біздің аудандағы бірқатар жер-су, елді мекен атаулары туралы деректер жіберіпті. Осыны пайдаланарсың, – деп бірінші хатшы хатты маған берді. Көп ұзамай Молдияр Серікбаев ағаның хатын газетте жарияладым. Алғаш қайраткер азаматпен хат арқылы біліссем, кейін Алматыда өзімен таныстым.
1989 жылы мен аудандық ономастика комиссиясының және аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болып сайландым. Сол күннен бастап аудандағы барлық елді мекен, ауылдық округтер, мектептер мен көшелер атауларын қазақшалауға белсене кірісіп кеттім. Сөйтіп, 10 жылдан астам уақыттың ішінде аудандағы барлық елді мекендердің, ауылдық округтердің тарихи атаулары қайтарылды… Өзімнің негізгі қызметіме қоса ономастика комиссиясы мен «Қазақ тілі» қоғамын басқарған жылдарымда мен Молдияр ағаның ақыл-кеңесіне де сүйеніп отырушы едім…
М.Серікбаев көп жылдан бері Қазақстан жеріндегі ұмытыла бастаған тарихи атаулардың бәрін хат арқылы, баспасөз арқылы елдің есіне салып келеді. Сол кісінің облыс, аудан әкімдерінің, Республикалық ономастикалық комиссиясының, үкіметтің басшыларына хат жазып, қабылдауларында болуы нәтижесінде елімізде көптеген жер-су атаулары қалпына келтірілді. Солардың кейбіреулерін атап өткеніміз жөн болар. Оңтүстік Қазақстанда Қазығұрт ауданының атауы қалпына келтірілді. Фогеловка селосы – Рабат ауылы, Петр Семенович Ванновский (Ванновка) – Тұрар Рысқұлұлы болып 1992 жылы өзгертілді. Корниловка – Жаскешу, Антоновка – Кершетас, Вознесеновка – Тәйтелі (Тастұмсық), Новониколаевка – Ақсу-Жабағылы ауылы, Высокое – Шақпақ баба, Сергеевка – Ынтымақ, Шарапкент – Төрткөл ауылы болып өзгерді.
Ақтөбе облысындағы бұрынғы Октябрьск – Қандыағаш болып, Мәртөк ауданы – Мортық ауданы болып, Шошқакөл тауы – Әлімтау болып, Қостанай облысындағы Комсомол ауданы – Қарабалық ауданы, Семиозер ауданы – Әулиекөл, Ақмола облысында Балқашин ауданы – Сандықтау ауданы, Ульяновск – Бұқар жырау ауданы болып, Алматы облысындағы Андреевка – Қабанбай ауылы, Дзержинский селосы – Тоқжайлау ауылы, Шығыс Қазақстан облысындағы Карагужиха – Қарақожа, Чердояк – Шырықаяқ, Георгиевка – Қалбатау (тарихи аты Былқылдақ), Казнаковка – Құлынжүн ауылы болып өзгертілді. Жалғай берсең бұл тізім ұзын-сонар, бұл мақалада мысал ретінде солардың кейбіреулерін ғана атадық.
Молдияр Серікбаев ұлт зиялылары Тұрар Рысқұлов, Мұхаметжан Тынышбаев, Санжар Асфендияров, Смағұл Сәдуақасов, Төлеген Тәжібаев, Серікбай Бейсенбаев, Ақжан Машанов, Өмірхан Байқоңыров сияқты тұлғалардың еңбектерін зерттеп, олардың есімдерін есте қалдыру мақсатымен ұшан-теңіз жұмыстар тындырған қайраткер. Осы аталған тұлғалардың есімдерін көшелерге, мектептерге, жоғары оқу орындарына беруге тікелей ықпал етіп, мұрындық болды. Мысалы, М.Серікбаев ағамыздың көп ізденуі мен үкімет алдында мәселе қоюы нәтижесінде Жамбыл облысындағы Луговой ауданы Т.Рысқұлов атындағы аудан болып өзгертілді, бірнеше мектеп, көше, жоғары оқу орны (экономика университеті) Т.Рысқұлов есімімен аталатын болды.
1973 жылы Алматы қалалық партия комитетінің екінші хатшысы Ізбасар Балтағұловқа арнайы жолығып, Алматыдан Т.Рысқұловқа көше беруін өтінді. Ол кісі бұл туралы Асанбай Асқаровпен сөйлесіпті. Олар Алматы қаласының картасын алдырып, Третьяков пен Демьян Бедный көшесін (бұрынғы скотопрогонный учаскесін) біріктіріп, Тұрар Рысқұлов атындағы үлкен даңғыл ашты.
Молдияр Серікбаев көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қызметін зерттеуге үлкен үлес қосты.
1921 жылы Түркістан республикасының VI съезінде Мәскеудің қолшоқпары болған Г.И.Сафаров деген біреу Тұрар Рысқұлов «пантюркист», «панисламист», «националист» деп Тұрарға қарадан-қарап қара күйе жағады. Сол атау 1974 жылға дейін Тұрардың соңынан қалмады. Сол жылы Рысқұловтың 80 жылдығына байланысты баяндама жасаған Партия тарихы институтының директоры, академик Серікбай Бейсенбаев Рысқұловтың ешқандай «пантюркист», «панисламист» емес, таза мемлекет қайраткері, нағыз интернационалист болғанын дәлелдеп шығады. Бірақ Мәскеу ол кезде Рысқұлов туралы бұрынғы арам ойынан қайтпаған кез. Содан кейін Молдияр Серікбаев СОКП Орталық Комитетінің хатшысы, Саяси Бюро мүшесі А.Н.Яковлевке Рысқұлов туралы Мәскеудің пиғылы дұрыс емес екенін айтып хат жазады. Бұл хаттың көшірмесін СОКП Орталық Комитеті жанындағы Марксизм-ленинизм институтының директоры, академик Георгий Лукич Смирновқа да жібереді. Көп ұзамай осы институттың ғылыми қызметкері А.А.Нуруллаев деген азамат Молдияр Серікбаевқа Мәскеуден телефон соғып:
«Сіздің Рысқұловыңыздың ешқандай «ұлтшыл-уклонист», «пантюркист», «панисламист» емес екенін дәлелдеп, СОКП Орталық Комитетінің «Известия» журналына (сондай журнал болған) мақала дайындап қойдым. Жақында сол мақала жарық көреді. Қарап жүріңіз» дейді. Аталған журналдың 1990 жылғы №10 санында сол мақала жарияланып, Рысқұлов «ұлтшыл», «түрікшіл», «исламшыл» деген жанама жалалардан біржола арылды. Міне, бұл Молдияр ағаның ерлігі деуге болады.
Қайраткер тұлға қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін биіктетуге белсене атсалысып келеді. Бір сөзбен айтқанда, ұлты үшін туып, халқы үшін қызмет етіп келе жатқан Молдияр ағаның елі мен жеріне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
Мырзахан АХМЕТ,
Абай атындағы
Қазақ ұлттық педагогикалық
университетінің қызметкері
http://anatili.kz/?p=12800